Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоқал «темасы» трендке айналды

0 487

Бүгінде тоқал «темасы» алабөтен ерекше тақырыпқа айналды. XXI ғасырдың табалдырығында тұрып, заманауи үлгіде тоқал алу мәселесін кімдер көтеріп жүр? Ал табалдырықты тоқал болып аттап, шымылдықты тоқал болып түрген келіншектердің хал-жағдайы қалай? Атам қазақ «Тоқал балдан тәтті, қалса, боқтан сасық» деген екен. Бұл сөздің астарында не күйік жатыр?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Иә, қызық үшін һәм мақтанар қылық үшін «үй ішінен үй тігіп» жүргендер өте көп. Екінші әйел алу дәулетті еркектердің ермегіне айналса, тұрмысы жүдеу еркектердің өзі жасырын некемен екінші отбасын құрып алғанын көз көрді. Осы орайда, «тоқал алу трендке айналып бара жатқан жоқ па?» деген ой туады. Бүгінде тоқал алған жігіттердің саны күллі ер азаматтың 1 пайызына әзер жетеді екен. Ал Абайдың тұсында көп әйел алған жігіттердің саны 13-15 пайыздың төңірегінде болған. Осы тұрғыда ең алдымен «Тоқал алу мәселесі туралы шариғат не дейді?» деген сұраққа жауап іздейік. Иманда: «Ізгі әйелдер ізгі еркектерге ғана тиесілі. Ер адамның ең басты міндеті – отбасы мүшелеріне дұрыс тәрбие беріп, пайдалы ілім үйрету. Екінші, үшінші және төртінші әйел алсаңыз да, алдымен өзіңіздің иманыңызға берік болыңыз. Себебі иманды адам ешқашан өзіне де, өзгеге де қиянат жасамайды», – делініпті. Ал Құранның «Ниса» сүресінде: «Егер әйелдер арасында әділдік жасай алмаймын» деп қорықсаңдар, онда біреуі жеткілікті. Қанша тырыссаңдар да, әйелдердің арасында әділдік етуге (яғни барлығын бірдей дәрежеде жақсы көруге) шамаларың жетпейді. Ендеше, біреуіне баса назар аударып, екіншісін күйеусіз қалғандай жағдайда қалдырмаңдар», – деп ескертеді. Яғни екінші әйел алған еркек әйелдерінің арасында қара қылды қақ жарардай әділдікпен тең қарым-қатынас құра алуы керек. Біреуіне жағдай жасаса, екіншісіне де дәл сондай жағдай жасауы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Екі әйелі бар кісі әйелдерінің біреуімен артығырақ қарым-қатынас жасап, әділетсіздікке жол беретін болса, ондай адам ақырет күні бір иығы төмен салбыраған күйде келеді» (Насаи), – деп көрсеткен. Алла Елшісі (с.а.у.): «Адамның ең жаманы – отбасына қиыншылық көрсеткен кісі. Ер адам отбасы үшін жауапкер және отбасы үшін сұралады», – деген. Күні бүгін сүйіп алған жары жасамыс тартқан тұста «дінде әйел алуға рұқсат» деп көкірек қағып, жас иіс іздеп, отбасының рұқсатынсыз сырттай тоқал алып, жасырын жүргендер діннің де отбасының, некелі жарының ары тапталмаған жағдайда ғана әйел алуға рұқсат еткені туралы білмей ме? Біле тұра, нәпсі мен құмарлыққа салынғаны көп шығар деп топшылауға тура келеді. Себебі қай еркекті алмаңыз, жағдайы келсін-келмесін, әйелі рұқсат етсін-етпесін тоқал десе көзі жайнап шыға келеді. Әрине, тоқал алуды құптайтын да кез болады. Мәселен, өз әйелі перзент сүйе алмаған һәм ұл туып бере алмайтын жағдайда немесе әмеңгерлік жолмен жесірін жылатпау, жетімін қаңғыртпау мақсатында үйленіп жатады. Мұндай жағдайда тоқал – тығырықтан шығар жолдың игісі. Кәрі қызға ана болу бақытының дәмін таттырып, жесір әйелді жалғыздықтың қамытынан шығару жолында да бұл процес құпталады. Бірақ бүгінгі қоғамның ер азаматтары көбіне жас иіске елітетіні бар. Қауызы ашылмаған қырдың қызыл гүліне құмартады. Бұл нәпсіқұмарлық екені айдан анық.

Күдік қатқан көздерін алара қадап, дел-құлы күйде алдымда отырған жігіт ағасының жасы елуді еңсерген. Тоқалы бар. Заңды. Алайда ол өзінің бұл ісін өзгелерге үлгі болмаса екен деген ниетін де жасырмады. Кезінде сауда-саттықпен айналысып, табысы көбейген тұста екі қабатты әсем үй салуды мақсат тұтыпты. Арманындағы зәулім сарай салынған соң, көлік пен ақшаның буына мастанып, жас қыздарға көңілі ауа бастаған. Ақыры жасы 18-ден жаңа асқан қылықты қызды құрығына түсіреді. Болары болып, бояуы сіңген тұста ары тапталған арудың алдында өзінің айыбына тоқал етіп алатынын жеткізген. Қыз да кіммен қарайса, сонымен ағаруға бел байлады ма, әлде ол да ақшаға құнықты ма, көне кетіпті.
– Ол уақытта жасым қырықтан жаңа асқан еді. Екі әйелдің ортасында бақыттан басым айналатынын ойлап тынышым кетті. Алайда өзімнің адал жарыма бұл ниетімді жеткізу үшін алты айға жуық уақыт керек болды. Оның жәудір көзіне мұң түсіріп аламын-ау деп аяғандықтан айта алмай, аяп жүрдім. Жас қызға қаланың орталығынан үй алып беріп, 3-4 күнде бір барып тұрдым. Кейін ол көңілдес болып тұруға құлқы жоқ екенін айтып, жиі шу шығарған соң, әйеліме айтуға тура келді. Бәйбішем парасатты, тым сабырлы әйел ғой. Бірақ сондай салиқалы әйелдің өзіне бұл жайт оңай тимеді. Бұл қылығымды ол мақұлдағанша арада тағы 6 ай өтті. Бүгінде тоқал мен бәйбіше той-томалақта бірге жүреді. Екеуі екі жағыма отырып, қос қанатымдай алдымда құрдай жорғалайды-ақ. Алайда олар елдің көзінше маған өбектегенімен, жеме-жемге келгенде олардың бастары бір қазанға сияды, бір-бірін сыйлайды деп айта алмаймын. Менің қаһарымнан именгендіктен ғана сыр алдырмайтынын сеземін. Бәйбіше мен тоқал алу «екі қайықтың басын ұстаған суға кетедінің» кері ғой. Бір әйелдің көңілін табудың өзі оңай емес. Ал мен екі әйелдің жағдайын жасап, екеуіне теңдей қарап, шынымды айтсам, сыртқа нағыз атпал азаматтай көрініп, үйге келгенде, өзімді екі әйелдің жемтігіндей сезініп, жәутең қағып отырған жайым бар. «Екі әйелдің баласы екі рулы елмен тең» екені тағы бар. Сабап тұратын баяғы заман емес. Бұл мәселе маған сабырлы болуға, психологиялық кітаптар оқып, иманға бет бұруға ықпал етті. Бірақ бәрін басынан бастасам, мұндай қателік жасамас едім, – деді атын атамауды өтінген ер азамат.

Иә, бағзы заманда бәйбіше мен тоқалдың басы бір шаңырақта түйіскенімен, олар бір-біріне емешегі үзіліп, жан жүрегімен құрмет тұтты дей алмаспыз. Оған дерек пен дәлелге кітап оқып отырып көз жеткізесіз. «Бәйбіше құрт қайнап жатқан қазанға тоқалдың баласын итеріп жіберді» деген мәліметтерді көзіміз шалған. Тоқал мәселесін жан-жақтан қарау мақсатында шынайы бәйбіше, тоқалмен жүздесіп, тілдесудің де сәті түсті. Ақ жаулығы желбіреген екі әйел де ажарлы. Апалы-сіңілі дерсің. Етегі жер сүйген бірдей көйлектері де өздеріне жарасымды. Егіз қозыдай жарасып жүрген бір азаматтың қос келіншегі Алланың алдында тату-тәтті ғұмыр кешуге ант етіскендерін жасырмады. Кіші әйел бәйбішеге деген ізетпен мөлдірей қарап, ілтипатын жиі білдіріп отырды. Алдымен бәйбішенің оқиғасын тыңдадық. Бір қызығы, бәйбіше мен тоқалдың есімдері Айнұр екен.

– Біз отағасы екеуміз бір сыныпта оқыдық, көрші тұрдық. Бірге ойнап, бірге өстік. Кейін бір қалаға оқуға түстік. Жиырмаға толған жылы отау құрдық. Біздің адал махаббатымыз бәріне үлгі еді. Кейін дінге бет бұрып, екеуміз де намазға жығылып, Алла алдындағы парызымызды өтеуге ниет еттік. Тоқал мәселесі менің жатырыма ота жасалған соң қозғалды. Үш қызымыз бар еді. Ұл бала сүюді арман еткенін менен артық ешкім білмес. Енді бала сүйе алмайтынымды білген соң, күйеуіме тоқал алуға рұқсат беретінімді ашық айттым. Ол басын алып қашып, аттай тулады. Бірақ уақыт өте келе менің сөзімнің жаны бар екеніне көзі жетті. Мен сөйтіп, тоқалды өзім қалап алып бердім. Күйеуіме тоқалдыққа 33 жасқа толып, оң босағада отырып қалған қызды өзім көндірдім. Айнұр маған бұрыннан ұнайтын. Бәйбішенің тоқалға деген жылы ниеті болмаса бәрі бекер. Біздің отбасының берекеге толып отырғаны сол, біз имани жолмен бәрін түсініп келдік, – деді Айнұр бәйбіше.
Жүзін төмен салып, әңгімені байыппен тыңдаған кіші Айнұр да бұл қадамға үлкен дайындықпен келгенін айтты. Айнұрды тоқалдыққа көндіру оңай болмапты. Алайда күйеуі мен бәйбішесінің жайлы да жайдары мінезін ұғып, терең түсінген соң барып келісім беріпті.

– Биыл 40 жасқа толдым. Қыз кезімде айттырған жігіттер болды. Бірақ олардың көбі жас болған соң ба, жеңіл мінезді, оғаш қылықты, ащы су ішетін. Мен тым талапшыл едім. Ал бұл отбасының имани нұрға шомылып отырғаны қатты ой салды. Кейін уақыт өте келе келістім. Әрине, ата-анам қарсы болды. Бірақ мен қалап тұрған соң, олар да еріксіз көнді. Біздің арамызда реніш мүлде болмайды десем өтірік болар. Бірақ бәрін сабырмен, ақылмен бірлесіп шешеміз. Бұл отбасына келгеніме өкінбеймін. Бүгінде үлкен үйдің екі бұрышын мекен етіп тұрып жатырмыз. Тұңғыш ұлым үлкен анасының атында және мені «жеңге» деп атайды. Мен үйден қиындық көрмедім. Маған көше қиын. Қоғам қиын. Адамдардың сөзі ауыр. Олар мені жақтырмай тұратын сияқты. Біз үйленген жылы сөз азайсын деп Алматыға көшіп кеттік. Бұл қадамға Алланың разылығы үшін барғанымды кімге түсіндіріп жүремін? – дейді кіші Айнұр.

Түрлі тағдыр иелерінің жауабы да әртүрлі. Бірінің тағдырын бірі қайталамасы анық. Батыстық ғалым Густав Ли Вон: «Мұсылмандардың көп әйелмен некелесуі – заңды түрде бір әйелмен некелесіп, жасырын түрде көп әйелмен көңілдес болып жүре беретін еуропалықтардан әлдеқайда артық», – деп ашық мойындаған екен. Мүмкін жүгенсіз жүрген ағаларымызды жүгендеу үшін тоқал керек те шығар?!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.