Қаладағы лифт шаруашылығы – көпқабатты үйлердің тұрғындарына да, жергілікті атқарушы мекемеге де үнемі қиындық туғызатын жауапты саланың бірі. Айталық, бүгінде Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерде 58 жеделсаты орналасқан. Олардың 29-ы қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгерімінде.
Алайда қазіргі таңда 28 лифтінің тозығы жеткен. Себебі, аталған бөлім теңгеріміндегі Беларусь елінің «МогилевЛифтМаш» зауытынан шыққан жеделсатылар өндірістен алынып тасталған ескі үлгілерге жатады. 2009-2010 жылдар аралығында қолданысқа берілген лифтілердің жалпы қызмет ету мерзімі 25 жылдан асып, оларды жаңалау қажеттілігі туындап отыр.
Осыған байланысты 2023 жылы мердігер «Тараз Лифт Сервис» ЖШС арқылы Қазыбек би көшесі, №141, Абай даңғылы, №159 «А», «Жансая» (11) шағынауданы, №1, «Алатау» (8) шағынауданы, №1, 1 «А» тұрғын үйлеріндегі жеделсатылар жаңа кейіпке енді. Сондай-ақ 2024 жылы мердігерлер – «ТаразЛифтСервис», «Lift Pro-Servise» ЖШС тарапынан Төле би даңғылы, №95-1, №95-2, №98, «Жансая» (11) шағынауданы №2, №3, Желтоқсан көшесі, №82 үйлерде жеделсатыларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қазіргі таңда жалпы саны 12 лифт толығымен жаңартылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, қалған 16 жеделсатыны жаңғырту мақсатында конкурс жарияланған. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған «КазЛифт» ЖШС-мен тиісті келісімшарттар әзірленіп, қазіргі таңда жеделсатыларды жаңарту жұмыстары жүруде.
Құрмаш Қаптағай