Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстанның жаңа бағыттары белгіленді

0 775

Қазақ тарихынан бізге жеткен – «Күлтөбеде күнде жиынның» ең ауқымдысы құрылтайлар болғаны мәлім. Кешегі ескі замандарда сондай жиындарда қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» атты қазақтың әдеп-ғұрып, салт-дәстүр, үкім-кесім заңдарының бертінге дейін сақталып келгенінен де хабардармыз.

Қазақ хандарының біразы қасиетті Ұлытауда таққа көтеріліп, Ұлытауды қоныс еткен, құрылтайларының ең әйгілілерін сонда өткізген.
Ұлытау – кешегі көшпелі ата-бабаларымыздың көш жолдары тоғысқан, әйгілі Алтын Орда мемлекетінің іргесі қаланған, қасиетті Жерұйық мекен.
Аталарымыздан қалған: «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген қанатты сөздің өзі ұлардай киелі құс мекен еткен жердің киесін, құдіретін білдіреді. Сондай-ақ киелі Түркістан секілді Ұлытау жерінде де тарихтан белгілі талай мықты тұлғаларымыз мәңгілік мекендерінде дамыл тауып жатыр. Атап айтқанда, осы өлкеде – қазақ хандарының атасы аталып кеткен Жошы хан, ел қамын жеген ер Едігелер жатыр. Осынау тарихи ерекшеліктерді ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысын құру және осы қасиетті мекенде Тұңғыш Ұлттық құрылтай өткізу жөнінде бастама көтергені өте құптарлық.
Атазаңымыз – ел Конституциясына маңызды өзгертулер мен толықтырулар енгізілген кешегі өткізілген жалпыхалықтық референдумнен кейін құтты мекен Ұлытауда шақырылған Ұлттық құрылтай мемлекетіміздің жасампаздығын тереңдетуге, елдігіміз бен халқымыздың бірлігін, қуат-жігерін нығайтуға, тарихи санамызды жаңғыртуға жаңа Қазақстанның алдағы уақыттағы бағыт-бағдарын бекемдеуге жасалған үлкен қадам болды.
Мемлекет басшысы құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін терең түсіндіре келе: «Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз», – деді.
Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілуі керектігін айтқан Президент Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.
– Біріншіден, жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар оның «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс» – деген сөзі де ашықтық пен оң өзгеріске бет бұрғандығымызды әйгілейді.
Екінші маңызды міндет – елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіру екендігін атай келе Президент қазір бұл жаңғырулар біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастағандығын айтты.
Үшінші маңызды міндет ретінде Мемлекет басшысы халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым – Жомарт Тоқаев: «Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен «Qurultay» деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет» – деген тағы бір маңызды ұсыныс жасады.
Мемлекет басшысы Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне де бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды. Мәселен, Тәуелсіздік күні мейрамының мәнін өзгертпестен, ол күн азаттық алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде мемлекеттік мереке болып қала беретіндігін жеткізді. Сондай-ақ, соңғы жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Атап айтқанда, «Қазақстанның егемендігі туралы» декларация қабылданған 1990 жылдың 25 қазаны – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы ретінде Республика күні болып, мерекеленуі керек», – деді.
Мемлекет басшысы Құрылтайда сөйлеген сөзінде, сондай-ақ, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде көп талқыланып жүрген: «Ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?», «Қазақ тілі толыққанды мәртебеге қашан ие болады?» деген сауалдарға қатысты да өз пікірін жеткізіп, «Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді» деп нүктесін қойды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.Құрылтай отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстады. Бұл қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болып, сүйікті ақыны үшін қалың қазақ бірге қуануда.
Мен, осынау киелі Ұлытау жерінде өткен Ұлттық Құрылтай жұмысына, онда Президент тарапынан берілген барлық тапсырмаларға, барша халықты көкейінде жүрген сауалдарған берге ашық жауаптарына дән риза болдым. Келесі жиыннан да күтерім көп.

Әбиірбек Тінәлі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.