Қалалық қоғамдық-саяси газет

Вирустың емі – вакцина

0 151

Әлемді аласапыранға салған індеттен толықтай құтылатын күн әлі келмеді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, бір штаммнан кейін бір штаммы пайда болып, жан-жақтан қыспаққа алып-ақ жатыр. Үш аяғы байланып, бір аяғын сермеп жатқан сияқты адамзат қоғамы осы бір маскалы қоғамнан құтылудың бар амалын жасауда. Оның қазіргі бірден-бір жолы – вакцина салдыру.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Алайда халық арасында екпе туралы да сан алуан пікір бар. Бірі екпені зиян деп қорықса, енді бірі «ана екпе жеңіл екен, мына вакцина ауыр өтеді» деп талқылап әлек. Ал өз еркімен екпе алғысы келгендер шетел асқысы келеді. Даудың басы осы кезде басталады. «Егер сіз алғалы отырған вакцинаны сіз баратын мемлекет танымаса қайтесіз?» деген сұрақ шығады алдыңыздан. Сонымен қай мемлекет, қай елдің екпесін мойындайтындығына басыңыз қатады. Әлемде ауруға қарсы әр мемлекет өз вакцинасын тиімді деп санауда. Соның ішінде Қазақстанда да өз вакцинасынан тыс екі мемлекеттің вакцинасы қолжетімді. Ол Ресей Федерациясының «Спутник V», Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігі бірлесіп жасап шыққан «Hayat Vax» және «Corona Vac», Қазақстанның өз өнімі «Qaz Vac» вакцинасы. Бірақ бұл вакциналардың қай-қайсысы болса да, вирустың жолын кесетіні анық. Сондықтан денсаулық саласындағы мамандар вакцина салдыру ғана аурудан аман алып қалады деп сендіреді. Біз әр вакцинаның құрамы туралы зерттеу мақсатында вирусолог мамандармен сөйлеспек болып едік, олардан хабар таппадық. Облыстың денсаулық сақтау басқармасына хабарласып едік, жауапты мамандарды тауып бергенімен, олар біздің күткен жауабымызды тауып бере алмады. Дегенмен барлығының құрамында адам ағзасын вирусқа қарсы дайындайтын қасиет бар екені анық. Ал екпе адам ағзасына егілгесін 6 айдан 1 жылға дейін аурудан қорғауға жарамды. Ал елімізге келуге Мажарстан, Таиланд, Моңғолия, Грузия, Қырғыз Республикасы және Молдова Республикасы азаматтарының вакцинация паспорты жарамды болып табылса, еліміздің вакцина паспорты Моңғолия, Таиланд және Мажарстан сынды үш елге турист ретінде кіруге жарамды екен. Ал қалған елдерге қазір вакциналау паспорты болғанмен, ПТР-тестсіз қабылдамайтын көрінеді.

– Вакцинаны әр азамат әртүрлі оймен салдырар. Бірақ бұл, бірінші кезекте, өз денсаулығымыздың кепілі ретінде болуы керек. Денің сау болса, ауру басылғаннан кейін де барамын деген жерге бара аласыз, тұрамын деген жерде тұра аласыз. Сондықтан ел ішіндегі өсек-аяңға сенбей, азаматтар ақылмен ойлап, екпеге деген көзқарастарын дұрыстаса екен деген үміттеміз. Ал қазірге дейін екпе алғандардың ішінде ешқандай теріс белгі байқалған жоқ. Сондықтан азаматтарымыз белсенді түрде өз өмірі үшін дұрыс таңдау жасап, екпе алғаны жөн, – дейді Жамбыл облысы санитарлық эпидемиялық бақылау департаментінің бас маманы Нұргүл Серғазықызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.