Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «SINOMO GBM» компаниясының директоры Ян Жантао және орынбасары Зилей Гаомен кездесті.
Жиында инвесторлар шаһар аумағында қоқыс өңдеу зауытын салу жобасын таныстырды. Олардың айтуынша, «SINOMO GBM» әлемдегі қоқыс өңдеу, құрылыс және жобалаумен айналысатын ең үздік 100 компанияның қатарына кіреді.
Жалпы, «SINOMA GBM» – құрылыс материалдарын өндіру саласындағы әлемдегі ең ірі компаниялар тобы. Қоқыстарды сұрыптау және қайта өңдеу – компанияның негізгі бағыттарының бірі. Қалдықтарды өңдеген соң оларды цемент өндіретін зауыттарға, электр станцияларына тиімді бағада ұсынып, газ бен көмірдің орнына отын-энергетика көзі және жол құрылысына қажет шикізат ретінде пайдалануға болады.
– Қоқыстың кез келген түрін сұрыптаудан өткен соң экологияға тиімді мақсатта қолдануға барлық мүмкіндік қарастырылған. Өнеркәсіп орнынан қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Өйткені ол жерден шығатын түтін бірнеше деңгейлі тазартудан өткізіледі, – деді компания басшысы.
Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы мұндай жобаның облыс орталығы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда Тараз қаласының аумағынан жылына 100 мың тоннадан астам қоқыс шығарылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 200 мыңға дейін артады деген болжам бар. Сондықтан қоқыстарды қайта өңдеу – біз үшін аса өзекті мәселе. Бүгінде инвесторлар тарапынан осы бойынша бірнеше ұсыныс түсті. Әрине, біз әуелі ең тиімді шарттар ұсынған компаниямен тығыз қарым-қатынас орнатамыз.
Сіздермен құрылысқа қатысты шарттарды талқылап, мерзімін бекіту мақсатында өзара меморандумға отыруымыз қажет. Соның аясында жобаның тиімділігі, оның қала мен қоршаған ортаға пайдасы туралы жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, экономикалық-техникалық негіздемесін әзірлейміз. Әрі қарай ортақ шешімге келіп жатсақ, бірлесе жұмыс істейміз деген ойдамын, – деген қала әкімі бұл бағыттағы кез келген ұсынысты кеңінен талқылап, қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Қытайдан келген инвесторлар алдағы уақытта қоқыс алаңдарына 3 айға жуық зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде қоқыстарды қайта өңдеу бойынша өзге де заманауи технологиялар мен тиімді әдістерді енгізу мүмкіндіктері қарастырылып, жобаның нақты жоспары мен құрылыс кестесін әзірлеп, ұсынбақ.
Аман Есен