Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа жыл қарсаңында жаңа мектеп ашылды

0 184

Қала аумағындағы іргетасы 1952 жылы қаланған №4 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Юрий Ким

Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев және қала әкімі Айтқазы Қарабалаев қатысты. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын білім мекемелерін жаңарту уақыт күттіретін мәселе емес. Бұған дейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп құрылысын қолға алған мердігерлермен кездескенде, білім ғимараттарын заман талабына сай тұрғызу керектігін де айтқан. Аталмыш мектептің құрылысын «Бірлік Сервис және КО» серіктестігі жүргізген. 180 орындық білім мекемесінің құрылысына 600 миллионнан астам қаражат жұмсалған. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев сөз сөйлеп, мердігер компанияға алғыс айтты.

– Мектептің құрылысы жоба бойынша 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2021 жылдың тамызында аяқталады деп жоспарланған. Бірақ мердігерлердің жауапкершілік танытып, жұмысты жыл соңына дейін аяқтағаны қуантады. Енді білім сапасын арттыруда осы салада аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдерге сенім артамыз, – деді Ержан Жылқыбаев.

Қазақ және өзбек сыныптарына арналған мектептің он бір сыныбында жалпы 150 оқушы білім алады екен. Онда 16 оқу кабинеті, 60 орынды асхана бар. Мәжіліс залы мен спорт залы да қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, білім ордасы заман талабына сай жабдықталған. Мамандардың айтуынша, мектепте бала саны артып, екі ауысыммен жұмыс істейтін болса, 360 балаға дейін қабылдауға болады.

Салтанатты жиында балалардың ата-аналары жергілікті әкімдікке алғыс білдірсе, мектеп ұжымы оқу ғимаратының ауласын абаттандыру жұмыстарын қолға алатынын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.