Қалалық қоғамдық-саяси газет

Техниканың тілін тапқан Василий

0 219

Психологтардың айтуынша өз сүйікті ісімен айналысқан адам жұмысты жақсы жасайды. Ұнаған ісіңмен айналыса отырып ақша табу – көп адамның арманы. Жаны қалаған істі серік еткендердің бірі – Василий Телицын. Мемлекеттің қолдауымен ол хоббиін табыс көзіне айналдырған. Кезінде скутермен жол апатына түсіп, Василий ұзақ уақыт ауруханада жатып, денсаулығы сыр беріп, есту және көру қабілетінен жартылай айырылып, 3-ші топ мүгедегі болды. Нәтижесінде жұмыс таба алмай жұмыспен қамту орталығына барады. Дегенмен, жолы болмай, денсаулығына байланысты жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмайды. Бір күні оған омарташы ісін игеру ұсынылады. Ол келісіп, курсқа барып, оқуды ойдағыдай аяқтап шығады. Осылай оқуды аяқтағаннан кейін жұмыспен қамту орталығының мамандары оған грант алып, өз ісін бастауға кеңес береді. Сол кезде Василийдің бұрын әуестенген ісі – мототехника есіне түседі. 500 мың теңгеден аса грант алған ол сырлауға арналған компрессор, қажетті құрал-сайман сатып алып, жаны қалаған ісі — техниканы жөндеуге білек сыбана кірісті. Бүгін оның ауласында жөндеуде екі мопед тұр. «Қытайдан қосалқы бөлшек күтіп отырмын. Карантинге байланысты қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізу қиын болды. Дегенмен, бәрі дұрыс болады дегенге сенім мол. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек маған қанат берді. Ісімді кеңейтуді жоспарлап, көліктерді сырласам деген ойым бар», — дейді жоспарларымен бөліскен Василий. Кейіпкеріміздің айтуынша, жаңа істі бастау қиын, дегенмен үрейге жол бермей, оны жеңіп шықса, табысқа қол жеткізу әбден мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.