Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоқаев, Құлыбаев, Абаев: Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданың ашылуына Қазақстаннан кім барады

0 176

Қысқы Олимпиада ойындарына, оның ішінде ашылу салтанатына шенеуніктерді қосқанда, 100 адамға жуық делегация барады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министр Серік Жарасбаев пен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков бірге жауап берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Брифинг кезінде қойылған сұрақтардың біріне жауап бере отырып, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Крюков Қазақстан бірқатар өзге елдер сияқты, Бейжің Олимпиадасына бойкот жарияламағанын айтты.

«Спорт пен саясат екі бөлек әлем. Біз – спортты қолдаймыз. Оны үлкен саясатқа араластырмау керек», – деді ол.

Оның айтуынша, жалпы Олимпиадаға қатысуға Қазақстаннан 34 спортшы, 20 жаттықтырушы, 7 сервис қызметкері мен штабтың 7 қызметкері, сондай-ақ, 10 дәрігер мен массажист баратынын айтты.

Ал шенеуніктер тарапынан Олимпиаданың ашылуына баратын делегация туралы сұраққа жауап берген вице-министр «министр, мен сияқты вице-министрлер Олимпиаданың ашылу салтанатына барады» деп хабарлады.

Сондай-ақ, «Қазақстан Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялады ма?» деген сұрақтың жауабын толықтырған спикерлер бойкот болмайтынын, оның үстіне, ұйымдастырушы тарап салтанатты ашылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шақырылғанын және Мемлекет басшысы баруы мүмкін екенін мәлім етті.

Сонымен қатар, журналистер Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев Бейжіңге бара ма деген сұрақ қойды. «Әрине, Олимпиада комитетінің басшылығы барады. Басшылық тек ашылу салтанатына емес, ресми кездесулерге қатысады» деп мәлім етті Андрей Крюков.

Естеріңізге сала кетейік, 24-ші қысқы Олимпиада ойындары 4-20 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасында өтеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.