Қалалық қоғамдық-саяси газет

Триатлон шеберлері Таразда бас қосты

0 188

Қазақстан Республикасы кубогінің екінші кезеңі аясында өткен сайысқа еліміздің 7 облысы мен көршілес мемлекеттерден 100-ге жуық спортшы қатысты.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.ким

Облысымызда триатлон спорт түрі 2018 жылы ашылған болатын. Осыған орай, өткен жылғы біріншілікке Тараз қаласынан 4 спортшы қатысқан болатын. Ал биыл қатысуға ниет білдіргендер қатары артып отыр. Елімізде енді ғана дамып келе жатқан триатлон спортынан сайыскерлер үш кезең бойынша бақ сынасты. Яғни қатысушылар спринт қашықтығында 750 метрге жүзсе, 20 км қашықтықта велосипед айдап, 5 км қашықтықта жүгіруден мықтыны анықтады. Суда жүзу, веложарыс және жүгіру кезеңдерінен тұратын бұл бәсекені «Атланттар спорты» деп те атайды. Олимпиада ойындарының қатарына енгеннен бері жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие бола бастаған. Мұны атлеттердің қатары жыл сайын артып келе жатқанынан аңғаруға болады. Мәселен, биылғы додаға 100-ге жуық спортшы қатысса, көршілес Қырғызстан, Өзбекстаннан да триатлоншылар келген.

Сонымен, «Зербұлақ» су қоймасы жағалауында өткен екі күндік сайыста кәсіпқой спортшылар арасында 1 сағат 1 минут 59 секундты бағындырып, алматылық Ануар Турубаев абсолютті жеңімпаз атанды. Екінші орын үшін өткен қызу таласта Кирилл Рожковтың (Алматы) бағы жанды. Ал оған бірнеше секунд қана жеңілген Александр Автушко (Шымкент) үздік үштікті түйіндеді. Осы санаттағы әйелдер арасында жүлденің барлығын оңтүстік астанамыздан келген спортшы қыздар қанжығасына байлады.

Елбасының «2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысу керек» деген тапсырмасы бар. Ал мамандар отандық триатлон осы тапсырманы орындауға өлшеусіз үлес қосарына сенімді. Бұдан әрі жарыстар Қазақстанның өзге өңірлерінде өтеді. Көзге түскен спринтерлер қыркүйек айында Ақтауда өтетін Азия біріншілігінде бақ сынайтын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.