Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Туған еліме деген махаббатпен»

0 210

Республикалық «Казахстанская правда» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, суретші, фотограф, дизайнер Михаил Тёнің көне Тараздың тарихынан сыр шертер «Сакральный Казахстан. Святыни древнего Тараза» атты төл туындысы жарық көрді. Журналистика саласында аянбай еңбек етіп, сан алуан тақырыптарда қалам тербеген талантты тілшімен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Михаил, әні мен сөзін өзіңіз шығарып, әсем әндеріңізді тамылжыта орындағаныңыздың куәсі болып жүрміз. Тұмса табиғаттың тылсымынан сыр шертіп, қылқаламмен сурет саласыз. Сан алуан тақырыптарды қозғаған мақалаларыңыз бір төбе. Дизайнмен де айналысасыз. Сіз үшін бәрі оп-оңай жасала қояды. Қолыңыздан бәрі келеді. Сізге не жасау қиындық тудырады?
– Иә, мен барлық нәрсеге қол жеткізгім келеді. Бәрін өзім түйсініп, өз қалауыммен, өз еңбегіммен жасағанды ұнатамын. Бала күнімнен шығармашылықпен айналысқанды жаным сүйді. Менің өнерге деген сүйіспеншілігімнің көп жерде өзіме көмегі тиді. Мәселен, өз кітабымның дизайнын да өзім жасап шықтым. Маған енді кестелі орамал тігіп үйрену ғана қалыпты (күлді).
– Балалық шағыңызға саяхат жасап көрейікші. Бала Михаил қандай еді?
– Мен Тараз қаласында туып, өстім. №40 гимназияда білім алдым. Бала күнімнен шығармашылықпен айналысқанымды байқаған ата-анам мені көркем сурет үйірмесіне қатыстырды. Есейіп, ержетіп мектеп бітірген соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Художественное оформление и моделирование изделий легкой и текстильной промышленности» мамандығына оқуға түстім. Полиграфияда дизайнер қызметін атқарып жүріп, журналистика саласына қалай келгенімді өзім де аңғармай қалыппын. Соңыра Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Филология» факультетіне оқуға түстім. Міне, сол уақыттан бастап өмірім өзгеше нұрланып кеткендей, жанымның қалауын жаңа тапқандай әсерде болдым. Туған еліме, жеріме деген махаббатымды қылқалам сиясына құйып, кең-байтақ елім, сүйікті шаһарым жайлы, оның тарихы туралы ой толғап, қалам тербей бастадым. Міне, енді сол еңбектерімді жинақтап, кітап басып шығардым.
– Сіз қай тақырыпта қалам тербегенді ұнатасыз?
– Шығармашылық адам ретінде мен мәдениет пен өнер туралы жазғанды жаным қалайды. Сонымен қатар тарих, археология, туризм тақырыптары да мені қатты қызықтырады.
– Кеше ғана жарық көрген «Сакральный Казахстан. Святыни древнего Тараза» атты кітабыңыз туралы айтып өтіңізші?
– Мен жазбаларымның жеңіл оқылуына әрі түсінікті болуына көп көңіл бөлдім. Оқыған адам елестете алатындай болса деп жазу барысында ойымды жеңіл жеткізуге тырыстым. Кітапты оқып қана қоймай, суреттеріне де назар аударып, көрмеген жеріңізді көргендей сезім сыйлау үшін суреттеріне де мән бердім. Мұнда 100-ге жуық сурет қамтылды. Кітап 13 тараудан тұрады. Олардың әрқайсысы облыс аумағында орналасқан қасиетті жерлерге арналған. Оның ішінде Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан, Тектұрмас кесенелері, ежелгі ислам мешіті, «Төрткүл» керуен сарайы және басқа да жерлер бар. Басылым облыстың мәдениет, тарих және археологияның ең танымал ескерткіштері туралы ғылыми-көпшілік мақалалар жинағы болып табылады. Сондай-ақ кітапта аймақтағы өз ісінің шеберлері Юрий Ким, Ағаділ Рысмахан, Алтынбек Қартабай және Виктор Барбаш жасаған көптеген фотосуреттер қамтылды. Мен өз кітабымның оқушылар мен студенттер, тарих және археология және өлкетану тақырыбына қызығушылық танытатын барлық адамдар үшін пайдасы болады деп сенемін.
– Өз еңбек жолыңызды қалай, қайдан бастадыңыз?
– «Магнолия», «Знамя труда», «Сарбаз» республикалық газеттерінде қызмет атқардым. Ұзақ уақыт бойы негізгі жұмыспен қатар, қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Менің жұмысым менің барлық шығармашылық идеяларыма уақыт табуға мүмкіндік беретіні қуантады. Мен өз өміріме өзгеріс енгізгенді қалайтын адаммын. Толқынды өз ағысымен жіберіп қарап отыра алмаймын, ғажайыпты өзім жасап шығуым керек. Барлық әрекеттерде өзімді сынап көруге уақыт тапқым келді. Тараз қаласындағы кәрістердің «Хваран» жастар қоғамдық ұйымының төрағасы болдым. 2015 жылдың тамыз айынан бастап осы уақытқа дейін мен «Казахстанская правда» республикалық газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет етіп келемін. Журналистика саласында еңбек еткеніме 15 жыл. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстық қоғамдық сайлау штабында жұмыс істеу мен үшін үлкен мектеп болды. Журналистика – сөз өнері. Бұл салада, әсіресе, сіздің мақалаларыңыз кеңінен тарап, республика көлемінде танылып жатса, қаламгер үшін одан асқан бақыт та жоқ шығар?! Сонымен қатар оқырмандар менің коллаждарымды, карикатура, фоторепортаждарымды және инфографиканы көрген сайын менің де шығармашылыққа деген құлшынысым арта түседі.
– Бейнелеу өнері сізге не береді? Жазу ше?
– Бейнелеу өнері – ол менің жан дүниемдегі сезімдерімді қылқалам құдіреті арқылы жеткізе алатын ғажайып әлем. Сол әлем арқылы және мен өзімнің жүректегі ең әсем, жұмбақ та тылсым ғажайыптарымды жеткіземін. Мен қолыма қылқалам алғанда, уақытқа сіңіп кетемін. Қылқаламның өз уақыты бар, ол ешқандай сәтке бағынбайды. Жазуым да дәл солай жаныма ләззат сыйлайды. Менің өмірімдегі ең үлкен құндылық – өнер. Міне, сол өнерімнің жемісін көріп, 2011 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында менің Қазақстан мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаған «Жердің оралуы» атты жеке көрмем ұйымдастырылды.
– «Он тамшы тер бір тамшы ойды тудырады» деген сөз бар. Сіз де өз еңбегіңіздің жемісін көріп, өз қолыңызбен салған суреттермен көмкерілген кітабыңызды қолыңызға алдыңыз. Тұсаукесерін өткіздіңіз. Толқыған шығарсыз? Қандай сезімдесіз?
– Өткеніме көз жүгіртсем, осы күнге жету үшін де аз еңбек еткен жоқпын. Жалғыздың шаңы шықпағаны сияқты, мен де жалғыз өзім түк бітіре алмас едім. Маған жаны жайсаң жақсылар көмектесті. Аз ғана күннің ішінде кітабымның тұсаукесерін ойдағыдан да озық етіп ұйымдастыруға көмектесті. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовқа, облыстық орыс драма театры директорының орынбасары Валерий Сон мен әріптестеріне, Достық үйінің қызметкерлеріне, кешімді жүргізген талантты жан Михаил Платовқа, облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбековаға, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиеваға, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалиға, археолог Ескендір Торбековке, «Золотой Караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймерге, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдиновке алғысым шексіз. Сонымен қатар өзім білім алған №40 гимназияның ұстаздары мен оқушыларына да ризалығымды білдіргім келеді. Міне, осы кісілердің қуанышымды бөліскені мен үшін зор мәртебе болды.
– Адамның көңілінен биік, абыройынан асқақ ештеңе жоқ шығар, расында. Сіз үшін өмірдің мәні не?
– Өмірдің мәні сол, «адамның күні адаммен» деген қағидаға саяды. Әлдебіреудің ыстық ықыласы, айтқан жылы сөзі, шынайы пейілі әп-сәтте мерейіңді өсіріп жіберері сөзсіз. Өмірдің мәні де сол сыйластықта, бейбіт күндердің қас қағым сәттегі қуаныштарын бөлісуінде деп ойлаймын. Ата-анамыздың атына кір келтірмей ғұмыр кешіп, өз ұрпағымыздың да тәрбиесіне зор мән берсек, өмірдің игілігі де сонда жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.