Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстанның жарқын бастауы

0 703

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы дамудың жаңа кезеңінде бетпе-бет келген сын-қатерлерге берілген нақты жауап болды. Онда қасіретті қаңтар оқиғасы мен әлемдегі қазіргі геосаяси шиеленістерден дұрыс қорытынды шығару және жаңару мен жаңғыру жолындағы батыл қадамдар ашық әрі бүкпесіз көрсетілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда жыл басындағы оқиғаларға нақты құқықтық баға берді және қайғылы оқиғаға қатысы барлардың ешқайсысы жазасыз қалмайтынын да баса айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізді одан әрі демократияландыру бағдары жалғаса беретініне назар аударып, қоғамдық-саяси саладағы ауқымды және жүйелі реформалар топтамасын ұсынды. Бұл жаңа бастамалар еліміздің қазіргі саяси жүйесін түбегейлі қайта жаңғыртып, оның ашықтығын, есептілігін және тиімділігін арттыра түседі.
Негізгі реформалардың бірі басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу екені сөзсіз. Соның аясында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салу ұсынылды. Сондай-ақ ел Президенті өз өкілеттігін атқару кезеңінде ешқандай саяси партияға мүше болмайтыны да айтылды. Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлы жұртшылыққа еліміздің жоғары басшылығы ең алдымен реформаны өзінен бастауға дайын екенін жеткізді. Бұл – барлық қазақстандықтың талап-тілегіне сай келетін және мемлекеттік аппаратқа үлгі болатын маңызды қадам. Сондай-ақ еліміздің сайлау жүйесі және Парламент пен мәслихаттардың құрылымы мен жұмысы да түбегейлі қайта жаңғырады. Енді Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Одан бөлек, саяси партияларды тіркеу процедурасы да айтарлықтай жеңілдейді. Мұның бәрі халық сеніміне ие, елге сыйлы жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады. Сондай-ақ депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігін арттырады.
Әрине, Жолдауда баса айтылған әрі жұрт жылы қабылдаған түйіндердің бірі де – осы сайлау жүйесін жетілдіру мен партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері болғаны сөзсіз. Себебі Жаңа Қазақстан құрудың бастамасы да осы екі түйіннен басталады. Бұл – елдің билік жүйесінде реформа жасаудың негізгі қозғалтқышы. Билік жүйесінде үлкен өзгеріс болмай, сайлау жүйесі жаңармай, халықтың бұрынғы жүйеден қалған көңілін қайта табу мүмкін емес. Елімізде бұған дейін бірнеше рет Парламент, Президент сайлауы өтті. Бірақ соның бәрі қай деңгейде өтті? Халық разы болатындай, жұрттың билікті бар ынтасымен қолдауға негіз болатындай деңгейде өтті ме? Мәселе осында. Осы тұрғыдан алғанда, сайлау жүйесіне өзгеріс енгізу – халық пен биліктің арасын жақындастыратын маңызды түйін. Еліміз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көшті. 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берудің бастамасы болды. Алайда оның да өзіндік кемшіліктері болды. Мәселен, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына болған сеніміне селкеу түсті. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Міне, осы мәселені ескерген Мемлекет басшысы өз Жолдауында пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатынын жеткізді.
Жолдау жүктеген ауқымды міндеттерді сапалы әрі нәтижелі орындау үшін алдағы уақытта кешенді Конституциялық реформаларды іске асыруымыз керек. Оның алғышарты маусым айында өткен республикалық референдумда жасалып та үлгерді. Ең басты мақсат – барлық деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне азаматтарды көбірек жұмылдыру және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Осылайша Президентіміз тың саяси реформалармен ел тарихының жаңа парағын ашып отыр. Алдағы уақытта бұл бастамалар ашық, демократиялы және құқықтық мемлекет – Жаңа Қазақстанның бастауы боларына ешқандай күмән жоқ.

Бірлік Бақбергенов,
саясаттану ғылымының магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.