Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзгеріс және өркендеу

0 27

Өткен жылы облыс экономикасының барлық салаларында тұрақтылық сақталып, бірқатар көрсеткіштер бойынша оң өзгеріс қалыптасты. Басты көрсеткіш – экономиканың өсіміне қатысты қысқа мерзімді индикатор 104,6 пайызды құрады. Осының өзі атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетсе керек. Ал алдағы жоспарлы жұмыс Президент Жолдауында нақтыланғандай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға бағытталмақшы. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында берген есебінде осыны баса айтты. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен есеп беру жиынына Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, Премьер-Министр кеңсесінің бас инспекторы Олжас Мәдиев қатысты.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ
Суреттерді түсірген Ю.Ким

Есеп беру жиынында Асқар Исабекұлы экономикалық тұрақтылықтың сақталуына әсер еткен негізгі көрсеткіштерге егжей-тегжейлі тоқталып жатпады. Негізінен әкімдік жұмысының тиімділігін арттыруға қатысты қабылданған шараларды сөз етіп, бұл қадам түрлі саланы әрі қарай дамытуға ықпал еткенін атап өтті. Өндіріс көлемі өсіп, өңдеу өнеркәсібі өрлеп, негізгі капиталға салынған инвестиция артқанын тілге тиек етті. Бір жылдың ішінде 40,3 миллиард теңгеге 15 инвестициялық жобаның іске қосылуы – осы сөзіміздің айғағы.


– Кәсіпорындардың мәселелерін шешу үшін облыстағы барлық 439 қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға барып, әр кәсіпорынның паспорты жасақталды. Соның қорытындысына қарай арнайы Карта әзірленіп, тиісті министрліктерге, қаржы институттарына арнайы баяндалды. Нәтижесінде Картаға енген 27 кәсіпорынға қаржылай емес және 4 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілді. Әрине, әлі де қаржыға, қолдауға мұқтаж кәсіпорындар бар.
Елбасы тапсырмасына сай вице-премьер Е.Досаев өңірлерді аралап, осындай тізбе қалыптастыру керектігін ескертіп, жиындар өткізуде. Өздеріңіз байқап отырғандай, бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде басталып кеткен.


Облыста инвесторларға тиімді қызмет көрсету үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін арнайы орталық ашып, жұмыс тәртібін бекіттік. Қазір 2025 жылға дейін құны 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 170 жоба іріктеліп отыр.


Былтыр шағын және орта кәсіпкерлердің саны 8 пайызға көбейіп, 63 мыңнан асты (118,1 мың адам). Өндірген өнім 321 миллиард теңгені құрап, 5,6 пайызға өсті, – дей келе Асқар Мырзахметов өңіріміз ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада алғашқы үштікке енгенін атап көрсетті.
– Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ жүктемелері төмен. Оның бірден-бір себебі – шикізатпен тиімді қамтамасыз етілмей отырғандығы. Сондықтан Картаға сәйкес, 1,5 мың қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, 55 кооператив құрдық.12 мың тонна өнім өндірілді. Нәтижесінде кәсіпорындардың жүктемесі 10 пайызға көтерілді. Ендігі жоспар – барлық ауылдық округтерде осындай кооперативтер құру.
Жалпы былтыр салаға қатысты көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемін 16 миллиард теңгеден 20 миллиард теңгеге жеткіздік. Нәтижесінде олардың саны 1300 тауар өндірушіге көбейді, – деді облыс әкімі.


Жамбыл жері «Жасыл экономиканы» дамыту жағынан республика бойынша көш бастап тұрғаны баршаға мәлім. Энергетика саласында былтыр өңіріміз өндірілген баламалы энергия қуатын жоспардағы 14 пайыздан асырып, 16-ға жеткізген.


– Облыстағы 377 елді мекеннің 48 пайызы газдандырылған (181). Көрсеткішті көтеру үшін өткен жылы құны 43 миллиард теңге құрайтын 84 елді мекенді газдандырудың жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Биыл 81 ауылға магистральды газ құбырын тарту үшін 6,1 миллиард теңге бөлінді. Нақтылау кезінде қалып отырған 3 елді мекен де енгізілетін болады.


Жалпы бұл жұмыс 3 жылға жоспарланған. Көздеген межеге қол жеткізсек, елді мекендерді газдандыру 48-ден 70 пайызға жететін болады.
Облыста білім саласында былтыр 66 мектепке дейінгі ұйым ашылып, пайдалануға берілген. Оның басым көпшілігі – жекеменшікке тиесілі. Бұл көрсеткіш өз кезегінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейін 98 пайызға жеткізіп отыр. Биылғы меже – 100 пайыз.


– Өткен оқу жылында ҰБТ-ның қорытындысы 89,4 балл болды. 2017 жылдан 11,5 балға жоғары. Ұлттық тест енгізілген 2004 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш – осы. Облыс оқушылары республикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда 7 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанды. Бұл да үлкен жетістік.
Өткен жылы үш ауысымды – 3, апатты – 3 және оқушы орны тапшы – 3, жалпы 9 мектептің мәселесі шешілді. Биыл қалған 1 үш ауысымды, 1 апатты жағдайдағы және оқушы орны тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешілетін болады. Жалпы әлеуметтік нысандар құрылысының 3 жылға арналған Жол картасына 48 білім беру нысанының құрылысы енгізіліп отыр. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.


Тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге әсер ететін саланың бірі – медицина. Дәрігер көмегіне жүгінудің әрі бастапқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың арқасында былтыр денсаулық сақтау саласында өлім-жітім көрсеткіштері республикалық орташа деңгейден төмендеген. Оның ішінде нәресте, ана өлімі де азайып отыр.


Спорт саласында да спорт нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша аудан әкімдері мен тиісті сала басшысы арасында нақты индикаторлар белгіленген болатын. Соған қарай облыста спорт нысандарын салу Картасы әзірленді. Нормативті ескере келе, 3 жылға 81 спорт нысанын соғу жоспарланды.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елімізде жүргізіліп жатқан барлық реформалар мен рухани жаңғыру бағдарламаларының нәтижелі болуы – өскелең ұрпақтың алымдылығына тәуелді. Олар мемлекеттегі жүзеге асырылып жатқан шараларға немқұрайлы қарамай, әр істің басы-қасында болу үшін белсенділік танытуы тиіс.


Жалпы жастар белсенділігін арттыру үшін өңірде көптеген бастамалар көтерілуде.
– Былтыр жастар саясатында 16,6 мың жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. «Zhas Projeсt» жобасы аясында 206 жоба іске асырылуда. Жоба аясында 762 жас жұмыспен қамтылса, оның 33-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жұмыссыз немесе нәтижесіз жұмыспен қамтылған, оқымайтын NEET санатындағы жастардың базасы жасақталды (11 мыңнан астам).


Биыл Жастар жылындағы бірден-бір атқарылатын жұмыс – жастардың арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу болмақ. Келесі бір маңызды мәселе – еріктілер (волонтерлық) қозғалысына тың серпін беріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге пайдалану. Бұл қозғалысты, облыста жүйе ретінде қалыптастыру үшін, өткен жылдың аяғында «Қамқор» жобасы қолға алынды. Оған 1 мыңға жуық еріктілер тартылды. Тараз қаласында 3 арнайы әлеуметтік заттар жинайтын орын ашылды. Бүгіннің өзінде 574 тұрмысы төмен отбасыға 3,2 миллион теңгеге азық-түлік, киімдер таратылды. Ендігі жерде бұл жұмыстың ауқымы кеңейтіліп, аудандар да қамтылғалы отыр, – деді облыс әкімі.


Өткен жылы жүйелі жұмыс жемісін берген салалардың бірі – құқық қорғау органдары. Былтыр тіркелген қылмыстар саны 22 пайызға төмендеуі – соның айғағы. Полиция қызметкерлеріне 900 миллион теңге материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалды, 71 автокөлік сатып алынды.
Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерге сәйкес, 1 қаңтардан бастап, 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын бюджеттік ұйымдардағы 39 626 қызметкердің және жеке кәсіпорындардағы 21 мың жұмыскердің жалақысы көтеріліп отыр. Сонымен қатар 1892 кәсіпорында 46 693 адамның жалақысы орта есеппен 20 пайызға өсті.


– Халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы есепті жылдың 3-тоқсанында 62220 теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,4-тен нақты 4,6 пайызға өсті. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 40 мың адам қамтылып, 21500 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға облыстық бюджеттен 919 миллион теңге қаржы бөлінді. 2017 жылмен салыстырғанда 64 пайызға артқан. (2017 жылы – 589,1 миллион теңге).


Қазір қоғамда көтеріліп отырған көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек бойынша мынадай шаралар қолға алынуда. Өңірде 44100 көп балалы және 14852 аз қамтамасыз етілген отбасы бар. 2019 жылы бекітілген бюджетте тек осы санаттағыларға 30,6 миллиард теңге қарастырылған.


Оның 19,7 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Негізгілерін атап айтсақ, 1 жасқа дейінгі 24 985 баланың күтіміне 7,3 миллиард теңге жәрдемақыға, 4 және одан көп балалы 24 068 отбасына – 3 миллиард теңге, «Алтын алқа» және «Күміс алқалы» 20 032 анаға – 3,9 миллиард теңге, бала тууына байланысты 26 923 балаға бір жолғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға – 2,8 миллиард теңге, 14 852 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға – 2,7 миллиард теңге бөлініп отыр.


Жергілікті бюджеттен қарастырылып отырған 8,4 миллиард теңгенің 1,5 миллиард теңгесі мектептегі 26 049 оқушының ыстық тамағына, 285 миллион теңгесі 21 406 баланың киіміне, 314 миллион теңгесі 22991 жеткіншекті жазғы сауықтыру лагерінде демалтуға, 2,1 миллиард теңгесі колледждердегі 6281 жасөспірімді мемлекет есебінен тегін оқытуға, 1,8 миллиард теңгесі олардың стипендиясы және тамақтануына жұмсалмақ. Осы орайда 6281 бала мемлекеттік тапсырыс есебінен оқытылып жатқан жасөспірімдердің 50 пайызын құрайтынын айта кеткен жөн, – дей келе Асқар Исабекұлы көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына арналған мектеп-интернаттағы жеткіншектерді қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға көрсетілетін көмекті ұлғайту үшін бекітілген бюджетті қайта қарап, қосымша 2,5 миллиард теңге бөлініп отырғанын атап өтті.


Бұл қаржы бірінші кезекте мектептегі балалардың ыстық тамағына, киім-кешекке және кеңсе тауарларын сатып алуға, аз қамтамасыз етілген отбасылардың коммуналдық төлемдерін жеңілдетуге жұмсалмақ. Бұған қоса, денсаулық сақтау саласында «Ана мен бала орталығына» көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 350 ана мен баланы тегін сауықтыру мен емдеу жоспарланып отыр.


Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың 70 пайызы ауылда тұратынын ескеріп, мүмкіншілігі бар тауар өндірушілерден, шаруашылықтардан, жоғарыда айтылған, өткен жылдың аяғында құрылған отбасылық «Қамқор» жобасы арқылы мал әперу де көзделуде. Ең бастысы – Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында тұрғын үй кезегінде тұрған 340 отбасыны тұрғын үй кезегі жеткенге дейін отбасылық 3 жатақханамен қамту жолы қарастырылуда. Ал Таразда 7 жатақхана пайдалануға берілмекші. Оның 3-еуі биыл шешіледі.


– Көтеріліп отырған сұрақтар Үкімет тарапынан да жан-жақты қаралуда. Атқарылатын жұмыстардың бәрі республика деңгейінде «Бақытты отбасы» жобасымен үндестіріліп, соның аясында жүргізілетін болады, – деген облыс әкімі Елбасы Жолдауында, басқа да маңызды құжаттарында қойған міндеттерді, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жолында жамбылдықтармен бірлесе жұмыс атқаратынына сенім білдірді.
Асқар Исабекұлы баяндамасын аяқтаған соң, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.


Өңір басшысы Асқар Мырзахметов өзінің есепті баяндамасында атап өткендей, облыста өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Десек те, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес екен. Мәселен, ауылдық округтер мен аудан әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беруі барысында 1500-ге жуық мәселе көтеріліпті. Үш мыңдай адам қатысқан облыс әкімінің халыққа есеп беруі кездесуінде де тұрғындардың көкейлеріндегі сұрақтарын қоюларына мүмкіндіктері болды.


Жалпы есептік жиында сұрақ қоюшылардың қарасы көп болды. Кейбір сұрақтар қайталанып та жатты. Тұрғындардың негізгі талап-өтініштері мектеп салынса, жол жөнделсе, ауызсу, газ тартылса, ескерткіш соғылса, малға субсидия берілсе, автобус жүргізілсе, көшеге жарық орнатылса дегенге саяды. Алайда Асқар Исабекұлы барлық сұраққа жан-жақты талдау жасай отырып, нақты жауаптар қайтарды.


Жиын соңында облыстың Құрметті азаматы Александр Савченко сөз алып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жыл ішінде атқарған жұмыстарына жақсы баға берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.