Қалалық қоғамдық-саяси газет

Театр – өмір айнасы

0 23

Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Ленинград ауылының тумасы Абай Асылхан 2011-2015 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласының Гуманитарлық колледжінде, музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алса, 2016-2020 жылдары Қазақ ұлттық өнер университеті «Музыкалық театр және кино артисі» мамандығын тәмамдаған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, PhD докторы Асхат Маемиров сынды ұлағатты ұстаздан тәлім алған. Қазіргі таңда Абай жеке творчествосын қолға алып, тың дүниелерімен халықты қуантуда.

Жастардың бойындағы шығармашылықты дамытып, өнерге деген қызығушылықтарын ояту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының жас әртісі Абай Асылханмен сұқбаттасқан едік.

– Жалпы өзіңіз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. Қай елдің тумасы боласыз? Қайда білім алдыңыз?

– Мен 1995 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Ленинград ауылында дүниеге келдім. Асқар тау әкемнің есімі Асылхан Шакенов, ал маған жарық дүниені сыйлаған аяулы анам Гүлханым Шакенова. Жалпы отбасымызда 3 ағайындымыз.

– Сіз тек қана театр әртісі ғана емес, сонымен қатар әнші, бишісіз. Және де фильмдерге, басқа да жарнамаларға дубляж жасайтын қасиетіңіз де бар. Мұндай өнер бойыңызға қалай дарыды?

– Жалпы осы сұрақты көп адам қояды. Даусымның тембры әкемнен дарыған. Ал дұрыс сөйлеу әр әріпті, әр сөзді дұрыс айтуды өнер жолындағы ұстаздарымнан үйрендім. Сол ұстаздарымның ішінен Асхат Маемиров мырзаны ерекше атап өткім келеді. Әрқашан ақылын айтып, бағыт-бағдар көрсетіп барынша қолдауын білдіріп отырады. Осындай ұстаздардан тәлім алғаныма өте қуаныштымын.

– Артист болу үшін адам бойында қандай қасиет болу қажет?

– Артист болу оңай дүние емес. Ол үшін әр сомдағалы жатқан рөліңді жіті зерттеп, зерделеп бойға сіңіре білу қажет. Әр әртіс сахнада өмір сүре білуі керек.

– Өнер жолыңыз өмір жолыңызға әсер етпей ме? артисттер рөліне берілгендігі соншалық сол кейіпкердің өмірімен өмір сүріп жатады, образдан шыға алмай қалатындар да бар. Тәжірибеңізде ондай жағдайлар кездескен жоқ па?

– Дұрыс айтасыз, ондай жағдайларға да тап болған кездеріміз болған. Бірақ адам белгілі шектеуден аспауы керек деп ұстазым жиі айтып отырады. Өз басымнан да ондай қызықты сәттер өткен болатын.(Күліп) Алайда ұстаздарымның айтқан ақылын естен шығармай тәжірибеде қолдана білуге тырысамын.

– Елімізде өнерге бір табан жақын жастарымыз көп. Алайда көбісі өнер жолына қадам басуға қорқақтап жатады. Осындай жастарға айтар ақылыңыз?

– Әрине ондай жағдай менің өз басымнан да өткен. Әкем әскери адам боласың деп айтқан. Алайда аяулы анам жүрек қалауымды естіп, қолдау көрсетті. Осындай қолдаудың арқасында қазіргі таңда сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Барша жастарға айтарым, әрқашан жүректеріңізді тыңдай біліңіздер.Ұнайтын істеріңізбен айналысыңыздар дегім келеді

– Өзіңізге белгілі қазір елімізде карантиндік жағдай орын алды. Барша еліміздің жастары волонтерлік қызмет атқарып мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп жатыр. Осы орайда сіздер Сәкен Майғазиев бастаған «Супер отпуск Сакена» атты волонтерлық жұмыстарда белсенділік танытқан екенсіздер. Осы тұрғыда айта кетсеңіз.

– Иә, әрине елімізде осындай пандемия жағдайы орын алғандығы баршамызға ауыр тиіп жатқандығы айқын. Осындай қиын-қыстау кезеңде Сәкен ағамыз секілді ағаларымыз бастаған бұл игі бастамаға қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма, мұқтаж жандарға көмек көрсете алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Осы игі бастама арқылы біршама отбасыларға қол ұшын соза білдік.

Таңшолпан ПОШТАБАЕВА,
Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының»
ұйымдастыру секторының жастар
ісі жөніндегі инспекторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.