Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы бекіткен кестеге сәйкес Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мадимаров ағымдағы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша халықпен кезекті кездесу өткізді.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Қалалық мәдениет үйінде өткен жиынға келушілердің қатары қалың болды. Алдымен полиция полковнигі хабарлама жасап, атқарылған жұмыстардың легін тұрғындарға таныстырды. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда қылмыстың жалпы саны 14 пайызға азайған. Оның ішінде орта дәрежедегі қылмыс саны қысқарған. Сондай-ақ ұрлық 21,1 пайызға азайып, 35 қылмыс жасаған алты қылмыстық топ құрықталыпты. Ал 45 адам автокөлік аккумуляторларын ұрлау ісі бойынша, ұялы телефондарды ұрлағаны үшін 160-тан астам адам ұсталған. Мал ұрлығы фактілері бойынша тоғыз қылмыс ашылса, оның ішінде біреуі ауыр қылмыс. Бүгінде автокөліктердің бөлшектері мен ұялы телефон ұрлығын ашу қиындаған екен. Өйткені ұрланған заттарды бөлшектеп сату арқылы қылмыскер өзінің қылмысын жасырады екен. Балалар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша жұмыстардың нәтижесінде оларға қатысты жасалған қылмыстар саны жыл басынан бері азайған. Сонымен қатар полиция полковнигі фронт-офистің жұмысы мен олардың атқаратын міндеттерін көпшілікке айтып беріп, бірден сұрақ-жауап бөліміне көшті. Бұл жиынның ерекшелігі – тұрғындар алдында хабарлама жасаған басшы ешбір қағазға қарамай, жаттанды сандарды оқымай, ашық форматта кездесу жүргізіп, көпшілікпен еркін диалог құруында болды.
Алдымен сөз алған «Мыңбұлақ» мөлтек ауданының тұрғыны бірден бірнеше мәселенің басын қайырды. Ол: «№10 үйдің маңында халық көп жүреді. Сондай-ақ №1 балабақшаның алдында көліктердің бейберекет үлкен жылдамдықта жүруі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Осы орайда, қажетті шараны қолдануыңызды сұраймын», – деді. Ал «Талас» мөлтек ауданының тұрғыны Роман Алиев те аудандағы бірқатар мәселелерді ортаға салды. Бірақ оның ішінде полиция басқармасына қатыстысы болмады. Ал Рахимов пен Достоевский көшесінің тұрғындары сыртқы бақылау бейнекамераларын орнатып беруді өтінді. Жалпы кездесуге келген тұрғындардың басым көпшілігі коммуналдық мәселелерін айтты. Бірі жолдың, бірі аялдаманың жайын айтса, енді бірі қоғамдық көліктердің кестесіне шағымданды. Сондай-ақ тұрғындар учаскелік полиция қызметкерлеріне алғыс айтуды да ұмытпады.
– Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі полиция жұмысына қатысты емес. Алдағы уақытта да мұндай кездесулерді жиі ұйымдастыратын боламыз. Біз қашанда халыққа жақынбыз. Кездесу барысында қойылған сауалдар мен өтініштер ескерусіз қалмайды. Тиісті сала мамандарына сауалдар жететін болады, – деді Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мадимаров.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған