Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары. Мемлекеттігіміз де сол жекелеген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр жанұяда тәрбиеленіп өскен ұрпаққа байланысты. Сондықтан отбасы құндылықтары әрқашан билік назарында болуға тиіс. Отбасы құндылықтары дегеніміз не? Оған қандай ұстанымдар мен қасиеттерді жатқызуға болады? Зер салып көрсек…
Бақытқа бағыттайтын бес құндылық
Отбасы құндылықтары – қоғамның негізгі құрамдас бөлігі. Ол мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады. Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап, ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.
Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз – отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды байланыс әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.
Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын үшінші отбасылық құндылық. Бұл – отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тастамайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде адамдар өз ойлары мен сезімдерін ашық білдіре алады деген сөз, яғни қауіпсіздік атмосферасын құрылады. Сенім, сонымен қатар эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Бақытты отбасына байланысты тағы бір құндылықтың бірі – жауапкершілік. Жауапкершілік әр отбасы мүшесінің отбасы өміріне өзара қатысуы мен қосқан үлесінен тұрады. Бұл өз міндеттерін орындауды, басқа отбасы мүшелеріне көмектесуді және олардың шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті қабылдауды қамтиды. Жауапкершілік отбасы ішіндегі сенімділік пен меншік сезімін дамытуға ықпал етеді.
Білім мен дамуды қатар алып жүру де – маңызды отбасылық құндылық. Білімді бағалайтын отбасы өз балаларын немеме басқа мүшелерін үнемі оқытуға және дамытуға баса назар аударады. Білімге ұмтылуын, мектептер мен университеттерге баруын және білім беру процестеріне белсенді қатысуын ынталандырады. Білім отбасының әр мүшесінің жеке дамуына ғана емес, сонымен бірге өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Жалпы, отбасылық құндылықтар отбасы ішіндегі салауатты және бақытты қарым-қатынастың негізін құрайды. Құндылықтар үйлесімділікті, сенім мен сыйластықты қалыптастыруға, сондай-ақ жеке тұлғалардың дамуына және отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Шексіз сүйіспеншілік, құрмет, сенім, жауапкершілік және білімге деген ұмтылыс отбасына қиындықтарды жеңуге және бірге бақытты, тұрақты өмірге қол жеткізуге көмектесетін негізгі принциптер болып табылады.
Міне, осындай принциптерге негізделген отбасы тату, кикілжіңді бірге отырып шешетін, психологиялық тұрғыда сау азаматтарды өсіріп шығарады. Бұл – мемлекетіміз үшін аса маңызды дүние. Өз халқымыздың тарихы тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақта үлкенге құрмет, кішіге ізет о бастан дәріптеліп, отбасының бұзылуына көп күш салған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, отбасында әке мен шешенің жанжалын көріп өткен бала азамат болғанда өзі көрген отбасын құрады. Мұны психолог мамандар да растайды. Ата-анасы тату, айрандай ұйыған отбасында тәрбие көрген баланың бойына отбасылық құндылықтар сіңіп, жанұя құру деген түсінікті маңызы зор, қасиетті ұғым деп қабылдамақ. Сондықтан қоғам тарапынан ғана емес, мемлекет тарапынан да ұлттық идеологияға назар аударылғаны дұрыс.
Осы ретте елімізде 1995 жылы Қазақстан Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. Үш жылдан соң аталған ұйым Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссиясы деп өзгертілді. Сәйкесінше, оның құзыреті өсті, алар орны мен шекарасы кеңейді. Қазір комиссияның еліміздегі барлық облыстарында өкілдіктері бар. Ұлттық комиссияның отбасылық саясатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру жөніндегі алдағы жылдарға арналған жоспары бекітіліп, өңірлерге таратылған. Осыны негізге ала отырып, облыстар өзінің өңірлік ерекшеліктеріне сай, іс-шаралар жоспарын жасап, тұрақты қызмет атқарып отыр.
Сондай-ақ Қазақстанда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасын бекітті. Ұлттық комиссияның отбасыны насихаттау жөніндегі үлкен іс-шарасының бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Конкурсқа қатысуға ниет білдіруші отбасылар саны жылдан жылға көбеймесе, азайған емес. Осы байқау жас отбасылардың алдағы аға буын отбасылардан үлгі алып, өз-өздерін тәрбиелеуге үлес қосуда.
Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлттық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы ретінде санауы керек. Әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі өмірінің қандай болатынының кепілі.
«Екеуі де кінәлі, ал бізде екеуіміздікі де дұрыс»
Осы тұста бір тәмсілді тілге тиек етсек. Бір ауылда бір-біріне көрші екі отбасы тұрады екен. Сол ерлі-зайыптылардың бірі күн сайын ұрысып, бастарына түскен қайғыға үнемі бір-бірін кінәлайды екен. Ал екінші отбасы болса, керісінше өте тату-тәтті тұрады екен. Әлгі ұрысқақ әйел көршісінің бақытына қызыға да, қызғана да қарайды екен.
Бірде күйеуіне: «Осы біздің көршілеріміз неліктен тату тұрады екен? Барып, көріп келші», – деп айтқан екен. Содан әлгі әйелдің күйеуі білдіртпей көршілерінің үйіне кіріп, көрінбей тасада тығылып отырады. Сөйтіп бақылай бастайды. Қараса, көршісінің зайыбы үйін жинастырып жүр екен. Бір қымбат құмыраның шаңын сүртіп тұр еді, баласы жылағаннан кейін әйел соған алаңдап, құмыраны үстелдің дәл шетіне қойып кетеді. Дәл сол сәтте күйеуіне сол бөлмеден бірдеңе қажет болып кіреді де, әлгі құмыраның жанынан өткенде оны іліп кетеді. Құмыра жерге құлап сынып қалады. «Енді не болар екен?» деп ойлайды көршісі. Әйелі жанына келіп, күрсініп күйеуінен кешірім сұрап: «Кешірші, қымбаттым. Бұл менің кінәм. Құмыраны тым ыңғайсыз орынға қойып кетіппін», – дейді. Күйеуі болса: «Ол не дегенің, әйелім? Мен асығып жүріп құмыраны көрмей қалыппын. Өзім кінәлімін! Жарайды енді, болары болды, басымызға бұдан артық сынақ түспесін!» – дейді екен.
Осының бәрін сыртынан бақылап тұрған көршісі өзіне үлкен сабақ алады. Үйіне барғанда әйелі: «Иә, көршіміздің бақытты ғұмыр кешуінің сырын білдің бе?» – деп сұрайды. Күйеуі: «Иә, білдім. Оларда екеуі де кінәлі, ал бізде екеуіміздікі де дұрыс екен. Барлық ұрыс-керістің себебін енді түсіндім», –деген екен.
Әлеуметтенбеген «өгей» ұрпақ
Сонда отбасы құндылығын қалай сақтаймыз? Бұл сұрақты жауабы көп қатпарлы екені шындық. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл ұғымның ауқымы анағұрлым кең. Өйткені, отбасы – үлкен институт, қоғамның, мемлекеттің тірегі. Қазақ «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Отбасы – адамды жақсылық жасауға үйрететін ең бірінші әлеуметтік ортасы. Егер отбасының түтіні түзу ұшпаса, ұрыс-жанжал, әлеуметтік жетіспеушілік, өзара жарасым болмаса, ондай отбасыдан береке қашады. Ондай отбасында тәрбиеленген баланың ішкі сана сезімі бұзылып, психологиялық жарақат алады. Ертең қоғамдық ортада түрлі қиындық тудыратын, әлеуметтенбеген «өгей» ұрпақ өседі.
Демек, отбасылық құндылық дегеніміз – екі адамның (ерлі-зайыптының) жарасымы, сүйіспеншілігі арқылы жүзеге асып, балаларының білімді де тәрбиелі, ең бастысы өзгені құрметтейтін, өзінің қақы мен құқын біліп өсетін ұрпақтар сабақтастығы деуге болады.
Отбасылық құндылықтың бірінші тобына дәстүрлі отбасы жатады, оның негізін ұлттық тәрбие құрайды. «Ұлттық» деген сөзді жекелеп айтуымызға себеп, өзінің өскен ортасынан, ата-баба дәстүрінен, ұлтының тілі мен мәдениетінен жырақ қалған адам тамыры жоқ дарақ секілді. Өзінің кім екенін білмейтін, бұрынғы тарихынан мақұрым пенделер отбасылық құндылықты визуалды әлемнен ғана үйренеді. Яғни, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» ұғымын толық зерделей алмайды. Салт-дәстүрдің бәрін «ескірген» дүние санап, тек бүгінмен ғана өмір сүреді. Отбасындағы түсініспеушілік, ұрыс-керіс осындай жадағай танымнан қалыптасып жатады.
Өзгені сыйлаған адам, өзін де сыйлата алады. Өзін сыйлаған адам өз ортасын сыйлайды. Отбасы үшін ананың орны, баланың еркіндігі қандай қымбат екенін түсінеді. Сыйластық сырластыққа, сырластық достыққа, достық махаббатқа ұласады.
Заманауи құндылықтың да отбасы үшін маңызы зор. Сіз осы заманда өмір сүреді екенсіз, заманауи өзгерістер мен жаңалықтардан шет қала алмайсыз. Қазір бұрынғы отбасылық дәстүрлі бірізділік жоқ. Қоғам күн сайын өзгеріп жатыр. Ақпараттық тасқынның ортасында өмір сүргендіктен, заманауи құндылықтарды сұрыптап, талғап үйренгеніңіз жөн. Ол дегеніміз – отбасы жүйесіне зиянын тигізбейтін ақпаратты пайдалана білу. Балаңыз интернет пен смартфондар арқылы не көріп, не түйіп жүр, оның денсаулығына, саналы азамат болуына, тәрбиелі болып өсуіне, біліміне тұтынған ақпараты кері әсерін тигізіп жүрмесіне кім кепіл. Бұл барлық ақпарат пен жаңалықтардан баланы шеттету керек дегенді білдірмейді. Интернет – алып құрылым. Оның ішінен қажеттісін іріктеу, баланың өмірі мен өзіне пайдалы бағытты іздеуіне көмектесу, білім алуына септесу, тәрбиелік маңызы зор істерге баулу – ата-ананың міндеті. Ол үшін ата-анаға білім керек. Дәстүр мен жаңашылдықты тең қабылдай алатын, бірімен-бірін үйлестіре білетін ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ананың өзі заманауи жаңалықтарды жете меңгергені абзал.
Сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты дұрыс меңгерген тиімді. Ең бастысы, баланың көзінше бір-бірімен ұрыспау, дауыс көтермеу. Балаға жылы сөйлеу. Өзгенің балаларын мысалға келтіріп, «сен неге сондай емессің?» деп салыстырмау. Бұл бала психологиясына ауыр соққы болады.
Балаға «Сен үшін осылай істеп жатырмыз. Бәрін сен үшін жасап жүрміз» деген міндетсінген сөзді айтпау. Сабақ үлгерімі үшін налып, елдің көзінше кемсітпеу.
«Үйіңде жақсы адам бол, сонда ғана қоғамда да жақсы боласың»
Қазақ халқының дәстүрінде отбасы тек жанұялық бірлік емес, сонымен қатар ұлттың болашағын қамтамасыз ететін негіз саналады. Біздің ата-бабаларымыз отбасы институтын құрметтеп, оған жауапкершілікпен қараған. Әрбір ата-ана өз ұрпағына дұрыс тәрбие беру арқылы оның болашағына үлкен ықпал етеді. Бұл – ұлттық құндылықтарымыздың негізі.
Әсіресе, қазіргі қоғамда отбасы құндылығының маңызы арта түсуде. Балалар мен жастардың тәрбиесі отбасында қалыптасады. Ата-аналардың баласына берген тәрбиесі, олардың өмірге деген көзқарасы, адамгершілік қасиеттері болашақтағы өміріне тікелей әсер етеді. Ата-аналар балаларына адалдық, еңбекқорлық, ізгілік пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіруі қажет. Осы құндылықтар негізінде жас ұрпақ өзіндік құндылық жүйесін қалыптастырып, қоғамға пайдалы азамат болуға ұмтылады.
Бұған қоса, отбасының мықты болуы үшін қоғамда да, мемлекеттің деңгейінде де қолдау қажет. Отбасы қоғамның ең кіші және маңызды бірлігі болғандықтан, оның дамуы мен тұрақтылығы мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлықты талап етеді. Мәдениет пен білім саласында жүргізілетін саясаттар отбасыларға көмек көрсету мақсатында бағытталуы керек.
Қазіргі жаһандану мен технологиялар дәуірінде отбасы құндылықтары жаңа сынақтарға тап болуда. Әрбір отбасы мүшесі жеке тұлға болып қалыптасып, оның құндылықтары әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бұл өзгерістер отбасының өзегі мен негізгі міндетін жоймайды, ол әрдайым бірлік, махаббат, адалдық және құрметке негізделеді. Қазіргі кезде отбасы қатынастарының маңызды аспектілерінің бірі – өзара түсіністік пен сыйластық. Бүгінгі таңда қоғамда жиі кездесетін жағдайлар, оның ішінде ажырасулар мен отбасы дағдарыстары отбасы құндылықтарының әлсіреуіне әкеліп соқтыруда. Сондықтан да әрбір ата-ана, әрбір қоғам мүшесі отбасының тұрақтылығын сақтауға ерекше көңіл бөлуі керек.
Исламда отбасы – бұл тек жанұялық қарым-қатынас емес, сонымен қатар қоғамды дамытудағы маңызды бірлік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтқандай: «Үйіңде жақсы адам бол, сонда ғана қоғамда да жақсы боласың». Исламда отбасы құндылықтары – адалдық, сенім, мейірім және сыйластық. Отбасында әрбір мүшенің өз орнын білуі және міндеттерін адал атқаруы үлкен маңызға ие. Әсіресе, ер адам отбасының қамқоршысы, ал әйел адам отбасының тірегі ретінде үлкен жауапкершілікті сезінуі керек.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде «Әйеліңе ізгі бол, ол саған жұмақ есігін ашады» деген сөзі отбасы ішіндегі өзара құрмет пен мейірімнің маңыздылығын көрсетеді. Бұл хадис отбасының басты негізі болып табылатын сыйластық, түсіністік пен бірлікті дәріптейді.
Отбасындағы рухани құндылықтар – бұл адамның ішкі дүниесін тәрбиелейтін негізгі көздер. Отбасы ішінде тәрбие берудің негізі – адамгершілік, ізгілік және өзара көмек көрсету. Бұл құндылықтар адамның өмірлік мақсаттарын, қоғамға деген жауапкершілігін анықтайды. Исламда отбасында исламдық тәрбие мен құндылықтарды ұстану, балаларға дұрыс тәрбие беру маңызды болып саналады. Ата-ананың басты міндеті – балаларына дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, оларды дұрыс тәрбиелеу. Бұл жолда отбасы мүшелері бір-біріне көмектесіп, әрбір жанұялық қатынасты адалдықпен, сүйіспеншілікпен жүргізуі керек.
Қазіргі заманда отбасы құндылығының маңызы артқан сайын, оның қоғамдағы орны да ерекше болып тұр. Ұлттың тұрақтылығы мен дамуы үшін әрбір отбасы мүшесінің жауапкершілігі мен отбасы арасындағы сыйластық, түсіністік қажет. Исламда да, қазақ халқының дәстүрінде де отбасы қоғамның негізгі тірегі ретінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан да әрбір адам өз отбасының берекесі мен тұрақтылығы үшін жауапты екенін түсінуі қажет. Отбасы құндылықтарын сақтай отырып, біз қоғамның рухани, мәдени, әлеуметтік дамуына үлес қосамыз.
Отбасы – біздің болашағымыз. Оның нығаюы – ұлттың берекесі, ұрпақтың келешек кепілі.
Дедек ТӨЛЕН