Бұрынғылар «Үй болмаса, күй болмайды» дегенді бекер айтпаса керек. Қазір әр қазақтың арманы – баспаналы болу. Бұл ретте мемлекет бірқатар тиімді бағдарламалар ұсынып отыр.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,                      Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ


Осыған орай, Тараз қаласындағы жаңа 15-ші шағын ауданда көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтарына 80 пәтердің кілті тапсырылды. «Бином» компаниясы құрылыс жұмыстарын жеті ай ішінде тәмамдап, пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Айтқазы Қарабалаев арнайы келіп, баспаналы болған тараздықтардың қуанышымен бөлісті. 
–  Бүгін қаламыздың 80 жанұясы жаңа үйдегі өз пәтерінің табалдырығын аттайды. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті, біздің саясатымыздың негізі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын назарға ала отырып, 2019 жылы 16 тұрғын үй, яғни 1280 пәтерді халық игілігіне бердік. Ай соңына дейін жаңа 15-ші шағын ауданда тағы үш бірдей үй пайдалануға беріледі. Аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Олар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы әзірленді. Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Қоныстарыңыз құтқа толсын, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Пәтер кілтіне ие болған тұрғындардың қуаныштарында шек болмады. Пәтер кезегін 2008 жылдан бері күткен Гүлжанар Парманқұлова үшін де бұл күн ұмытылмас сәттерге толы болды. 
– Кезекте тұрғаныма 12 жыл болды. Өзім көпбалалы анамын. Балаларымның несібесіне орай бүгін баспана кілтін қолыма алып отырмын. Бізді осындай қуанышқа бөлеген мемлекетке, облыс, қала басшылығына алғысымды жеткіземін, – деді тұрғын. 
«Бином» құрылыс компаниясы аталмыш тұрғын үйдің құрылысын жеті ай көлемінде жүргізіп, межелі уақытта аяқталған. Жалпы 15-ші шағын ауданның аумағында әлеуметтік бағдарлама аясында 4 үй салынып, өз иелерін күтуде. 5 үйдің құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бой көтерген үйлердің жалпы ауданы 4400 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп, тұрғындардың толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Шаһар басшысының хабарлауынша, ай соңына дейін кезекте тұрған тараздықтарға әлі 3 бірдей тұрғын үйдің пәтер кілті табысталып, қоныс тойы жалғасын таппақ. Ал биылғы жылға тағы 35 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жалпы бүгінде тұрғын үй кезегінде 18565 адам тұр, оның 1784-і көпбалалы отбасы, 8593-і әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар. 
0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған