Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жәрмеңкеге бардыңыз ба, арзан тауар алдыңыз ба?

0 230

Қаладағы коммуналдық базар мен «Grand passage» сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдері арзан бағада ұсынылды. Жәрмеңкеге жалпы көлемі 92,9 тонна өнім жеткізілді.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жәрмеңкеге өнімдердің сапасы мен бағасын бақылауға облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев барды. Қараша айынан бастап аталған базарда жәрмеңке бірнеше рет ұйымдастырылған-тын. Оның барлығында санитарлық нормалардың қатаң сақталуы қадағаланды. Әр аудан мен қаланың тауар өндірушілеріне жауапты маман бекітілген. Осы аптада сауда нүктелеріне Жамбыл, Талас, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандары мен қаланың және тұрақтандыру қорының тауарлары жеткізілді. Онда күннің суығына қарамастан, тұрғындар көп жиылды.

– Бүгін қала аумағында қоғамдық көліктер қатынамайды. Бірақ біз соған қарамастан, жәрмеңкеге келгенді дұрыс санадық. Себебі мұндағы тауарлардың сапасы жақсы, барлығы дерлік табиғи өнімдер. Қай сөреге барсақ та, тауарлардың бағасы бірдей екен. Соған қарағанда сатушыларға тауарларды тиісті бағадан асырмау керектігі айтылған сияқты. Бұл жәрмеңке біз үшін алдағы қыс айларына қамдануға сеп болды, – дейді қала тұрғыны Әйгерім Баянбекова.

Әрине, қысқа әзірленетін уақытта бұл мүмкіндіктен кімнің де болса, құр қалғысы келмейді. Себебі өнімдер нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынылды. Атап айтқанда, картоп – 90, пияз – 60, сәбіз – 90, қырыққабат – 80, қызылша – 130, қант – 190, макарон өнімі 200 теңгеден саудаланды. Осы ретте аудандардан жеткізілген ет пен сүт өнімдері де тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағада саудаланғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ жәрмеңкеде «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысушы жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін ұсынды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.