Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыз төркінге барғанда…

0 5  507

Қызға деген құрмет қашаннан ерекше. Әсіресе, тұрмысқа шыққан соң, өз шаңырағына тек қонаққа келеді. Қыз әкесінің қара шаңырағын төркін деп атайды. Ұзатылған қыз енді тек төркіндеп келеді. Күні бүгін дәстүр жаңарып, салт-сана өзгерген тұста қыздың төркініне күйеуін ертіп келіп «есік ашқанын» төркіндеу салтымен шатастырып жүрміз. Жалпы төркіндеудің төркіні бөлек, тамыры тереңде, түбінде көп сыр жатыр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Отбасында дүниеге қыз келгенде, әлем нұрланып сала бергендей ерекше әсем күйге бөленетініміз бар. Барлық нәзіктік, сұлулық атаулы сол үйдің іргесін паналап, ізгілік төрлеткендей күй кешеді. Қыз сүйген әкенің де жүрегін ерен сезім тербеп, жүріс-тұрысы өзгеріп, аяулысына деген көңілі бөлек болатыны бар. Жаны гүлдей сұлу, күлкісі тау бұлағындай сыңғыр, қылығы балдай қырмызының күн санап жетіліп, сәт санап есейіп, еркелеп бойжеткен соң, тұрмыс құрып, туып-өскен ортасымен қош айтысады. Қыз баланың маңдайына өзінің туып-өскен еліне тек қонақ болып келіп, қонақ болып кетуді ғана жазған. Сондықтан болар, қыз бала ұзатылғанда жүрегі ерекше тебіреніп, жанары жасқа толып қимай қоштасатыны. Енді ол етек-жеңін жинап, ес жиып, еркелеп өскен елінен жырақта, бұрын-соңды басынан кешіріп көрмеген жаңа сезімдердің жетегінде келін атанып, ана ізін басуға, жанұясымен жұптасып өмір кешуге дағдыланады. Ата-анасының орнын ата-ене, апа-сіңлісінің орнын абысын-ажын алмастырып, аға-інісінің орнын қайын аға мен қайын іні басады. Әрине, мұнда сыйлы болуы үшін қыз күніндегідей еркелігі ұмыт болып, оның орнына сәлемін үзбейтін салиқалы келін болуға талпынады.

Ұзатылған қыз төркініне «есік ашып» келеді. Және қазіргі уақытта осы «есік ашу» салтына төркіндеуді сыйдырып жібердік. Негізі «есік ашар» мен төркіндетудің айырмашылығы көп. «Есік ашар» салтынан кейін қыз төркініне қатынай береді. Яғни белгілі бір жиын, той-думан сияқты отбасылық басқосуларда күйеуімен келеді. Ал төркіндеудің салты мүлде бөлек. Бұл – арнайы алдын ала дайындықпен жасалатын жол сапар. Тұрмыстағы қыздың қайын жұртымен, ауыл елімен бірге барып төркінін, туған-туыстарына таныстырып қайтуы. Құрбы-құрдастарына өзінің отбасылық өмірі жайлы әңгіме айтып, қызығын баяндауы. Бұрындары көбіне балалы-шағалы болып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған соң, етек-жеңі ұзарып, арқа-басы кеңейіп, кемел шақтарында төркінге барып, аунап-қунап қайтатын апаларымыз көп болған екен. Ал бүгінде осы дәстүр қаншалықты сақталды? Қазір көбіне «есік көру» дәстүрімен шектеліп қалғанымыз анық.

Төркіндеу – әр әйелдің парызы

Бала күнімде төркіндеген апайымның келгенін көргенім бар. Төркіндеп келген апайым көзіне қуаныштың жасы іркіліп, «көзіме оттай басылды» деп ауылдағы әр баланы құшақтап, маңдайынан сүйіп, сыйлық үлестірген. Асып-тасып, шат-шадыман күйге түсті. Ауылдағы ағайын да мәре-сәре болып күтті. Құдды құдалық іспетті. Туған-туыс жиналып, киіз үй тігіп, ақсарбас мал сойылып, қазан асылып, еліктей еркесінің жолын тосқан ата-анасы алдынан елпілдей шығып, қыздарын құшағына алғандағы қуанышты сәтті сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар.

Ол замандағы қыздың төркінімен кездесудегі сыры бөлек. Себебі қыз араға жыл салып, балалы болмай төркініне келмейтін. Оның үстіне ұялы телефон шықпаған кез. Тек ауылдағы «коммутатор» аталып кеткен жалғыз ағайдың үйінде ғана телефон бар. Бірақ қызы тұрмысқа шығып кеткен ата-ана қатты қажеттілік болмаса, кеткен қызбен сөйлесе беруді ерсі көретін. Оның үстіне ол кездің адамдары қызын құдаларына «Еті – менікі, сүйегі – сенікі» деген түсінікпен ұзататыны тағы бар. Сондықтан мазалай бермейді. «Барған жеріне тастай батып, судай сіңсін» дейтіні болар, әйтеуір, онсыз да сағыныштан әзер жүрген қызының нәзік жүрегіне қылау түсірмес үшін анша-мұнша қиындықты айтпайтын және қыз баладан ештеңе сұрамайтын. Енді ол қыздың төркіндеп, тек қонаққа келіп кеткенін ғана күтеді. Сондықтан қыз төркіндеп келгенде сағыныштан сарғайып, күпті көңілін шаттыққа толтырып, әбден аңсары ауып барып бір-біріне зарыға жетеді.

Төркіндеп келген қыз өз туыстарын түгел аралап, әрбір үйге сый-сияпат, ілу апарды. Есесіне «қалау» айтып, қалағанын алды. Бұл – қыз бен күйеу үшін тамаша көңіл, әсерлі демалыс. Дәл осы жағдайда бөтен елге енді ғана бой үйретіп, әкесі мен анасының, туған-туыс, бауырларының ыстық құшағын аңсап жеткен қыз бір жасап қалды. Ал ай бітіп, қыз еліне қайтатын кезде оған әке-шешесі де кәде беріп, күйеуге киім кигізіп, сый-сияпат жасады.

Төркіндету салтының діни тұрғыдан алғанда да өз ерекшеліктері айтылады. Өмір бар жерде, өлім бар екені айдан анық. Мәселен, қайтыс болған әйел баласының жаназасында молда: «Бұл әйел төркіндеді ме?», – деп сұрайтын болған. Сол сәт марқұмның төркіндері, яғни әке-шешесі, туған-туыстары, қайын жұрты жауап беруі тиіс. Егер әртүрлі себептермен төркіндей алмаса, оның жаназаға қатысып отырған жақын туыстары сол жерде марқұм болған әйелдің төркіндеу рәсімін жасаған. Онда қайтыс болған әйелдің руы, әке-шешесінің, өзінің аты айтылып: «Осы марқұм болған апамыз не сіңліміз, не қызымыз төркіндеп келгенде бергеніміз», – деп ақша тастайды немесе мал атайды. Оны молдалар растап, дұға оқиды. Сөйтіп, марқұм төркіндеген және өз парызын өтеген болып саналады. Бірақ сүйегі есіктен емес, терезеден шығарылады екен. Бұлай болмаған жағдайда марқұмға ауыр, арттағы туған-туыстарына қарыз болып қалады.

Құрсағына бала бітпей жатып келінді төркініне жібермеудің тағы бір сыры бар көрінеді. Мұны бағзы қазақтар саралап барып ұстанған. Мәселен, бөтен елге әрең үйренген қыз өз еліне келгенде қайтқысы келмей қалуы әбден мүмкін. Содан әбден сақтанған. Өз үйінің тәліміне үйреніп, аңсап жүрген келіннің аңсары осы төркінде болары анық. Салтқа бай қазақ мұны да пәлсапалық ұғыммен байланыстырып қойған. Ал бауырына бала бітіп, бөтен жұртын өз жұртындай көріп әбден сіңіскен соң, оның ес жиып, қанығып, енді ондай қателік жасамасы анық. Жыл аунамай төркіндетуді жаман ырымға балап, барынша осы шеңберден шықпауға тырысқан.

Ал осы мәселе бойынша психолог мамандар не дейді? Олардың айтуынша: «Адам үйренген ортасынан өзге ортаға тап болу тәнге емес, жанға қиын. Өз ортасында еліктей еркелеп, еркін өскен қыздың жаңа барған отауда әр қылығы бақылауда болатыны бар. Ол санадан тыс нәрсе. Қазақ келінінің жүріс-тұрысы, киім киісі мен шай құйысының өзі сын емес пе? Оның үстіне енесі қаталдық танытып, үнемі ескерту жасай беретін болса, ол іштей тынады. Күйеуі де әлдене деп жасаған асын ұнатпай, жаратпай жүрсе, бұл да оның көңіліне қаяу түсіреді. Бір келінді бірнеше сын көз бағады. Сондықтан ол қысылып, қымтырылып, «қай жерімнен мін шығып қалар екен» деп өз-өзінен қуыстанып, тынышсыз, тынымсыз күйзеліс кешуі әбден мүмкін. Дәл осы жағдайда адам рухани көмек пен демеу арқылы қиыншылықтан күйзелмей шығып кетеді. Ол үшін барған жерінен қатты қолдау қажет. Білмегенін үйретіп, ақыл-кеңесін биязы ғана ақылмен жеткізер ене мен салмақты күйеу болса және бәрі қолдап, үйреніп кетуіне ықпал етсе, бұл қиындықты тез-ақ жеңіп шығады. Бірақ ата-анасын жиі көру, яғни жиі төркіндеу келіндердің өзге отауға судай сіңісіп кетуіне қиындық тудыратыны анық», – деп баға береді психологтар.

Төркіндеу мәселесі бойынша отызға жуық орта жастан асқан апайлармен тілдестім. Олардың екеуі ғана төркіндеудің сырын ұғынып, естігені бар екенін жеткізді де, қалғаны есік көрсетуді төркіндеумен бір ұғым деп түйетінін жеткізді.

Бұл өлке біздің ауыл жайлаған жер-ай…

Сәлима апай тұрмыс құрған соң, бар жөн-жоралғысымен төркініне барып қайтқан екен. Соны еске алды.

– Бала күнімізден санамызға қыздың қонақ екенін сіңіріп өстік. Әке-шешеміз кішкентайымда қанша еркелесем де, аға-інілерімізге: «Қол ұшын тигізбеңдер. Қыз – қонақ. Ертең кеткенде сағынасыңдар», – деп айтып отыратын. Мұның мәнін тұрмысқа шыққанда ұқтым. Мен тұрмысқа шыққанда шешем: «Артыңа қарама! Балалы-шағалы болып кел, жалғыз басың сопайып келме. Бізге жаманатыңды естіртпе! «Кімнің қызы еді» дегізбе! Құдаларды сыйла, отымен кіріп, күлімен шық! Сонда ғана сыйлы келін боласың», – деді. Болды. Бітті. Содан араға бір жарым жыл салып төркіндеп оралдым. Біздің заманда төркіндеп келген қыз бір айға жуық жатады. Ондағы сағыныш сұмдық! Бір-бірін сағынып көріскен жандар бір-бірінің шын қадірін де біледі. Енді міне, өзім де бүгінде үш қыз ұзатып, үш ұлыма келін түсірдім. Өз отбасымнан алған тәрбиемді толық ұстанбасам да, келіндерімнің мінезіне қарай жайлы, өз ықтиярларымен, жылға жуықтатып барып, төркініне жібердім. Қыздарымды жылға толтырмай үйге жолатпадым. Өз қыздарым бала күнінен санасына сіңіріп өскендіктен, оларды моральдық тұрғыда бала кездерінен дайындағанмын. Сондықтан бұл жоралғыны біздің отбасы толық ұстанды. Қыздарымды төркіндеткенде төрт-бес үй күтіп, еркелетіп қарсы алдық. Көзден моншақтап аққан жас қыздарымның үмітімді ақтағанына қуанғаным еді. Келіндерім де өздерінше жөн-жосығын жасады. Қазір өз қыз-келіндерімді айға жуық төркіндетпесем де, екі апталап аунап-қунап жатып кетті. Мен өзім төркініме барғанда, туған жеріме деген сағынышымды ерекше жеткізгім келді. Сөйтіп, көзімнен жас парлап, үйіме жақын қалғанда көліктен түсіп:
Бұл өлке біздің ауыл жайлаған жер-ай,
Желіге асау құлын байлаған жер-ай.
Көзіме от жалындай көрінеді-ай,
Айқасып құлын-тайдай ойнаған жер-ай, – деп жанарымды жас жуып, ән салып келгенмін үйіме. Бәрін жылатып барып, жұбанғанмын сонда. Міне, нағыз төркіндеп бару деген сол! – дейді Сәлима апай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.