Өткен аптада «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлының төрағалығымен партияның кезектен тыс XXX конференциясы өтті.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ, Арайлым ШАБДЕНОВА

Жиында Айтқазы Дәулетқұлұлы партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасы әзірленгенін жеткізді. Праймериз кезінде кандидаттардан 125 ұсыныс түсіп, бесеуі аталған бағдарламаға енген. Осыдан кейін партияның қалалық филиалы бойынша сайлауалды бағдарлама бекітілді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне және облыстық мәслихатқа үміткерлер арасында жария пікірсайыс басталды. Оған саяси науқанда қала бойынша жоғары балл жинаған 20 үміткер қатысты. Бірінші кезеңде үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын баяндап, екінші кезеңде бір-біріне сұрақ қойды. Осы орайда әр саланың білікті мамандары өздерінің бағыты бойынша алдағы атқарар шаруалары қыруар екенін көрсете білді. Олар бағдарламада халық арасындағы әлеуметтік әділеттілікке, қаланы көркейту бағытындағы жұмыстарға, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге, кең жолақты интернет тарту және ауыл шаруашылығы, білім саласы, сондай-ақ әлеуметтік осал топтар мен жастар мәселесін де кеңінен қаузады. Байқағанымыздай, үміткерлердің басым көпшілігі тұрғын-дардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоба-ларға ден қойған екен.

Осыдан кейін партияның 90 делегаты өздері лайық деп тапқан үміткерлерге «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы дауыс берді. Сонымен партияның қалалық филиалынан ҚР Парламенті Мәжілісіне және облыстық мәслихатқа ұсынылатын үміткерлер анықталды. Делегаттардың таңдауы өңір тұрғындарына жақсы таныс Мұратхан Шүкеев, Мейрамбек Төлепберген, Ерқанат Манжуов, Гулам Умаров, Гүлдара Нұрымова, Қайрат Жетібаев, Айгүл Ақшалова, Абай Нұржанов, Жанар Орынбаева, Марат Смайлов секілді іскер азаматтар пен азаматшаларға түсті. Осыдан кейін партияның қалалық филиалына депутаттыққа үміткерлердің де тізімі жариялады. Артынша партияның Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс өтетін XXVII конференциясына делегаттар сайланды.


Газет беті қатталып жатқанда «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің көрме павильонында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясы өтті.

Жиынға «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық етті. Алдымен партия төрағасы күн тәртібіндегі мәселені қарамас бұрын әлемді жайлаған індеттің кесірінен көз жұмған партия мүшелері, облыстың дамуына үлес қосқан Шәбден Тілеумұрат, Сайрамбай Дөненбаев, Қаржаубай Бекболатов сынды азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Конференцияның күн тәртібінде алдымен «Nur Otan» партиясының Жамбыл облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы мәселе қаралды.

– Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен сайлауалды бағдарламаны бекіту туралы тапсырма түскен болатын. Жалпы облыс бойынша праймериз уақытында халықтан 1169 ұсыныс түсіп, оның 760-ы бағдарламаны жасақтау барысында ескерілсе, 82-сі қосымша ұсыныс болып тіркелді. Жалпы партияішілік сайлауға әр ауданнан үміткерлер өз сайлауалды бағдарламасын таныстырып, дебаттың бірнеше сатысынан өтті. Қала, аудан бойынша алдарыңызда іріктелген 15 үміткер бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пікірсайысына түседі. Әр делегат ұнаған спикерге дауыс береді. Жалпы конференцияға сайланған 123 делегаттың 121-і бүгін жиынға қатысып отыр, – деді партия төрағасы Бердібек Машбекұлы.

Конференция барысында 15 үміткер екі топқа бөлініп, белгіленген уақыт аралығында пікірсайыстың 2 кезеңінен өтті. Әр үміткер 3 минуттың ішінде өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, бір-бірімен сұрақ-жауап алмасты. Ал пікірсайыс аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне пікірсайыс қорытындысы бойынша кандидаттарға дауыс беруді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастап, қалған делегаттар жалғастырды. «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген дауысты көпшілік LED-экран арқылы көріп отырды. Жалпы нәтиже бойынша партияішілік сайлаудың көшін 106 дауыспен Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев бастаса, 78 дауысты Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген алды. Ал «Мейірім» медициналық орталығының басшысы Гүлдара Нұрымова 70 дауысқа ие болса, облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров 54 дауыс жинады. Үздік бестіктің түйінін «Диқан тірек» орта мектебінің директоры Сұлтан Өсербаев 33 дауыспен түйіндеді.

Конференция барысында белгілі болған пікірсайыс қорытындысынан кейін «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді ортаға салса, партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен партияның кезектен тыс ХХ съезіне делегаттарды сайлау туралы хабарлама жасады. Партия облыстық филиалының кезектен тыс конференциясының қорытындысы бойынша арнайы қаулы қабылданып, айтылған ұсыныстар қаулыға енгізілді.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған