Қалалық қоғамдық-саяси газет

Туған елге саяхат

0 257

Балаларға арналған экскурсиялық пойыз Тараз қаласына табан тіреді. Сапар «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде өткізіліп жатқан қызықты әрі танымдық саяхат дәстүрлі шараға айналып отыр.

Толғанай АТАБАЙ Суретті түсірген Юрий КИМ

Туған өлке тарихын тануға бағытталған сапарда 11-15 жас аралығындағы балалар 9 күннің ішінде еліміздің 5 ірі қаласын аралап, әр қаланың тарихын тереңірек танып, жан-жақтан келген балалармен танысуға мүмкіндік алды. Өткен жылдары жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық бала қатысса, биыл 600 бала туристік топ қатарында. Олардың 500-і «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өндірістік кәсіпорын және зауыт қызметкерлерінің балалары. Ал саяхат барысында көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан балалар назардан тыс қалмаған. «Жалпы жоба дарынды балаларды іріктеуге арналған. Жыл сайын сәуір-мамыр айында байқау ұйымдастырылады. Оған 11 жастан 15 жас аралығындағы «Мен өз өңірімде нені өзгерткім келеді?» немесе «Өз өлкемді не үшін жақсы көремін?» тақырыбында видеоүндеу, шығарма немесе өлең шумақтарын жазған балалар қатыса алады», – дейді ұйымдастырушылар.

Биылғы жоба былтырғыдан өзгерек. Себебі экскурсиялық топта биыл Ресей, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан мемлекетінде тұратын қандастарымыздың да балалары қамтылған. Киелі шаһарға дейін Нұр-Сұлтан, Байқоңыр қалаларын шарлап келе жатқан туристік топ екі мың жылдық тарихы бар киелі Тараз өңіріне келуді асыға күткен. Өйткені бұған дейін аңыздар мен әфсаналардан, ел аузынан естіген шаһар тарихы мен тіршілігі мұндағыларды қызықтырса керек-ті. Жастар жылы қарсаңында туған жер тарихын тануды көздеген ұйымдастырушылар 250-ден астам жасөспірімнің басын қосты.

Жас саяхатшылар алдымен «Көне Тараз» мұражайына бас сұқты. «Көненің көзі – Тараздың өзі» деген атауға жіті мән беріп, мұрағаттағы мол мұралармен танысты. Сондай-ақ олар тек саяхат жасап қана қоймай, қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм татты. «Ежелгі Тараз – көпестер қаласы» бөлімінде викториналық ойындар ойнатылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал туристік сапар барысында бұдан әрі Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас кесенелері сынды киелі орындарды да аралады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.