Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғылымға бөлінген қаржы неге мақсатты жұмсалмайды?

0 397

«Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ», – деген екен ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. Расында, өркениет көшіне ілесуді мақсат тұтқан елдер білім-ғылымның дамуына күш салуда. Біздің елімізде де ғылымға ғұмырын арнаған жандар аз емес. Солардың бірі – техника ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейітхан Қойбақов. Оның есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Ол гидротехника саласындағы «Құрметті құрылысшы», техникалық прогреске қосқан үлесі және өнертабыс саласындағы жемісті қызметі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атақтарын иеленген алғашқы азаматтардың бірі. Оның ашқан өнертабыстарына КСРО мен Қазақстанның бірнеше рет авторлық патенттері берілген. Халықаралық зияткерлік меншік күніне орай білікті ғалыммен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

– Сейітхан Мелдебекұлы, жалпы ғылымға қалай келдіңіз, бұған не түрткі болды? Әңгімемізді әуелі осыдан бастасақ…

– Мен өзім Жамбыл облысы, Жуалы ауданының қазіргі Шыңбұлақ ауылындағы көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Еңбек жолымды 1973 жылы «Жамбылсельстрой-20» тресінің өндірісті техникалық жабдықтау басқармасында жұмысшы болып бастадым. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, оны «Гидромелиорация» мамандығы бойынша 1980 жылы үздік дипломмен бітіріп шықтым. Содан кейін жолдамамен Павлодар қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Солтүстік Қазақстан кешенді бөліміне жұмысқа жолдандым. Осылайша ғылымға қадам басып, содан бері хал-қадірім жеткенше еңбек етіп келемін.

– Ең алғашқы өнертабысыңыз қалай дүниеге келді? Сол туралы айтып берсеңіз…

– Бірінші болып қолға алған жобам канал бетіндегі мұзды бұрғылап, оның қалыңдығын өлшеу, қар үйінділерінің көлемін анықтау, каналдың қай бөлігіне қар қалай түсетінін айқындауға қатысты еді. Жалпы менің ғылымдағы бағытым – осы. Бұған бірнеше жыл уақытымды сарп еттім. Әлбетте, сынау, зерттеу жұмыстарының нәтижелері арнайы формулаларға түсіріліп, одан есеп-қисапқа, көптеген сызулар мен кестелерге, сурет-схемаларға айналды. 1973 жылы «Ертіс-Қарағанды» каналы іске қосылған болатын. Оның ерекшелігі – Павлодардағы Ертіс өзенінің суын Екібастұз, Қарағанды, Жезқазған арқылы оңтүстікке жеткізу еді. Ол жақта үнемі қатты боран соғады. Соның салдарынан терең каналға қар үйіліп қалады. Тіпті қардың тереңдігі 15-20 метрге дейін жетеді. Содан соң су деңгейі әрі-бері ауытқып, мұз жарылады. Ал бұл үстіндегі қардың каналдың суын сорып алуына әкеледі. Содан болар, су ақпай, кептеліп қалады. Елді мекендерді су шаю апаттары осындай жайттардың кесірінен орын алады. Сол жылдары дәл осындай 2-3 апат тіркелгеннен кейін бізге зерттеуге тапсырма берілді. Зерттеу тобының құрамына алынып, осы тақырыпты диссертацияға арқау еттім. Новосибирск қаласындағы В.В.Куйбышев атындағы инженерлік құрылыс институтында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғаған соң, қасымдағы әріптестерім осы жоба бойынша патент алуға кеңес берді. Осылайша 1990 жылы алғашқы зияткерлік меншігіме қол жеткіздім. Тұңғыш рет борасын қар суыру себебінен гидротехникалық құрылымдарда, автомобиль және теміржолдарда қар үйіндісі пайда болу механизмін анықтап, сол арқылы алғашқы болып қар үйіндісінің есебі методикасын және одан пайда болу қиындықтарын болжау тәсілін ұсынып, соның негізінде қар үйінділерімен күресудің бірнеше жаңа тәсілі ойлап табылды.

– Бұл жобаңыз бүгінде қаншалықты сұранысқа ие?

– Жобаға шет мемлекеттерден де, өз елімізден де сұраныс бар. Мәселен, Жуалы ауданында қар көп жауады. Қайбір жылы «Батыс Қытай – Батыс Европа» көлік жолы салынған кезде жобамды бердім. Яғни қар көп жауғандықтан, жолды су шайып кету қаупі жоғары болады. Бұл жоба осының алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ Белоруссия- ның экологияны зерттеу орталығы, Ленинградтағы халықаралық экология қауіпсіздігі академиясы сынды іргелі ғылыми нысандар менің біраз жобаларымды пайдалануда. Бұдан да бөлек көптеген орындар менің жобаларым бойынша жұмыс істеу- де. Мұның өндіріске енгізілгені, бір жағынан, мен үшін зор қуаныш.

– Еліміздегі ғылымның дамуына көңіліңіз тола ма?

– Шынын айтқанда, еш көңілім толмайды. Себебі қаншама жақсы жобаларды ұсынамыз, бірақ ешқайсысы қолдау таппайды. «Талапқа сай келмейді» деп шығарып салады. Жасыратыны жоқ, мұның бір ұшы сыбайлас жемқорлыққа келіп тіреледі. Тамыр-танысы бар адамдардың жобалары іріктеуден өтеді де, қалғандары назардан тыс қалады. Жобаның иесі сол саланың маманы ма, жоқ па, оған ешкім басын қатырмайды. Мәселен, Израиль мемлекеті ғылымға ішкі жалпы өнімнің 4-5 пайызын жұмсайды. Қазір сол еврейлер әлемді билеп отыр. Ал бізде бұл көрсеткіш 0,5 пайыздан аспай тұр. Оның өзі соңғы 4-5 жылдың бедерінде ғана қолға алынды. Бізде ғылымға деп қаржы бөлінеді, бірақ тиімді мақсатқа жұмсалмайды. Алдымен қаражат бөлмес бұрын ғылымның нақты қай саласына қажеттілік бар, соны анықтап алу керек. Содан соң, соған сай қаржы берілуі қажет. Ол қаржы тиімді жұмсалмай ма, кері қайтарып алған жөн. Қазір бізде, керісінше, мол қаражатты қалайда игерумен ғана айналысады. Қаншама жас ғалымдарымыз соның кесірінен жобаларын жүзеге асыра алмай жүр. Айналып келгенде, жемқорлық ғылымның дамуына тежеу болып тұр.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.