Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жөні бөлек жәрмеңке

0 23

Наурыз мерекесіне орай «Grand bazar» сауда кешенінің алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ Суретті түсірген Кирилл БЕРДЕЦКИЙ

Көктем мезгіліндегі алғашқы жәрмеңкенің орны бөлек. Содан болар, табиғи өнімдерді қолжетімді бағада алуға асыққан жұртшылық көп болды. Базар әкімшілігі карантин талаптарының сақталуын қатаң қадағалады. Сөрелерге қала және аудандардан жеткізілген жеміс-жидектер, ет, балық, қант, ұн, күріш, сүт өнімдерінен бөлек, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлығы шығарылды.

– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жәрмеңкеге келгендерге түрлі дәм ұсындық. Наурыз көже, күріш пісіріп, ұлттық тағамдар дайындадық. Көктем мезгілінің алғашқы жәрмеңкесінде халықтың көңілін көтеруді алдын ала ойластырғанбыз. Бастысы, бұл күнді қала тұрғындары қуанышпен өткізсе деп тілейміз, – деді сауда орталығының коммерциялық директоры Болат Сеитов.

Сонымен қатар базар басшылығы мереке қарсаңында халықтың көңілін көтеретін іс-шаралар ұйымдастыратынын айтты.

– Бүгін базарда жәрмеңке өтетінін білмедім. Үйден немерелерімді ертіп шыққан едім, олардың да көңілі көтеріліп қалды. Карантин кезінде тұрғындарға барынша қолдау көрсеткен кәсіпкерлердің бұл қадамына дән ризамыз. Бүгін де соның куәсі болып отырмыз. Әрі мерекелік дастарқанға арзан бағадағы азық-түлік тауарларын алдық, – дейді қала тұрғыны Гүлнар Қылышева.

Айта кетейік, бұл күні қала аумағында жалпы 17 киіз үй тігіліп, мерекелік дастарқан жайылды. Карантин талаптарына сәйкес, киіз үйлер қаланың бірнеше нүктелеріне орнатылып, әлеуметтік арақашықтық сақталды. Сондай-ақ бұл күні санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайтын мониторингтік топ жұмыс істеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.