Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тестілеу шынайы білімнің көрсеткіші бола ала ма?

0 377

Бүгінгі жаһандану дәуірі ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеуде. Содан болар, білім саласы жыл сайын реформаланып, педагогтарға қойылатын талап та күшейіп келеді. Соған сәйкес, еңбекақылары да жыл сайын артып отыр. Алайда бұған қол жеткізу оңай емес. Ол үшін біліміңді біліктілік тестілеуінде дәлелдеп, өз ісінің маманы екеніңді көрсетуің қажет. Бірақ бұл шынайы білімнің көрсеткіші бола ала ма?

Бұған қатысты бүгінде қоғамда түрлі пікір айтылуда. Әсіресе жуырда Алматы облысы, Алмалы ауылында тест үстінде мұғалімнің көз жұмуы бұл мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды. Осы орайда айта кетерлігі, облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында 4732 мұғалім біліктілік санатын көтеруге жіберілмек.
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Есенкүл Қохаеваның айтуынша, кез келген педагог ұстаз деген атқа лайық болғысы келсе, сынақтан өтуден қашпауы керек екен.
– Қазір көптеген әріптестерім біліктілік тестілеуіне тек жалақыны көтерудің жолы ғана деп немқұрайлы қарайды. Бұл – өте қате түсінік. Себебі мұғалім осы арқылы өзінің біліктілігін шыңдап қана қоймай, соған жету үшін талпынады, ізденеді. Ал мұның артында шәкіртін де ынталандыру тұрғаны сөзсіз. Өкінішке қарай, мұғалімдер жанын қинағысы келмейді. Меніңше, біліктілік тестіне қарсы болып, байбаламға салатын әріптестерімнің дені сол ізденістен қашып отыр. Ал өзінің мамандығын сүйетін, оқушылардың болашағына жаны ашитын мұғалімдер бұл жүйеге қарсы емес. Мұндай ұстаздар, керісінше, тестке баруға талпынып, өзінің деңгейін білуге асығады. Әрине, бірі денсаулығын, бірі егде тартқан жасын сылтау қылар. Бірақ бұлар шын шеберге кедергі болмауы тиіс. Өйткені өзі тест тапсырғысы келмейтін ұстаз ертеңгі күні оқушысына қалайша «ҰБТ тапсыр» деп айта алады? Сөз бен істің алшақтығы деген сол емес пе?! Адамның миы күш түсірмей, белсенді жұмыс істемесе, есте сақтау қабілетінің нашарлауы мен алжу дертіне апарып соқтырады. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сол үшін жасы келген ұстаздардың денсаулығына тестілеудің пайдасы зор. Тіпті мен айтар едім, 3-5 жыл сайын келетін мерзімін күтпей-ақ ұстаздардың өздері жиі тесттен өтіп тұруы еш артық етпейді, – дейді Есенкүл Ноқрабекқызы.
Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Бақытжан Махашев тестілеу ешқандай педагогтың білім-білігін арттырмайды деп санайды.
– Бүгінгі саны бар, сапасы жоқ заңдар мен пайда-зияны белгісіз педагогика-психология сұрақтарының жауабын білмей-ақ күні кешеге дейін қаншама атақты ұстаздар дәріс беріп келді. Солар елге, тіпті әлемге танымал тұлғаларды да тәрбиеледі. Мұғалім заңгер емес, ол – педагог. Педагог болғанда да батыстық үлгідегі емес, ұлттық болмыстағы жаңашыл ұстаз болып қалыптасуы тиіс. Өкінішке қарай, министрлік тарапынан дәл осы бағытта айқын мақсаттағы жанды жұмыстар жүргізілмей отыр.
Жарайды, мұны «жемқорлықты жою үшін жасалып жатқан әрекет» деп қабылдайық, бірақ осы тестілеудің түгел түрінен өткен мұғалімдердің қалай тәлім беретінін көріп те жүрміз. Тестілеу қазір тек ұзамай ұмытылатын уақытша жаттау мүмкіндіктерінің көрсеткіші ғана болып отыр. Туабітті ұйымдастырушылық қабілет, адами-педагогтық қасиет, ұзақ жылғы дағды-тәжірибе, сан түрлі пәндік әдебиеттерден алған білім арқылы қазіргі тестілеуден өту мүмкін емес. Себебі тек жаттау арқылы мұратқа жетесің. Ғұмыр бойы тынбай сабақ берген, сан түрлі қағаз толтырумен, әр оқушының жан дүниесін зерттеумен шаршаған жасамалы ұстаздың жаттау қабілетінің қандай болатыны баршаға белгілі. Қазіргі тестілеуден жақсылап дайындалса, жаңағыдай ұстаздан гөрі жады жақсы жоғары сыныптың оқушысы өтіп кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне қазіргі тест сұрақтарының өзі қалай болса солай құрастырылған. Мәселен, ҚР Конституциясы бойынша «Қазақстан Республикасында меншіктің қандай түрі бар?» деген сұраққа «а) мемлекеттік және жекеменшік; б) мемлекеттік пен жекеменшік» деп екі жауап түрі берілген. Енді осының қайсысы дұрыс, қайсысы қате екенін тауып көріңіз. Педагогика-психология, басқару құзыреті бойынша да түкке керегі жоқ бас қатырғыш сауалдар өріп жүр. Бір сөйлемді жазып, заты тұрмақ, аты белгісіз авторлардың тізімін жазып қойған жайттар да бар. Қайдағы бір батыстық психологтардың пәлен жылғы еңбегінің, түген жылғы айтқан сөзінің не керегі бар? Педагогика-психология саласына өмірін арнап, осы салада ғылыми еңбектер жазып жүрген ғалымдардың өзін шатастыратын, бірыңғай терминдерден тұратын сұрақтар жетіп артылады. Қорыта айтқанда, қазіргі тестілеу жүйесі мектеп басшысының да, мұғалімдердің де білімінің көрсеткіші бола алмайды. Бүкіл әлем бас тартқан Болоннан қалған, түгелдей батыстық модульге негізделген тестілеу жүйесін жоятын немесе өзгертетін уақыт келді. Әлемдік білім беруді барынша саралап, өзіміздің Әл-Фарабиден Абайға, Ыбырайға, Мағжанға дейінгі, оған кейінгі жылдардағы жетістіктерімізді қосып, теориялық сұрақтар дайындап, ұлттық тестілеудің жаңа нұсқасын дайындау керек, – дейді Бақытжан Маханұлы.
Жамбыл ауданы, Амангелді орта мектебінің мұғалімі Сәуле Майкенова еңбек өтілі 30 жыл болған мұғалімдер біліктілік тестілеуінен босатылса деген ұсынысын жеткізді.
– Тәжірибесі мол, ұстаздыққа 30-40 жыл өмірін арнаған мұғалім пәндік тесттен өткенімен, педагогиканың сұрақтарынан сүрінуі мүмкін. Себебі педагогиканың көп сұрақтары мүлдем түсініксіз әрі батыстың методикасымен жасалған, біздің ұлттық менталитетімізге сәйкес келе бермейді. Адамның жасы ұлғайған сайын оның есте сақтау қабілеті де кеми беретіндіктен, жаттап алу қиынға соғатыны сөзсіз. Ал бір педагогиканың сұрақтарынан өте алмай қалу мұғалімнің білім деңгейінің көрсеткіші бола алмайды. Сондықтан тест тапсырмай-ақ, мұғалім портфолиосын қорғаса жеткілікті деп есептеймін, – дейді ұстаз.

Мұғалім болу үшін диплом алу жеткіліксіз

Биылдан бастап университетті тәмамдаған жас мамандар қосымша тестілеуден өту арқылы «педагог» біліктілігін алуға міндетті. Дегенмен сынақ басталмай жатып сүрінгендер көп. Мәселен, былтыр педагогикалық университет түлектерінің 46 пайызы ғана қажетті балл жинай алған. Бұл яғни тест тапсырған 32 мың жастың 15 мыңын ғана құрап отыр. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Мысалы, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасу үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасымен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады. Жоғары оқу орнында, шын мәнінде, төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды. Ал бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларымызды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Бізге сан емес, сапа маңызды. Тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер балалармен жұмыс істемеуі керек. Бірқатар университеттерге де бұл шешім ұнаған жоқ. Өйткені бұл олардың жұмысының деңгейі мен сапасын айқын көрсетті. Бірақ біз жоғары оқу орындарының білім беру қызметінің сапасын жақсарту мақсатында мектепте қызмет етуге тек мықтылар келуі үшін жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – деген болатын. Осы орайда «Бұл жаңашылдық педагог болғысы келетін жастарға тосқауыл болмай ма?» деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Бұл сұрақты бірнеше білім ордасын басқарған ардагер ұстаз Нұркен Қасымоваға қойып көрген едік.
– Тест тапсыру – кімге болса да маңызды сынақ. Алайда тестте кейбір маман жастық сезімге бой алдырып немесе қобалжып, қажетті ұпайды жинай алмай қалуы мүмкін. Сонда ол үшін жас маманды сыртқа тебуіміз керек пе? Олай болса, неліктен университетте 4-5 жыл білім алды? Арасында мемлекеттік грант негізінде оқығандар да болар. Университетті тәмамдаған соң тесттің кесіріне жұмысқа орналаса алмай қалса, демек, бұл мемлекеттің мұғалім даярлауға бөлген ақшасының желге ұшқаны емес пе? Одан да министрлік жолдама арқылы жастардың екі қолға бір күрек табуына жағдай жасауы керек. Ешкім университетте 4 жыл оқып, мұғалімдіктің қыр-сырын түгелдей біліп шыға алмайды. Барлығы уақыт өте келе білімдерін тәжірибемен ұштастыру арқылы сол мамандықты меңгереді, үйренеді. Ал сынақтан сүрінді деп жұмысқа қабылдамайтын болсақ, білікті ұстаздарды қалай жасақтай аламыз? Сол үшін тесттен өтпеген мамандарды мектепке мұғалімнің көмекшісі ретінде алып, ұстаздыққа баулу керек. Бір жағынан, тәжірибе жинақтайды, екіншіден, келесіде тест тапсыру қиындық тудырмайды, – дейді Нұркен Нұрмаханқызы.
Жаңа ережеге сай Ұлттық біліктілік тестін тапсырған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің магистранты Көркемжан Бақытжанқызы бұл жаңашылдықтан көп өзгеріс күтеді екен.
– Жоғары оқу орнының магистранты болғандықтан, мектепке жұмысқа орналасу үшін маған «педагог» біліктілік санатын алу міндеттелген. Мен бұл шешімді қолдаймын. Себебі бұл ең алдымен «Еліміздегі университеттер дипломды әділ беріп жатыр ма, әлде тек соны басып шығарумен ғана айналысуда ма?» деген сауалдың жауабын табуға ықпал етеді. Жалпы міндетті біліктілік тестін Ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша күнтізбелік жыл ішінде бір мәрте ақысыз, екіншісін ақылы түрде тапсыруға болады екен. Ол үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтына кіріп, қажетті мәліметтерді енгізесіз. Ал тесттен жинаған ұпайың неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жұмысқа орналасуың жеңілдей түспек. Төрт жыл бакалавр, сондай-ақ екі жыл магистрлік білімімнің нәтижесінде маған Ұлттық біліктілік тестін тапсыру еш қиынға соқпады. Әуелі өзімнің таңдаған бағытым, яғни қазақ тілі мен әдебиеті бойынша сұрақтарға жауап бердім. Ал екінші пән – педагогика, оқыту әдістемесі еді. Біріншісінен 70 сұрақ қойылғанымен, оның ішіндегі 10 сұрақтың бірнеше жауабы болғандықтан, 80 ұпай жинауға болады. Бірақ аталған пәннен 40 ұпай жинасаң жеткілікті. Ал педагогикадан кем дегенде 15 ұпай еншілеуің қажет. Тест тапсырғаның туралы арнайы сертификат бір жылға дейін жарамды. Бұл құжатты жұмыс беретін мекеме басшылығы сұрайды. Осы орайда жас түлектердің сынақтан сүрінбеуі үшін қажетті екі пән бойынша оқу сағатын арттырып, мектеп оқулықтарының базасымен байланыс орнату керек екенін айта кеткім келеді, – деген Көркемжан тестілеу кезінде бақылау қатаң болғандықтан, барлығы әділ әрі ашық түрде өткенін де баса айтты.
Осы тұста ерекше атап өтерлігі, қабылданған ережеге сай шектік балл жинай алмаған жағдайда, болашақ педагогтың құқығы бұзылмайды екен. Яғни жас маманға бір жыл ішінде тағы бір рет тестілеуден ақылы өтуге мүмкіндік беріледі. Ал тест тапсыру кезінде техникалық жағдай бойынша қате кетсе, апелляцияға беруге болады.

Білім саласындағы қарқын алған өзгерістер қалай десек те, «тесттен өте алмасаң, тым болмаса мұғалім боласың» деген бұрынғының таяз түсінігін келмеске кетіргендей. Керісінше, бүгін сынақтан сүрініп кеткендер «ұстаз» деген атқа ие болу былай тұрсын, мектептің маңына да жолай алмауы мүмкін. Ал бұл жүйе сапалы ұстаздардың шоғырын қаншалықты құра алатындығы ертеңгі күннің еншісінде. Бастысы, бұл «Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырамыз!» деген ұранды ұстаныммен үйлесім тапса игі.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.