Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қырықбай – қола жүлдегер

0 1  061

Марқай, қазақ! Тойла, Тараз! Жаса, Жамбыл күресі. Осымен он бірінші рет түндігін түрген «Қазақстан Барысы» турнирінде жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай жасындай жарқылдап, абыройымызды асқақтатты. Апайтөс балуанымыз айтулы аламанда қола белбеуге қол жеткізіп, екінші жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінді. Бұл сөз жоқ, Жамбыл спорты үшін үлкен олжа.

Нұр-Сұлтан төрінде өткен дуы басым бәсекеде 36 балуан бақ сынаса, олардың қатарында осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев сынды «сен тұр мен атайын» деген балуандар болды.
Елордадағы «Барыс-Арена» мұз сарайында жалауы желбіреген доданың алғашқы айналымдарында жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай қарсылас шақ келтірген жоқ. Тек ақтық сынға аяқ аттам жер қалғанда сәтсіздікке ұшырап, қола жүлдені қанағат тұтты. Ал қызылордалық Мақсат Исағабылов финалда былтыр қола белбеу иеленген маңғыстаулық балуан Нұрдәулет Жарылғаповпен белдесті. Талай турнирлерде топ жарып жүрген тәжірибелі қарсыластардың айқасы тартысқа толы болды. Бірақ бабы мен бағы қатар жанған сырдың саңлағы бұл жолы әп-сәтте қарсыласының жауырынын жер иіскетті.

Турнир қорытындысы бойынша «Қазақстан Барысы» атанған қызылордалық Мақсат Исағабыловқа 25 000 000 теңге, алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталса, күміс жүлдегер маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповқа 5 500 000 теңгенің сертификаты бұйырды. Үздік үштікті түйіндеген жерлесіміз Ғалымжан Қырықбай қола белбеу және
1 800 000 теңгелік сыйақымен құрметтелді.
Кеше Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде Ғалымжанды жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алып, құрмет құшағына бөледі.
– Ғалымжанның жеңісі – ортақ жеңіс. Бұл Жамбыл спорты үшін үлкен абырой. Қандай байрақты бәсекелер болмасын жерлестеріміз олжасыз қайтқан емес. Сонау кеңестік кезеңнің өзінде толағайларымыз талайды таңғалдырды. Міне, солардың ізбасары ретінде Ғалымжан айтулы аламандарда абыройымызды асқақтатуда. Былтыр балуанымыз күміс белбеу жеңіп алса, биыл қола белбеумен оралып отыр. Енді жампозға алтын белбеу бұйырсын деп тілейміз. Жеңіс құтты болсын жамбылдақтар!, – деген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков өзінің ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Ғалымжан Қырықбай жанкүйерлердің қолдауы үшін алғысын білдірді.
– Биылғы додаға алтын белбеу аламын деп барған болатынмын. Алайда бұйырғаны қола болды. Мен жеңілдім деп ойламаймын. Керісінше бұл мені шыңдай түсті. Алла амандығын берсе, келер жылы алтын белбеумен қуантуға күш саламын, – деді Ғалымжан.
Иә, бұл сөз жоқ өңір спорты үшін үлкен абырой. Бұған дейін Бейбіт Ыстыбаевтай балуан «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы атынып тарихта өз есімін қалдырса, енді міне жаңа есім Ғалымжан Қырықбайдың да жұлдызы жарық жануда. Біз жерлесіміз бұдан да биік белестерді бағындыратындығына бек сенімдіміз.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.