Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зерделеу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр

0 134

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылау, аумақтық округтерді абаттандыру және санитарлық тазалығын қадағалау мақсатында Тараз қаласының 11 аумақтық округі бойынша 11 мобильдік топ құрылып, бүгінде жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Құрамына зиялы қауым өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, учаскелік полиция инспекторы, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері енген жұмысшы топтар аталған мәселелер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар мәселенің оң шешімін табуына мұрындық болды.

№1 топ мүшелері қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали және №1 аумақтық округтің инспекторы Нұржан Жұмағұлов аталған аумақтағы «Астана» мөлтек ауданындағы бірнеше үйдің аулаларын аралап шықты. Кезекті зерделеу жұмысы барысында №2, 4, 5, 8 үйлердің тұрғындары көлік қоятын жерді кеңейтуді, ауладағы шағын стадионның жабындысын жаңартуды және балалар ойын алаңын салып беруді өтінді.

Ал №27 үйдің тұрғыны Сағадат Сарыпбекова қоқыс алаңының үйге тым жақын орналасқанын және үй артын жолға айналдырған көршілер көліктерімен шаңды аспанға көтеретінін айтып шағымданды. Баяндауынша, бұл мәселемен ол тиісті мекемелердің есігін бірнеше рет қаққан. Нәтижесінде қоқысты тәулігіне екі мәрте арнайы көлікпен алып кету мәселесі ғана жолға қойылған. Сонымен қатар тұрғын үй артынан осы қоқыс жәшігіне келетін көлікке арналған жолға бөгде көліктердің қозғалысына жол бермейтін арнайы белгі қойылса деген өтінішін де жеткізді. Себебі тынымсыз көлік қозғалысынан көшеден үйге кіретін шаң осы маңайдағы тұрғындарды әбден әбігерге салатын көрінеді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған Сағадат Сарыпбекованың өтінішін мобильдік топ мүшелері бірден назарға алып, әкімдікке жеткізетінін айтты. Ал аталған аумақтың инспекторы Нұржан Жұмағұлов үй артындағы жолға белгі қоюды өзі бақылауға алуға уәде берді.

Осы мөлтек аудандағы №1, 3, 6, 7 үйлердің ауласында да биыл жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Алайда асфальті алдыңғы жылы ғана төселген, су жаңа стрит-воркаут кешені қойылған алаңның жартысы ғана жаңартуға сұранып тұр. Топ мүшелері осы жерден қаржы үнемдеп, бұрын жатақxана болған Рысбек батыр көшесіндегі 9-үйдің ауласын абаттандыру жөн болатынын өзара талқылап, әкімдікке ұсыныс айтатындарын жеткізді.

№11 топтың мүшелері осыдан төрт апта бұрын ғана Ниетқалиев көшесіндегі тротуар құрылысының жұмысын зерделеген болатын. Бүгінде бұл құрылыс нысанының жұмыстары аяқталуға таяу. «Қаратау жолдары» ЖШС аталмыш жоба жұмыстарын мерзімінен бұрын бітіруді көздегенге ұқсайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.