Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өзекті сауалдар өз жауабын тапты

0 344

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Әулиеата ауданының тұрғындарымен кездесті. №67 орта мектепте өткен жиында әуелі аудан әкімі Барлық Төреханов атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

– Биыл Әулиеата ауданында жол инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы ұзындығы 29,6 шақырымды құрайтын 20 көшені орта жөндеуден өткізу және ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда Ә.Әйтиев, Желтоқсан, Братская көшелері, Ташкент көшесінің 5-бұрылысы және С.Датұлы көшесінің 1-бұрылысына орта жөндеу жүргізіліп, нәтижесінде 12 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін барлық жұмыс толық аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар қала көлемінде жоспарланған 37 жаңа аялдаманың 13-і «Ұлы дала» шағынауданында орнатылады. Сондай-ақ биыл қоғамдық көлік саласын жаңғырту мақсатында тасымалдаушылардың өз қаражаты есебінен кемінде 60 жаңа автобус сатып алып, қосымша 5 жаңа маршрут ашу көзделіп отыр, – деген Барлық Әдепқанұлы бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын баса айтты.
Келесі кезекте тұрғындар тарапынан қураған талдарды кесу, арық жүйелерін жаңарту, спорт алаңшаларын орнату, аялдамалардың санын арттыру, жаяу жүргіншілер жолағын салу, көшелерді жарықтандыру секілді маңызды мәселелер көтерілді.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы әрбір мәселе заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
– Бүгінге дейін Әулиеата ауданында жүзеге асқан жұмыстар аз емес. Әрине, аудан жаңадан құрылғандықтан, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Сондықтан да алдымызда тұрған міндеттер бұдан да ауқымды. Жалпы, шаһардағы маңызды мәселелердің барлығы дерлік қаланың 3 жылға арналған даму жоспарында көрініс тауып отыр. Сондай-ақ шаһар аумағына жаңадан қосылған елді мекендердің мәселелері жан-жақты зерделеніп, сол бойынша арнайы Жол картасы әзірленген. Сол себепті бүгінгі кездесуде көтерілген барлық өтініш-тілектер біз үшін аса маңызды. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды, – деген қала әкімі тұрғындарды шаһар тазалығына бірге атсалысуға шақырды.
Кездесуден кейін Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.