Өмірі қандай болса, өлеңі де сондай. Тіпті, ол өлеңдерінде өзінің өмірін ешбір бояусыз, шынайы суреттеді. Өз заманында өзгелерден ерекшеленіп тұратын, қалыпқа сыймай өткен ақынның бірі – Тоқаш Бердияров.
Тоқаш Бердияровтың азан шақырып қойылған аты Торқысбек екен. 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Келес өңіріндегі Ұшқын елді мекенінде дүние есігін ашыпты.
«Ол жетімдікті көп көрген, бес жасынан Ташкенттегі №6 балалар қабылдау үйінде және №23 қазақ балалар үйінде тәрбиеленген», – деп жазады тоқаштанушы Әбдісаттар Әліпұлы. «Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының басында ауылымыздың қасындағы Ташкент қаласын паналадық. Сеңдей соғылысқан жетімектермен бірге мен де «детдомдық пропискаға» іліктім. Ақ көйлек, ақ кереует, ақ бөлке нан…» деп еске алады қиын кездерді Тоқаш ақынның өзі.
Туған еліне қайта оралған ол еңбекке де ерте араласыпты. 13 жасынан ұжымдық шаруашылық жұмыстарында болыпты, мақта алқабы мен қырманда тәбілші болып еңбек етеді. Бұл туралы ақынның өзі: «Жетімдікті мендей көрген бала ілуде біреу болар. Алты жасымда мектепке бардым. Есеп шығаруда, өлең жаттауда ешкімге дес бермедім. Үшінші сыныпты аттап өтіп, 13 жасымда ауылдағы орталау мектепті үздік бағамен бітіріп шықтым. Іле-шала ұжымшардың есепшотына, ауылдық кеңестің хатшылық жұмысына араласып кеттім», – дейді екен.
Тоқаш Бердияров жасы он алтыға толғанда әдейі жасын ұлғайтып көрсетіп, сұм соғысқа сұранып аттаныпты. «Соғыс аяқталған соң да, әскер қатарында қалып, тағы төрт жыл Балтық флотында қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу білмейді», – деп жазады «Көке» кітабының авторы Болат Шарахымбай.
Ол кезде КСРО-ның әскери-теңіз флотына азиат нәсілдерден әскер таңдау – өте сирек жағдай. Бұл азиат тектес халықтарды техника тіліне жолатпаудың салдарынан туындаған саясат болса керек. Автор ақынның естелігіне сүйене отырып, сүңгуір қайықта қызмет еткен жалғыз қазақ Тоқаш болғанын мысалға келтіреді. Жер бетінде жүруі сирек, апталап, айлап су түбінде сүңгуірде болатын қайықшылар арасында Тоқаштың үстемдікке жаны қас болғаны, әділетсіздікке қаны қарайып, әлсізге қашанда қорған болып үйренген басы талай мәрте шекісіп тұрғанға ұқсайды. Бұл Тоқаш ақынның туа бітті мінезі дегенге саяды. Әлбетте, әскери өмірдің мінезді шыңдауға, принципті қалыптауға тигізер пайдасы мол.
Кітап авторы Б.Шарахымбай: «Сондай-ақ әскерде ұлттық тұрғыдан бөлініп, кімнің кім екенін дәлелдеу мәселесі де күн тәртібінен еш түскен емес. Тоқаң кей-кейде басқа ұлт өкілдерінің өзіне менсінбей, төбеден шірене қарайтынын іштей біліп жүрді. Соған қарадай жыны келетін. Бірақ, мойынын ішіне тығып алып, қаршығадай түйіліп жүретін шынашақтай қазақтың қайсарлығы мен шақар мінезінен қаймыға ма екен, әйтеуір Тоқаңа тиісуге көп бата бермепті», – деп жазады.
Соғыс біткен кезде немістің Ильменау қаласының гауптвахтасына түскен Тоқаш Бердияровты сол қаланың әскери коменданты, кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі, марқұм Қалмұқан Исабай шығарып алған екен. Бұл оқиға Украинада жүрген жерінен қазақтың даңқты батыры әрі жазушы Қасым Қайсеновтің елге оралуына белгілі ақын, партизан Жұмағали Саинның көмегіне көп ұқсайды. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, біріне-бірі қорған болған қайран ағалар-ай дейсіз.
Мінезі тік, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын өткір, десе де жанары жасаурап тұратын ақын Тоқаштың достары аса көп болмаған. Өзінің тентектігіне сай Мұқағалидай алыппен достығы ұрпаққа аңыз болып жетеді. Көзін көрген замандастардың айтуынша, қос ақынның мінездері ғана емес, өмір туралы көзқарастары мен қоғамдық ойлары, әсіресе поэзиялық мұраттастығы қатты ұқсайды. Мұқағали өзінен он жастай үлкен ағасын пана көріп, арқа тұтатын кездері де аз болмапты.
Ақынның ақынға сүйсінетін жері – Мақатаевтың «Ақынның ақындығы – арда ғана» дегендей арлы ақындардың бір болуы. Ақиқат үшін өлең жазатын, шындықты ту етіп өмір сүретін, жасырып-жабары жоқ, тура жүріп, кесіп айтатын ақынға Мұқаңның еріп жүруі оның ешкімге ұқсамайтын біртуар қалпын жақсы көргендіктен болар, сірә.
Әдебиет әлеміне өз замандастарынан кеш келсе де, оның «Шалқы теңіз» атты тұңғыш жыр жинағы 1952 жылы жарық көрген. Дәл сол жылы қазақ поэзиясының нарқасқасы Қасым Аманжолов құрастырған «Жастық жыры» деп аталған ұжымдық жинаққа енген 23 ақынның арасында Тоқаш Бердияровтың өлеңдері де бар болатын.
Тоқаш Бердияров – әдеби қауымның аса талғампаз қауымының ой елегінен өтіп, өзінің лайықты бағасын алған ақын. Оның өлеңдеріндегі жаңашылдықты «жыл келгендей жаңалық сезілген» 1952 жылдары-ақ ұлы ұстаз Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған.
Сондай-ақ сыншы Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» еңбегінде: «Өлеңнің тосын түрлерін тұрақтатарлық ізденістер Абайдың бүгінгі ұрпақтарынан азды-көпті бой көрсетіп жүр… Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияровтың кейбір форма жаңалығы туған поэзиямыздың табиғатына жат емес», – деген.
Тоқаштың ақындығын бағалау жайында Қадір Мырза Әлі өзінің «Иірім» атты естелік кітабындағы мына бір мысалды айтпай кетуге болмас.
«…Бір жылдары (1961 жылы) өзі ақын, өзі қайсар партизан, ешқашанда ешкімнен қаймықпаған Жұмағали Саин «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып келді. Келген бойда қызметкерлерін шақырып, жиналыс өткізеді.
– Сен кімсің? – дейді Жұмекең біреуіне.
– Мен пәленшемін! — дейді ол байғұс.
– Ондай ақынды не жазушыны білмеймін! Ертеңнен бастап боссың! Арызыңды жаза бер! – дейді.
– Сен кімсің?
– Мен пәленшемін!..
– Ондай ақын, ондай жазушыны естігем жоқ! Сен де боссың! Арызыңды жаза бер!
Жиналыс бітеді. Бүкіл аппараттан Жұмекеңнің білетіні, ұнатқаны жалғыз ғана Тоқаш Бердияров болып шығады. Көп кешікпей Жұмағали ағамыз қайтыс болды. Сондағы Тоқаш Бердияровтың жылағанын көрсеңіздер!..», – деп жазады.
Ақын ғұмырының соңы өте өкінішпен аяқталған. Тұтқиылдан тиіп беретін, қырсық та шақар бейнесімен қаламдастарының есінде сақталған ақынның ақыры да тосын болыпты. Тоқаш Бердияровтың өмірін зерттеп жүрген журналист Әбдісаттар Әліпұлының жазуынша, «Алматыдағы демалыс үйлерінің бірінде жазатайым аяғы тайып сүрінген оның қарақұсы тасқа тиіп кетеді. Осылайша 1988 жылғы 29 шілде күні арда азамат, жаужүрек жауынгер, арқалы ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер кенеттен қайтыс болған». Тоқаш Бердияров өзінің туып-өскен көрікті өңір Келесінде мәңгілікке дамыл тапқан.
Заңғар КӘРІМХАН,
әдебиет тарихшысы, сыншы