Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір

0 870

Махаббат жасқа да, түрге де, тілге де, дінге де қарамайды. Шын сүйген жандар тағдырдың түрлі тосын сыйын арқалап жүріп те, сүюін тоқтатпаған. Сондықтан шынайы махаббаттың соққан қамалы берік, шаңырағы биік, босағасы берік болады.

Орыс қызы Любовь пен қазақ баласы Әмір бір-бірін бір көргеннен құлай сүйді. Махаббат сезімі тұтанған сәттен сезімге шынайы берілген екі жастың қосылуына қарсылық білдіргендер де жоқ емес болатын. Небір қаңқу сөздер мен қиындықтарға қарсы тұрады. Алайда үлкендердің айтқаны заң. Әмір Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанып кетеді. Ал сүйген қызы күдерін үзсе керек, ұмытуға бекініп, Ресейге бет түзейді. Екі жылдан соң елге оралған жігіттің жүрегін сағыныш кернеп, бірден сүйіктісін сұрастырып, іздей бастайды. Оның жырақтап кеткенін түсінген сәт онсыз өмір сүре алмайтынын да ұғады. Сөйтіп, тағдыр жолында кездескен қиындықтардың біріне де қарамастан, Ресейдің Смоленск қаласына аяқасты аттанып кетеді. Осы тұста ақын Қадір Мырза Әлінің:
Байқамайды екенбіз,
Бақыт деген – екеуміз.
Аяқ екеу, қол да екеу,
Көз-жанарың, ол да екеу.
Екеу қас та, құлақ та,
Жүрек жалғыз бірақ та.
Сондықтан да сол жүрек,
Елегізіп, елжіреп,
Естісем деп лебізін,
Іздейді екен егізін! – деген өлең жолдары еріксіз есіңе оралады. Ғашығын соңынан іздеп тапқан Әмір өз Отанына екеу болып оралады. Ғашықтық дертіне шалдыққан олардың сол сәт жүрегі сүйіспеншілікке, болашаққа деген сенімге, сезімге толы еді.
Сезім жеңді! Әмір орыс қызын өз шаңырағына келін етіп түсірді. Табалдырықты аттап, шымылдыққа енген күннен Любовь сәлем салып, жаулық тағып, сүйген жарына алты перзент сыйлап, қазақтың келініне тән барлық асыл қасиеттерді орындайды. Бүгінде жетпістен асқан Люба жеңгей қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ғана емес, тілін де меңгеріп алған.
Любовь пен Әмірдің үлкен ұлы Қуаныш пен келіні Алтынайдың да махаббаты көпке үлгі. Алтынайдың әкесі қазақ болғанымен, нағашы атасы өзбек, ал әжесі татар ұлтының қызы.
– Әкем анамды бір көргенде-ақ ұнатып қалып, атпен алып қашып қосылған екен. Ал Қуаныш екеуміз келісіп, бір-бірімізді ұнатып қосылдық. Біз танысқанда, мен әпкемнің үйінде тұратынмын. Бір құрдасым мені көрген сайын: «Тұрмысқа шықпайсың ба? Бір жігітпен таныстырайын сені», – деп жиі айтып жүретін. Бір күні аула сыпырып жүрсем, әлгі құрдасым көлік айдап кетіп бара жатқан жігітті нұсқап: «Міне, осы жігітпен сені таныстырайын деп жүр едім», – деп сыртынан көрсетті. Мен шошып: «Орыс жігіт екен ғой», – дедім. «Жоқ, бұл қазақтың Қуаныш деген жігіті, жақсы бала», – деп сыртынан мақтай жөнелді. Кейін сөйлесіп кеттік. Алайда қарым-қатынасымыз достық, сыйластықтан арыға барған емес. Мен ауруханада медбике болып қызмет атқаратынымды білген Қуаныш бір күні іздеп келіп: «Менің мазам болмай жүр. Система салып берші», – деп өтініш білдірді. Мен оған «Гемодез» деген дәріні алдырып, сала бастадым. Алайда дәріні салған сайын Қуаныштың тамағы қыса берді. Бұл көрініс екі-үш рет қайталанған соң, мен оны ертіп дәрігерге бардым. Сонда дәрігер: «Аллергиялық реакция болған екен. Дер кезінде дәрігерге жүгіндің», – деп қайтадан басқа дәрі-дәрмек жазып берді. Тағы да ем-дом жасап болған соң, ол үйіне кетіп қалды, – деп таныстықтарын еске алды Алтынай.
Жігіт үйіне қайтқан сәттен Алтынай уайымдай бастайды. Бұл мейірімді қыздың ауырып қалған жігітке деген шын қамқорлығы ма, әлде ұнатып қалғандығы ма, әйтеуір тұла бойын бір сезім билеп, інісіне қоңырау соқтырып, Қуаныштың үйіне аман-есен жеткенін біліп алады. Сол сәт Қуаныштың да жүрегі орнында емес еді. Ол да күлімкөз медбике қыз жайлы көп ойланды. Ақыры қызға сөз айтуға бекініп, ертесі қаланы аралап, қыдырып қайтуға ұсыныс білдіреді. Сөйтіп, небәрі екі апта ғана сөйлесіп, олар отау құрып, отбасы деген шағын мемлекеттің түтінін түтетеді.
Адамның сырт пішіні бөлек болғанымен, жан дүниесі ұқсас. Сондықтан махаббат адамды ұлтқа, ұлысқа да бөлмейді. Тілі мен ділі, діні мен ұстанымына, қаңқу сөз бен қарама-қайшылыққа қарамастан, сүйген жүректер бірге болуға қашанда ынтық, ынтызар. Бақытты болыңдар, адамдар!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.