Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыз әдебімен әдемі

0 265

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде облыстық «Инабатты ару – 2019» байқауы өтіп, ақылына көркі сай арулар бақ сынады.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқауға қатысуға ниет білдірген бойжеткендер арасынан қалалық, аудандық жарыстардың жеңімпазы болған 10 ару іріктеліп, бар өнерін ортаға салды. Биылғы байқауға колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Облыстық сайыс екі күн болды. Алғашқы күні бойжеткендер «Гауһартас» мейрамханасында қамыр жайып, одан кеспе кесумен қатар, дастарқан жаю мен қолөнер бұйымдарын жасаудан сайысты.

Қыздардың өнерлеріне «Қазақ халқының ұлттық тағамдарын дәріптеу» атты қалалық, облыстық және республикалық байқаулардың дипломанты, «Гауһартас» мейрамханасының бас аспазшысы Гүлзахира Абдезова мен «Дана-Дель Мода» ЖШС директоры Бақыткүл Тоқтыбаева баға беріп, оларды сыннан өткізді. Ал екінші күні қыздар үш кезеңнен тұратын байқауда өз өнерлерін ортаға салып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады. Инабатты аруды анықтап, әділ бағасын берген қазылар алқасының қатарында облыстық білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы, байқаудың демеушісі Эльмира Мырза-Ғали, «Дана-Дель Мода» ЖШС директоры Бақыткүл Тоқтыбаева, педагог-хореограф Азиза Джусипова мен «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» ҚБ төрағасы, «Инабат клубы» жобасының авторы, қазылар алқасының төрағасы Ринат Нұрақбаев болды.

Сахна шымылдығы Замир Әуелбековтің орындауындағы «Балауыз» әнімен түріліп, қатысушы қыздар әуен ырғағымен ортаға шықты. Қатысушыларға облыстық білім бөлімі басшысының орынбасары Талғат Жамалов сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Алғашқы кезеңде әр бойжеткен өздерін видео арқылы таныстырып, жеңге мен қыздың арасындағы сырласуды қойылым ретінде сахна төрінде көрсетті. Ал «Анадан тәлім алған қыз» бөлімінде арулар сұрақтарға жауап берді. «Қыз өссе, елдің көркі» кезеңінде үміткерлер ұлттық сахналық өнерлерін ортаға салды. Би өнері бойынша «Қос алқа» мен «Шолпы» халық билерін үміткерлер екі топқа бөлініп орындады. Ал көркемсөз оқу бойынша әр үміткер үш шумақтан өлең оқып, композиция жасады. Ән өнері бойынша арулар дуэт құрып, халық арасында ұмыт болған әндерді орындады. Байқау ұйымдастырушылары, яғни «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» бірлестігі үміткерлердің сахнада өздерін ұстауын, жүріс-тұрысы, бір сөзбен айтқанда, бойжеткендердің «Инабатты ару» атағына лайық болуларына жан-жақты дайындағаны көрініп тұрды. Бірнеше кезеңнен тұрған сайыста жүзіне иман ұялаған арулардың ақылы мен білімі, көркі мен сымбаты сынға түсті. Олар барынша ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға тырысты. Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде тараздық Қазына Шәкенбаеваға бұйырып, «Инабатты ару – 2019» атағын алды. Ал жүлделі 1-орынды жуалылық Меруерт Кари, 2-орынды Жуалы ауданынан Арайлым Қахар алса, 3-орын тұғырынан Тараз қаласының бойжеткені Айзада Әшімбек көрінді. Сонымен қатар өзге қатысушы арулар да түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Ал жеңімпаздарға тұрмыстық техникалар мен Алғыс хаттар табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.