Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүзден жүйрік журналистер

0 11

Дәстүр жалғасуда

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада биыл да өз жалғасын тапты.

Жарысқа жеті команда спорттың бес түрінен бақ сынады. Соның ішінде «Jambyl TV», «77», «Taraz 24» телеарналары, қалалық «Jambyl-Taraz», облыстық «Aq jol» және «Znamya truda» газеттерінің бірлескен құрамасы, «Arai» жастар газеті, «Jambyl» радиосы командасы және «Taraz-press» құрамалары қатысты. Барлық спорт түріне сақадай сайланып келген тек БАҚ тілшілері ғана емес, сонымен бірге редакторлар, жүргізушілер, операторлар, дизайнерлер, корректорлар да бар.
Жарыстың алғашқы туры орталық стадионда эстафетадан басталып, «77» телеарнасы қатарластарын қалдыра жүгіріп, 1-орынға жетсе, «Taraz-press» командасы 2-орынды, «Тараз 24» құрамасы 3-орынды иеленді. Ал жігіт сұлтандарының күшін сынайтын қол күресінен қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің фототілшісі, әріптесіміз Сәкен Абжапаров алдына жан салмай, өзінің нағыз қара күш иесі екенін дәлелдеді. 2-орынды «Taraz-press» командасынан Серік Тәжібаев, 3-орынды «Ғасыр» командасынан Мақсат Омаров иеленді. Бұл жарыс түрі әйелдер арасында да болып, «Taraz-press» өкілі Назима Жұбандықова өз күшінің арқасында 1-орынға жайғасса, «Jambyl» телеарнасынан Гүлмира Садықова 2-орынды, «Тараз 24» командасының өкілі Гүлсім Дәулеш 3-орынды місе тұтты.
– Біздің команда спорттың барлық бес түріне қатысты. Команда мүшелері белсенділік танытып, бір-біріне қолдау көрсетті. Менің бүгінгі қарсыластарым оңай болған жоқ. Барлығының да тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Ал бұл жеңіс – жалғыз менің ғана емес, командамыздың жеңісі. Мені қолдаған барлық БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын, – деді қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің фототілшісі Сәкен Абжапаров.

Әйелдер арасындағы үстел теннисінен «Тараз 24» құрамасының өкілі Клара Хасанова чемпион атанса, «Jambyl» радиосының қызметкері Мархабат Көпбосынова екінші, «Jambyl» телеарнасынан Эльвира Амзеева үшінші орыннан көрінді. Ерлер арасында Тараздың баспасөз командасының өкілі Диас Шаухаров үздік деп танылып, екінші орында «Тараз 24» командасынан Болыс Ақарыс, үшінші орында «Jambyl» телеарнасынан Абылайхан Берден болды.
Сондай-ақ дойбы ойынында республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының штаттан тыс тілшісі Берік Пшанов жеке қатысушы ретінде қатысып, ерлер арасында жеңіске жетті. 2-орынды «Taraz-press» командасының өкілі Нұржан Туғанбаев, 3-орынды «Ғасыр» командасынан Асхат Райқұлов алды. Ал қыздар арасында «Taraz-press» командасынан Ақбота Батырбекова 1-орынды, «Тараз 24»-тен Ұлдана Жұбай 2-орынды, ал «Ғасыр» командасынан Оразкүл Абдикеримова 3-орынды иеленді.

Журналистер арасындағы бұл жарыстың естен кетпес қызықтары да көп болды. Соның ішінде футбол ойынында «Jambyl TV» командасы финалда «Taraz-press» командасымен тартысты ойын үлгісін көрсетті. Десе де, «Jambyl TV» құрамасына қарсылас команда жол берді. Сондай-ақ 3-орынға талас тартысты өтті.
«Тараз 24» пен «77 TV» құрамалары екі ойында тең түсіп, ойын пенальтимен жалғасты. Қақпаға соққан голдарды «77 TV» жігіттері тоса алмай, жеңісті қолдан берді.

Жалпы жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте 1-орын «Taraz-press» құрамасына бұйырды. Ал жүлделі 2-орынды «Тараз 24» құрамасы алса, 3-орынды «Jambyl» телеарнасының командасы иеленді.

Жарыстың салтанатты марапаты «Олимпик» спорт кешенінде өтті. Онда БАҚ өкілдерін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жаманкөзов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Жүнісбеков және облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Самат Сүлей құттықтап, марапат төрінен көрінген жеңімпаздарға медальдер мен грамоталарды табыстады. Ал жеңіс төрінен көрінген командаларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тау самалы» демалыс орталығында марапаттап, 1-орынға – 300 мың, 2-орынға – 200 мың, 3-орынға 100 мың теңге сыйлық берді.

Бильярд бәйгесі

БАҚ өкілдерінің мереке күніне орай Мұса Рахманбердиевті еске алуға арналған дәстүрлі турнир Тараздағы «Империя» бильярд клубында Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, облыстық «Jambуl» телеарнасының қолдауымен он алтыншы рет өткізілді.
Турнирге отыздан астам үміткер қатысты. Шараның салтанатты ашылуында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталған іс-шарада ардагер журналист Бекет Момынқұл, Амангелді Нүрпейісов пен Қалыбек Атжан сынды қарымды қаламгерлер марқұм М.Рахманбердиев жайлы естеліктерімен бөлісті.

Ары қарай журналистер арасындағы ойын қызықты да тартысты өтіп, жартылай финалда облыстық «Aq jol» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаев өзінің іні-әріптесі Ерғали Қартайғанға жол беріп, ағалық танытты. Ал облыстық «Jambуl» телеарнасының операторы Серік Тәжібай аталған телеарна қызметкері Бауыржан Әбдіманапты ұтып, финалға шықты. Финалда Серік Тәжібаев Ерғалиді жеңіп, жеңімпаз атанды. Сөйтіп, көздеген тасын түсірген көзмергендердің сайысының үшінші жүлдесі Табиғат Абаилдаевқа бұйырды.

Турнир нәтижесіне сәйкес «Еуразия» телеарнасының меншікті тілшісі Нұржан Мергенбай мен «Jambуl» телеарнасының қызметкері Бауыржан Әбдіманап және ҚР Журналистер одағының мүшесі Құрманғазы Демеш арнайы жүлдеге ие болды. Ал республикалық «Жас Алаш» газеті тағайындаған жүлделерге Бекет Момынқұл мен Бақытжан Советұлы және Асқарбек Сейілхан ие болып, жүлдені «Жас Алаш» газетінің облысымыздағы тілшісі Нұрболат Әлдибек табыс етті.
Жарысты қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен «Aulieata-Media» ЖШС-нің бас директоры Нұрбек Бекен қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және бағалы сыйлықтар табыс етті.

Мешітте де мереке

Журналистердің төл мерекесіне орай орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен облыстың БАҚ өкілдері, мешіт имамдары және облыс әкімдігі дін істері басқармасының қызметкерлері арасында алғаш рет спорттық ойындардан жарыс өтті.
Қасиетті Құранды парақтап, адами ізгілік жолын іздеп жүрген имамдар, қаламын қадір тұтып, ақиқаттың ақ жолында келе жатқан журналистер футбол майданында да әдемі, әдепті сыйластықтарынан жазбады. Бұл – жарыс. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Алайда арадағы сыйластық пен бауырмалдық сезімді жоғалтпауды мақсат тұтқан азаматтар ойын алаңында да ереже бұзбай, берекенің, өсетін елдің тамаша бір үлгісін көрсете білді.
– Бүгін БАҚ өкілдерінің төл мерекесі. Соның аясында біздің мешіт өздеріне жақында ғана пайдалануға берілген ойын алаңында бүгінгі айтулы мерекені атап өтіп жатыр. Бұл жарыстың мақсаты – журналистер мен дін өкілдері арасындағы байланысты нығайту. Ел үшін еңбек етіп жатқан әрбір азаматқа сәттілік тілеймін, – деді бас имам Бейбіт Әліпбекұлы.
Жарысқа жалпы алты команда қатысып, барлық команда бір-бірімен алаңда кездесті. Бірінші болып майданға «77» телеарнасының саңлақтарына қарсылас болып «Taraz-press» командасы шығып, нәтижесінде 5:1 есебімен «Taraz-press» командасы 1-орын алды. Ал «77 TV» командасы 2-ші орын иеленді. 3-ші орынға «Taraz 24» телеарнасының командасы мен қала имамдары таласып, жеңіс қала имамдарына бұйырды.
– Журналистер күніне орай біз олардың ел үшін істеп жатқан еңбектерін елей отырып, кішігірім жарыс ұйымдастырып жатырмыз. Ер жігіттер футбол ойнаса, қыздар арасында үстел теннисі ұйымдастырылды. Барлық БАҚ өкілдерін мерекесімен құттықтаймын, – деді орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы, облыстық әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлжан Серікқызы.
Жігіттер арасында футбол жарысы болса, қыздар арасында үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылып, 1-ші орын «Taraz 24» телеарнасының журналисі Клара Хасановаға бұйырды. 2-ші орын облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің журналисі Ақерке Бекқұловаға табысталды. 3-ші орынды жарыс алаңында жақсы өнер көрсеткен «77» телеарнасының тілшісі Сара Шоқанқызы жеңіп алды. Жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Бетті дайындаған Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.