Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмысшылардың құқығын қорғау – басты назарда

0 1  480

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров ақпан-наурыз айларына арналған жоспарының аясында «Жамбыл Су» мекемесінің ұжымымен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматов, облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың басшылары, құқық қорғау және бақылау органдарының өкілдері қатысты.

Жиында әуелі мекеменің жұмысы жайлы ақпарат берілді. Бұдан кейін Нұрғалым Мәжитұлы кездесудің Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отырғанын, оның мақсаты мекеме ұжымындағы мәселелерді қарастыру және проблемаларды жүйелі шешу екенін баса айтты.
– Бұл бағыттағы кездесулер өткен жылдың сәуір айында «Сенім маршруты» атты заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында басталған. Нәтижесінде облысымыздың елді мекендерін аралап, тұрғындармен, түрлі мекемелердің жұмысшыларымен жүздесіп, бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды.
Қазақстан Республикасы Консти-туциясының 24-бабына сәйкес, әр қызметкер еңбек қауіпсіздігінің сақталуына және еңбегі үшін сыйақы алуына құқығы бар. Прокурорлық бақылаудың осы бағытында прокуратура органдары бірқатар жұмыс атқарды. Атап айтқанда, 2021-2022 жылдар аралығында азаматтардың 78 мың еңбек құқығы қорғалды. 9 мыңнан астам қызметкерге қатысты 570 миллион теңгеден астам сомада жалақы бойынша мерзімі өткен берешекті төлеу қамтамасыз етілді. 4,5 мың қызметкердің мүддесін қорғайтын 4 ұжымдық еңбек шарты заңға сәйкестендірілді.
Прокуратура органдарының бастамасымен уәкілетті органдармен бірлесіп ірі кәсіпорындардың жұмысына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы төлемеу, қорғау құралдарымен және тамақтанумен тиісінше қамтамасыз етпеу секілді кемшіліктер анықталды. Сондай-ақ жұмыс берушілердің қызметкерлерді оқыту, міндетті нұсқау беру, медициналық тексеру бойынша шараларды жеткіліксіз атқарып отырғаны белгілі болды. Өртке қарсы, өнеркәсіптік және сантитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 100-ден астам бұзушылық табылды. Аталған деректер бойынша жұмыс берушілер әртүрлі жауапкершіліктерге тартылып, 5 миллион теңгеден астам сома айыппұл салынды, – деген облыс прокуроры облыс орталығындағы ірі мекемелердің қатарына жататын «Жамбыл Судың» қызметкерлерін көкейдегі сауалдарын жолдап, еркін пікір алмасуға шақырды.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев мұндай жиындардың маңыздылығын және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде өтіп отыратынын жеткізді. Сондай-ақ кәсіпорындардың қызметкерлерімен жүргізіліп келе жатқан жұмыстардың бағыттарына да кеңінен тоқталды.
– Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы 2022 жылы 147 тексеру, 18 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 223 бұзушылық анықталды. Оның ішінде 158-і еңбек қатынастарына, 63-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, 2-і халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Сонымен қатар 1 770 жұмыс берушіде бейресми жұмыспен қамтылған 7 316 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды. Әрекет етіп тұрған 1 588 мемлекеттік және жеке сектордағы 10 058 ұйымда бас-аяғы 10 829 ұжымдық шарт жасалды, – деген Еркін Құлымбайұлы жұмыскерлердің құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар ары қарай да жүйелі жалғасын табатынын айтты.
Кездесу соңында құзырлы мекемелердің өкілдері «Жамбыл Су» жұмысшыларын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.