Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қызыл сызық»: Заңсыз салынған нысандар неге азаймай тұр?

0 328

Жуырда Тараз қаласында көзге шыққан сүйелдей болған, құрылысы тоқтап қалған нысандарды сүру жұмыстары басталып кеткен болатын. Бір жағынан, бұл нысандар шаһардың көркін бұзса, екінші жағынан, әлеуметтік желідегі тұрғындардың талап-тілегі осыған себеп болып отырғаны белгілі. Сондықтан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен осы жұмыстарды жеделдету қолға алынған.

Бүгінде шаһар аумағында «қызыл сызық» нормасын бұзған 52 сауда дүңгіршегі мен құрылыс нысаны анықталған. Оның ішінде 14 дүңгіршектің заңды құжаты бар болса, 3-і облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен қойылған. Сондай-ақ 2 нысан «Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында жергілікті әкімдіктен рұқсат алса, тағы 1 дүңгіршекке де арнайы рұқсат берілген. Ал қалған 32 нысан бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде екен. Тағы бір айта кетерлігі, 17 дүңгіршек заң талаптарына сәйкес алынып тасталған. Ал алынбаған 12 дүңгіршекке ескерту хабарламалары таратылған. Алдағы уақытта облыстық жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасына заңсыз иеленушіге қатысты шара қолдану үшін хат жолданбақ. Заңсыз иеленушінің өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және мұндай учаскеде салынған құрылысты бұзу жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда сотқа талап арыз берілмек. Осы орайда айта кетерлігі, өткен айда «қызыл сызықтың» үстіне салынған 41 нысан болса, бүгінде олардың саны 52-ге артып кеткен. Сонда қалай болғаны? Құрылысқа рұқсат беретін тиісті мекемелер үшін «қызыл сызық» қызықтырмағаны ма? Мұндай жағдайлар мәселені реттеудің орнына күрделендіріп жатқанын қалай түсінуге болады? Мұның себебін осы жұмыстарға жауапты жер қатынастары бөлімінің мамандары зерделеу жұмыстарының әлі аяқталмағанымен түсіндірді.
– Бұл жұмыстар әлі толығымен аяқталған жоқ. Сондықтан бұл сандар әлі де өзгеруі мүмкін. Заң барлығына бірдей. Сондықтан біз «қызыл сызық» үстіне ғимарат салған әрбір кәсіпкермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде «қызыл сызықтың» үстіне нысандар салынып кетіп жатқанын ескерсек, кәсіпкерлер заңнан сескенбей отырғанын көрсетіп тұр. Соның бір дәлелі – көпшілігі нысанды босатудан бас тартса, енді бірі «таныстарыма қоңырау шаламын» деп сес көрсетеді. Кейбір нысан иелері құрылыс жұмыстарын бастауға ертерек рұқсат алып қойғанымен, қазір олардың заңсыз екені анықталып отыр. Ал оларға алғашында неге рұқсат берілгендігі беймәлім. Әлбетте ол нысандардың құжаттары заңды болса, жұмыстарын жалғастыра береді. Мәселен, Сейфуллин көшесіндегі «Жанель» кафесінің жазғы алаңшасы, Рысқұлов пен Рысбек батыр көшелерінің бойындағы дүңгіршектер және «Химпоселок» аялдамасы сынды нысандардың құжаттары рәсімделмегені анықталып отыр. Енді барлығы тек заң аясында шешілмек, – дейді бөлімнің жауапты мамандары.
Қалай десек те, «қызыл сызық» үстіне салынған нысандар шаһар тұрғындарына қауіп тудырып отырған жайы бар. Бұл тұрғыда канал үстіне бой көтерген орындар – өз алдына бөлек әңгіме. Ертеңгі күні толассыз жаңбыр жауса, мұндай нысандар судың ағысына бөгет жасап, арна ернеуінен асып кетуі бек мүмкін. Ал мұндай жағдайдың соңы бармақ тістететіні анық. Жалпы су, газ құбыры, электр бағаны мен кәріз жүйесі өткен тұстар «қызыл сызық» болып белгіленеді. Сондықтан мұндай жерлерді тұрғындарға беруге болмайды. Жауапты мекемелер осыған жіті назар аударуы тиіс. Бұған кәсіп иелері де түсіністік танытқандары абзал. Алда дәл осындай нысанның қаншаға көбейетіні белгісіз. Бастысы, аталған мәселе сиырқұйымшақтанбай дер кезінде реттеліп, оң шешімін тапса екен дейміз. Себебі бұл шаһар үшін де, тұрғындар үшін де зор маңызға ие.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.