«Маған Галина Серебрякованың «Өзім және өзгелер туралы» кітабы ерекше ой салды…». Көзі тірісінде де, бақилық болғаннан кейін де халқының зор құрметіне бөленген, дүние емес, кітап, онда да ерекше талғаммен жинаған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев журналист Жанболат Аупбаевқа 1991 жылдың желтоқсан айында берген сұхбатында осылай деген.
Халқы көзі тірісінде Пайғамбарға теңеген дана тұлғаның ықыласына бөленген орыс жазушысы Галина Серебрякованың біздің Тараз қаласында аз ғана жыл болса да тұрғанын, кейін Мәскеуге оралғаннан кейін тағдырына араша түскен жамбылдықтарға арналған жүрек алғысын жеткізген естеліктер жазып, оны кітаптарына енгізгенін бүгінгі жастар біле бермейді…
Поляк революционерлерінің отбасында дүниеге келіп, 14-15 жасында азамат соғысының майдандарында шайқасқан, жеке адамға табынуды өте зиянды деп қараған ғылыми коммунизмнің негізін қалаушы Карл Маркстің жастық шағы жайлы тамаша кітап жазған Г.Серебрякова сталиндік қуғын-сүргіннің алғашқы толқынында-ақ зардап шеккендердің бірі болды. Артық-кемі жоқ тұп-тура жиырма жылға созылған азапты өмірді бастан кешірген. 1937 жылғы 29 қарашада тұтқынға алынып, түрмеге түскен, арада екі жыл өткенде, яғни 1939 жылғы 1 қыркүйекте КСРО Мемлекет қауіпсіздігі министрлігінің айырықша мәжілісі РСФСР қылмыстық істер кодексінің атышулы 58-ші бабымен еңбекпен түзеу лагеріне кескен. Бұл жазаны 1943 жылы өтеп шыққанымен Коми АСР-іне жер аударылған Серебрякова өзі өтініп, Қазақстанды, Семей қаласын қалап алады.
Өз кітаптарында жазғанындай, талант – сирек қасиет, қоғам ғана емес, әрбір адам оның қалыптасуына көмектесуге тиіс деп санайтын Галина Серебрякова қазақ жерінде бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенованың алғашқы ұстазы болып, өнерге баулыған. Бұл былай болған еді. 1946 жылы Семей қаласында әуесқой әншілер байқауы өткенде әділ қазылар алқасының мүшесі Галина Серебрякова ол кезде ет комбинатында жұмыс істеп жүрген балауса әншінің талантын бірден таниды. Анасы Бронислава Сегизмундовна пианист болатын. Екеулеп Бибігүлдің өнерін ұштауға кіріседі. Жас қыз консерваторияға оқуға кеткенше жер аударылған жазушы әйелдің отбасының бір мүшесіндей болған.
Көп жыл өткен соң, 1970 жылы Бибігүл Төлегенова «Комсомольская правда» газетінде: «…Мені ән салуға тамаша педагогтар баулыды. Бірақ мен Галина Иосифовнамен өткен сол тамаша күндерді өмір бойы есімде сақтаймын…» – деп жазды.
Қайда жүрсе де «халық жауы» деген атақ соңынан қалмаған қайсар жазушы әйел кемеңгер Абайдың елінде көп бола алған жоқ. 1949 жылдың мамыр айында оны тағы да тұтқындап, сол жылғы тамызда «Айырықша мәжілістің» шешімімен 10 жыл еңбекпен түзеу лагерінде болу жазасы беріледі. Бұл аз көрінсе керек, 1951 жылы лагерьді түрмеде отыру жазасына ауыстырады.
Тағы да тар қапас. Еркіндікті аңсайтын қаламгер үшін бұдан ауыр азап бар ма? Алайда ол мойыған жоқ, күресе білді. Қуынды. Нәтижесінде контрреволюциялық қылмысы үшін сотталғандардың ісін қарайтын Орталық комиссия 1954 жылғы 7 шілдедегі қаулысымен түрмеде отыру жазасын еңбекпен түзеу лагеріне өзгертті. Арада жыл өткенде сол комиссия лагерьде болуды Жамбыл қаласына мерзімсіз жер аударуға алмастырды. Күресін табандылықпен жалғастыра білген қайсар әйел ежелгі Тараз өңіріне осылай келген еді.
Өкініштісі сол, орыс әдебиетінің қиын тағдырлы өкілдерінің бірі қаламызда айдауда болғанын бүгінгі жас ұрпақ түгілі сол кездің куәгерлері де біле бермейді. Мұның себебін өлке шежіресіне жетік мұрағат қызметкерлері айдаумен келгендердің өздерін «жабық» ұстағандығымен, жергілікті тұрғындардан оқшау өмір кешкендерімен түсіндіреді.
Алайда Галина Серебряковадай өршіл рухты әйел керісінше істеген. Өткенін ешкімнен жасырмаған. Оны бәрінен де қинағаны – қаржы жағы еді. Кішкентай ғана, қабырғалары шикі кірпіштен қаланған үйде өзі, анасы, қызы Таня үшеуі тұрды. Қалалық денсаулық сақтау бөлімі шалғай ауылдағы дәрігерлік пункке жұмыс істеуді ұсынған. Бірақ, қазақ ауылында орыс мектебі қайдан болсын? Серебрякова үшін қызының оқуы, болашағы қымбат болатын. Сондықтан, қиындыққа төзе білді. Анасы қайтыс болар алдында заем бойынша бірнеше жүз сом ұтып алғаны таршылықтан уақытша болса да құтқарды.
Тарихта «жылымық кезең бастау алған» делінетін 1956 жылды Галина Серебрякова сол кезгі Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласында қарсы алды. Ақпан айында Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ХХ сьезі өтіп, Сталиннің жеке басына табынушылық және оның зардаптары туралы мәселе қаралды. Галина Серебрякова өтіп жатқан сьез төралқасының атына хат жолдады. Үміт пен күдік алмасқан күндер басталды. Сьезд жұмысын аяқтаған 25 ақпанда Мәскеудегі қаламдас достары телефонға шақырып, сөйлеседі. Көп ұзамай КСРО Жазушылар Одағының сол кезгі төрағасы Алексей Сурков Жамбыл облыстық партия комитетіне Галина Серебрякова жайлы жақсы мінездеме де жазып жібереді. Ал осы жылдың шілде айында Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті жеке басқа табынушылықты айыптаған арнайы Қаулы қабылдады.
Ол кез құдіретті Одақтың жазушылар ұйымының төрағасының хаты бойынша тамыз айында Жамбыл облыстық партия комитетінің бюросы жеке басқа табыну сияқты қатерлі құбылыстың алғашқы құрбандарының бірі – жазушы Галина Иосифовна Серебрякованың жеке ісін қарады.
«…Тамыз айының ыстық күні күйдіріп тұрған болатын. Маған Жамбыл облыстық партия комитетінің бюросына бару керек еді. Онда менің тағдырым шешілуге тиіс….»
Галина Иосифовна Серебрякова бұл жолдарды кейінірек, алпысыншы жылдары жазды. Ал сол 1956 жылы Қазақстанның оңтүстігіндегі қала соғыстан кейін де «халықтар көсеміне» көзсіз табынушылар орнатқан үрей мен күдік ахуалынан толық арыла қойған жоқ болатын. Сондықтан да жамбылдық коммунистердің өздеріне мүлде бейтаныс мәскеулік әйелді қорғауға баруы екіталай нәрсе еді. Әрі оған тағылған айыптар жеңіл деуге келмейтін.
«Партиялық жауапкершілікке тартылған кезде КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. 1936 жылғы 5 тамызда Мәскеу қаласындағы БК(б)П Краснопресненск аудандық комитеті Серебрякованы контрреволюцияшыл троцкистермен байланысы болғаны және большевиктік қырағылығын жоғалтқаны үшін партия мүшелігінен шығарды…».
«Күйеуі Серебряков троцкистер оппозициясының лидері болды. Екінші күйеуі Сокольников (олар 10 жыл бірге тұрды) партияның және кеңес үкіметінің жауы ретінде партиядан шығарылып, Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) арқылы тұтқындалған…».
Жазушыға тағылған біріне-бірі өтетін мұндай айыптаулар жалғасып кете береді.
Өз бойындағы жазушылық қарымын, талантын жарқыратып көрсетер толысқан шағында «жау» атанып, небір тамаша жоспарлары сағымға айналған Серебрякованың Сәкен Сейфуллинмен достығы да оған үлкен айып болып тағылған. Қазақ ақынымен 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің тұңғыш онкүндігінде алғаш рет жүздескен. Екеуін таныстырған атақты орыс жазушысы – Александр Фадеев.
Келесі, 1937 жылғы сәуір айының басында, өткен Қазақстан кеңес жазушылары одағының пленумы «Әдебиет майданы» журналының редакторы болған Сәкен Сейфуллинді «Троцкистер бандасының бандиткасы Галина Серебрякованың «Маркстің жас шағы» деген романын аударып басты» деп кінәлаған. Шығармашылық, қаламгерлік байланыстары осылайша екеуіне үлкен пәле болып жабысқан. 1937 жылы жалған саяси жаламен тұтқындалып, келесі жылы атылған қазақ ақынының өзін өлім жазасына кескен Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясының көшпелі мәжілісінде жасаған мәлімдемесінде: «Мен, Сәкен Сейфуллин, жантөзгісіз қинауға шыдай алмай жазушы Галина Серебрякованы жазықсыз қаралағанымды мәлімдеймін. Арамызда ешқандай жат пиғылды әңгіме болған емес, күйеуін көрген де емеспін» деп жазғаны (Тұрсынбек Кәкішев. «Сәкеннің соты», «Жұлдыз» журналы, №9, 1994 жыл, 55-бет») нағыз ерлік болатын. Бұл жазбаша мәлімдемесі Жамбыл облыстық партия комитеті бюросы мәжілісінде де оқылып, Г.Серебрякованың ақталуына көмегін тигізді. Жаламен жиырма жыл азап көрген Галина Серебрякова өзінің кітабын қазақша сөйлеткен адамның адалдығына әрқашан да сенді. Ол С.Сейфуллиннің жазықсыз жазаланып кетуімен бірге әдебиетіміздің өзінің тамаша бір өкілін жоғалтқанын ашына жазды.
Мұрағатта сақтаулы тұрған Жамбыл облыстық партия комитеті бюросының 1956 жылдың 16 тамызында қабылдаған шешімінің мәтіні мынадай: «…Қаулы етіледі:
Г.И.Серебрякованың Кеңес Одағы Коммунистік партиясына мүшелігі 1919 жылдың тамызынан қайта қалпына келтірілсін. Жамбыл қалалық партия комитетіне Серебрякованың партиялық құжаттарын беру тапсырылсын».
Қуғын-сүргін науқаны шырқау шегіне жеткен жылдары атын естіген адамның құтын қашыратын «Ерекше кеңестен» үш рет – 1939, 1944 және 1951 жылы жазықсыз жаза үстіне жаза алған жазушы әділдік салтанат құрған осы күн туралы жазды да: «Облыстық партия комитетінің хатшысы жалған айыптаулардың бірінен соң бірін жоққа шығара бастады да, олар дәйектер мен шындықтың таза отына түгел жанып кетті.
Менің партиялылығым осылай қалпына келтірілді.
«…Сіздің стажыңыз жүріп жатты. Сіз коммунист болып қала бердіңіз», – деді маған облыстық партия комитетінің хатшысы».
Г.Серебрякова жүрек алғысын арнаған бұл адам Жамбыл облысын 1952-1957 жылдары басқарған Шолақ (Нысанбай) Артығалиев болатын. Азап пен тозақты аз көрмеген жазушы әйелді ақтау жөніндегі шешімді қолдап бюро мүшелері Ващенко, Кондратьев, облыстық партия комитетінің мүшелері Әскеева, Демеуов, Ибраев, Исақов, Колмогоров, Қарабалин, Омарбековтер де дауыс бергені хаттамада жазулы. Сол бюроға қатысқан Өтеулі Досыбиев ол кез Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын. Бүгінде арамызда жоқ, талай дерек берген бұл ардагер Шолақ Артығалиевтің әдебиет пен өнерге жанашыр адам екенін айтушы еді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Талас ауданына келуі де Ш.Артығалиевтің кезінде, 1955 жылы жазда болған.
Жамбыл өлкесі азаматтарының көмегімен еркіндік алған, сүйікті Мәскеуіне оралған Г.Серебрякова көптеген тамаша кітаптар жазды. «Прометей», «Отты ұрлау»… Оның 1971 жылы Мәскеуде жарық көрген «Өзгелер және өзім туралы» деген кітабын облыстық кітапханадан тауып, оқып шығудың сәті түсті. Осы кітаптағы новеллалардың бірі бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына арналған. Ал нәубет жылдарының тозақтары туралы баяндаған «Қара құйын» повесінде 1956 жылдың тамызында Жамбыл облыстық партия комитетінің бюросында ақталғанын жазған. «Литературная газетаның» 1980 жылғы 9 шілдеде жазушыға арналған қазанамасында оның «Карлаг»-тан соң Жамбыл қаласында тұрғанын, анасын осында жерлегенін жазды. Мұны толықтыра түсер дерек – 1966 жылы жазушы анасының мүрдесін Тараздан қазып әкетіп, Переделкиноға қайта жерлеген.
«Жер бетінде адамнан, әсіресе, адамдарға пайда келтіретін, солар үшін жұмыс істеп, шығармалар, туындылар жазатын адамнан қымбат ешнәрсе жоқ». Г.Серебрякова осындай жолдарды жазып қана қоймай, бүкіл ғұмыры, жазған кітаптары арқылы да осы ақиқатты дәлелдеп кетті.
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі