Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстан құрудың жарқын үлгісі

0 828

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын бәріміз зор ынтамен тыңдадық.
Құнды құжатта ең алдымен жаңа саяси реформаларды тиімді жүргізу үшін ел тәуелсіздігін сақтау және нығайту қажеттігіне ерекше көңіл бөлінді. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.

Қазір әлемде қандай жағдайлар болып жатқанын көріп отырмыз. Жыл басында ел тұрақтылығына қауіп төндірген қаңтар оқиғасын да бастан өткердік. Сондықтан өткен жағдайлардан сабақ ала отырып, ел іргесін нықтап, мемлекетіміздің қуатын арттыруды мақсат тұтқан Президенттің айналасына топтаса білу ынтымақ, бірлігімізді арттыратыны күмәнсіз.
Президентіміз Жолдауда: «Халыққа қызмет ету – менің президенттік әрі перзенттік парызым», – дей отырып, халқымен қашанда бірге болатынын айтып, бірге атқарылар бірқатар нақты мақсаттарды белгіледі. Атап айтқанда, жаңа саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздері, саяси реформалардың ерекшеліктері мен бағыттары, Президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту, Парламентті күшейту, саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету, сайлау процесін жаңғырту, жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарын нығайту, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау, азаматтық қоғам институттарының және БАҚ-тың рөлін күшейту сияқты қоғамды толғандырып отырған мәселелерге жан-жақты талдау жасап, реформалау бағытындағы маңызды тапсырмаларды нақтылады.
Президенттің ауыл шаруашылығына қатысты қойылған нақты міндеттері де ерекше қанаттандырды. Ол бүгінгі халықаралық тұрақсыздық аясында азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі мәселесінің алға шыққанын мәлімдей отырып, Украинадағы жағдай азық-түлік бағасының күрт көтерілуіне әкелгенін ашық айтып, қиындықты еңсерудің жолдарын көрсетті.
«Баға жақын арада рекорд орнатуы мүмкін. Енді бірінші орынға сапалы түрде егін егу мәселесі шығады. Алайда көптеген фермер, білуімше, егін егуге дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер мұны бақылауға алуы тиіс. Жауын-шашынның төмен деңгейі бірқатар өңірлердің егініне жағымсыз әсер етіп, жем-шөптің азаюына әсер етуі мүмкін. Фермерлік қоғамдастықпен бірге агроөнеркәсіптік кешенге мемлекеттік қолдауды қарастыру керек. Тауарлардың дефициті мен азық-түліктің қымбаттауын болдырмау үшін ауыл шаруашылық тауарларын мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағада сатып алу мәселесін қарастыру қажет», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бүкіл агрокешен саласындағы құрылымдарға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ел Президентінің Мәжіліс пен жергілікті сайланбалы органдарға халықтың қатысуын қамтамасыз ету жолындағы бастамасын да жұртшылық ризашылықпен қабылдады. Осыған дейін тек белгілі бір партия мүшелері өкілді билікке сайланып келсе, енді партияда жоқтар да бұл салаға батыл араласуға мүмкіндік алмақ. Бұл ел арасындағы абыройлы, белсенді, білікті азаматтарға жол ашып, жергілікті мәслихаттардың қызметтік сапасын күшейтері анық. Сондай-ақ халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, Президент пен әкімдердің партия ұйымдарын басқарудан бас тартып, таза экономикалық-әлеуметтік мәселелермен айналысуға күш салу қажеттігін атап көрсеткені уақыт талабына сай келіп тұр.
Жолдаудағы: «Мықты мәслихат өзекті мәселелердің шешімін табуда және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Және мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын», – деген жолдар да халықтың билікке сенімділігін арттырды.
Биліктің өкілді тармағын қайта пішімдеуге арналған бұл ұсыныстар тәуелсіз Қазақстанның болашағын жандандырудың бастапқы қадамдары деп санауға болады.
Мемлекет басшысының жаңа облыстар құру туралы тың ұсынысы да өте құптарлық. Семей аймағында Абай облысын, Жезқазған аймағында Ұлытау облысын және Алматы облысын екіге бөліп, жаңадан Жетісу облысын құру туралы шешімі, бір жағынан, ауыл шаруашылығын өркендетуге тың серпін берсе, екінші жағынан, сондағы халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуіне сеп болмақ.
Қорыта айтқанда, маңызды құжатта көтерілген осы мәселелердің барлығы да еліміздің экономикасы мен әл-ауқатын жоғарылатуға, өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік, рухани салаларды, білім мен ғылымды өркендетуге жаңаша қарқын қосатынына сенімім мол.

Мөлдір Жеңісбекқызы,
№46 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.