Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қызыл жебе»

0 668

Мен Тұрар Рысқұлов есімі берілген ауданда туып-өстім. Өзімнің 16 жасыма дейін бұл ұлы тұлға туралы білгенім өте аз. Абырой болғанда, менен ешкім «Тұрар Рысқұлов кім?» деп сұрапты. Кітапты аз оқитын жандардың қатарында болмағаныммен, осы уақытқа дейін өз ұлтымның ұлы тұлғалары туралы еш кітап оқымаған екенмін. Енді міне, оқитын кітап та табылды.

Көп еститінмін. «Қызыл жебе деген не? Не мағына?» береді деп ойлап қоятынмын. Сөйтсем, «Қызыл жебе» ұлы тарих бастамасы екен. Алғашқы кітап Тұрардың әкесі Рысқұлға арналған. Сюжет «Оян, Тұрар» деген сөздермен басталған. Бұл сөз тек бала Тұрарды ғана емес, жүрегімнің қараңғы бөлмесіне жағылған алғашқы сіріңке жарығы секілді менің де қызығушылық сезімімді оятты.
«Қызыл жебе» туралы мен сағаттап баяндап бергім келеді, бірақ ойым түйінсіз болар. Сол себепті кітаптың ішіндегі оқиғаларды сараптап жазып отыруды жөн көрмедім. Бірақ бұл кітапты оқуыңызға себепші болатындай ой қалдырамын деген ниеттемін.
Ал енді көп созбай неге «Қызыл жебе» екенін айтайын. Ол кезде Тұрар науқас, төсек үстінде, сүзекке шалдыққан. Баласына ем таба алмай жанын жегідей жеген Рысқұл мойнына қыл арқанның қалай ілінгенін білмей қалады. Солай болыс қойын ұрлайды, оның жазасы ретінде болыстың айтқанын орындап, көршінің жүйрігі Қызыл жебені ұрлатады, кейіннен түрмеге түседі. Осы сәттен бастап Рысқұлдың және әлі тағдыр сынына буыны қатая қоймаған Тұрардың өмірі тозаққа айналады. Қызыл жебе мен Рысқұл Тұрардың оқыған өмір атты қалың кітабының тек алғашқы парағы еді. Тұрар анасынан ерте айырылған, жанға жылу болған жалғыз әкесі болған еді, енді онсыз өмір сүруге тура келеді. «Әкесіз бала сужүрек» демей ме? Бірақ бұл сөз Тұрарға арналмаған! Тағдырдың тепкісіне, жетімдіктің азабына, теңсіздіктің езгісіне, биліктегілердің қанауына да қарамай, өзінің жан дүниесіндегі ұлылықты ұштап, батыр мінезді, ержүрек болып, ержетіп, тұғырлы тұлғаға айнала бастайды. Алайда бұл тек бастамасы ғана еді. Өмірінің қыл көпірінен енді өтіп, ауыртпашылықтың бәрін артқа тастағанда, өмір күтпеген жерден аяқтан шалады. Сол бір бала кезіндегі аязды желдің иісі сезілгендей болады. Жаман адамның бәрі тек бала кезде деп ойлаған Тұрар заман төрт айналып өзгерсе де, қисық пиғыл, арам адамдар өмірдің ажырамас бір бөлшегі екенін кемелденген шағында бір-ақ түсінеді. Әлбетте, өте кеш. Өкініштісі, бұл жолы басына түскен ауыртпашылық ауыр әрі соңғысы болды. Ал оған себепші – оның сенімі, адалдығы, көңілінің пәктігі.
Алла сынақты тек көтере алатын адамның мойнына берсе, онда Тұрар бабамыз қандай мықты болған?!
Өмір неткен әділетсіз, ал тарих қандай рақымсыз?! Ар-намысты, асыл адамдар надандардың қолынан қаза табуы өзекті өртейді. Бала кезінде «Мен Қызыл жебемін» деп көп айтатын бала, шын мәнінде, «Қызыл жебемен» тағдырлас боларын кім білген?! Бәлкім, «өлім жақсыларды ерте алады» деген рас па екен? Не де болса, өзінің қысқа да тұғырлы өмірінде қазақ үшін барын салған Тұрар мәңгі жүрегімізде!
Қош бол, мәңгі жадымда қалған бала Тұрар!

P.S: «Қызыл жебе» алғашқы махаббат секілді, қайта-қайта оқығың келеді. Бірақ әр оқыған сайын жүрегімнің түбіне қалдыр- ған мұңы ауырлап барады…

Аяна Набикулова,
Тараз өңірлік университетінің студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.