Қазақтың сахна өнеріне өлшеусіз үлес қосып, өзіндік жаңалық әкелген үлкен дарын иесі, Қазақстанның халық артисі, белгілі режиссер әрі ұлағатты ұстаз Асқар Тоқпановтың туғанына биыл 110 жыл толды. Қиын-қыстау заманды басынан өткізген өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы айтпақ бұрын біз балалық шағына көз жүгіртсек дейміз.
Асқардың бала кезінен жетімдіктің зарын көріп, байлардың қойын бағып, кедейшіліктің тауқыметін тартқанын біреу білсе, біреу біле бермес. Ол қалақтай домбырасын қолына алып, тау етегіне малды жайып жіберіп, Кененнің «Бозторғай» мен «Базар-Назар» әндерін шырқағанда ішкі шері тарқап, әсем әннің жетегінде жан сарайын тазартатын, жанды жеген қайғы-мұңы бір сәт ұмыт болып, нәзік дүниенің ләззатын сезінетін. Ондайда бойы жеңілдеп, алдағы күнге үмітпен қараушы еді.
Қолы босай қалса, ел кезіп, өнерін көрсететін Естемес ақсақалдың орындауындағы небір жыр-дастандар мен ән-күйлерді ұйып тыңдап, жаны байитын. Бірде Естемес ақсақал тауға қарап ән салып тұрған Асқардың әнін ту сыртынан тыңдап, ән аяқталған соң ақ батасын беріп, қанаттандырып жібергені бар. Ол кісі білмейтін ән-күй, қисса-дастан, ертегі, батырлар жыры жоқтың қасы еді. Асқар ең алғаш небір ертегі, аңыздарды сол кісінің аузынан естіп, қиялға еретін. «Сейпіл-Мәлік», «Манас» жырлары, «Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Көрғұлы», «Сұраншы-Саурық», «Өтеген батыр» сынды небір жыр-жауһарларды тыңдап, өнер деген киенің қасиетін біртіндеп бойына сіңіре берген-ді. Жамбыл атамыздың айтыстарын да келістіре айтушы еді атасы. Жетісу өңірінің нағыз дарындары Қатшыбай күйші, Естемес жыршы, Сәдібек әншілер еді. Асқар Тоқпановтың алғашқы ел ішінен шыққан ұстаздары – осы кісілер. Жамбыл мен Үмбетәлі жырлары бозбала жігіттің жүрегіне нұр құйып, рухани қазынаны бойына сіңіруіне септігін тигізеді. Өнердің өз өкілі болуына халық дарындарының әсері мол. Балаң жігіт осы дарындарға қарап бой түзейді.
Асқар он бес жасынан бала кезден жадына сақтаған ән-жырды суыртпақтап шығарып, көпшілік алдында айта бастайды. Бір күні ол қойды жайып жіберіп, биік төбеге шығып, айғайлап ән салып тұрған. Қасында ерткен сыпайы кісісі бар мал иесі Баймұхамбет бай оған ақырып жібергені. Асқар екі-үш жетім мен Естемес атасына өнерін көрсетіп жатқан. Шошып кетті. Атын омыраулатып, төніп тұрған байдан зәре-иманы ұшқан Асқар қаша жөнеліп еді, байдың алты өрім қамшысы аяздай қарып, арқасын жосып өтті. «Қу жетімек, не болды сонша зарлап, мал қайда? Ит-құс жеп кетсе де іздейтін түрің жоқ қой» деп қуып жүріп сабады. Бір-екі рет құлағанда домбырасының быт-шыты шықты.
Содан Қаскелеңге тартып, кедей-кепшікке жанашырлық танытатын партия мүшесі Қасым Күшіновке ол арыз айтады. Еңбегі еш болмапты. Ол кісі Асқарды Алматыдағы мектеп-интернатқа орналастырады.
Бар ынтаны оқуға бағыттаған Асқар екі жылда төрт сыныпты бітіреді. Бесінші сынып оқып жүргенде Абай атындағы педагогикалық институттың жанынан ашылған алты айлық курсқа кілең беске оқитын оқушыларды шақырады. Осы дайындық курсын бітірген соң Асқар қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Институт жанынан ашылған драма студиясын белгілі режиссер Жұмат Шанин басқаратын. Асқар көркемөнерпаздардың арасында шағын спектакльде ойнап, өнерімен ерекшеленеді. Сөйтіп Жұмат Шанинның ағалық қамқорлығының арқасында Асқар Тоқпанов Мәскеудің Луначарский атындағы театр өнері институтының актерлық факультетіне оқуға түсіп, бір жылдан соң денсаулығына байланысты демалыс алады. Әрине, орыс тілін білмейтін адамға бірден салалы пәндерден емтихан тапсыру, оны тілмен жеткізу қиынға соқты әрі киім, тамақ деген тапшы. Әбден қиналған кездері көп болды.
1934 жылы Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінде Леон Исаевич Мирзоян бастаған мемлекет басшылары қазақ жастарының мұң-мұқтажы жайлы білгісі келіп, жастарды жинады. Бәрінен хал-жағдайларын сұрастырып жатыр. Кезек Асқарға келгенде ол сахнаға шыққандай тұрып, тәжім етіп, реверанс жасаған екен. Бәрі күліп, «өнер адамы осындай болу керек» дескен екен. «Сол мінезіме әлі күнге ұяламын» деуші еді, жарықтық…
Асқар Тоқпанов Мирзоянға зачеткасын көрсетеді, кілең жақсы деген баға. Студенттің жағдайын сұрап, жетім екенін біліп, көмекшілеріне «бұл балаға айына 400 рубль дербес стипендия тағайындалсын және бұл стипендияны институт бітіргенше алып тұрсын» дейді. Асқар рухани әрі ақшалай байып, қуанып қайтқан екен. Кейін қазақстандық студентті қабылдағаннан кейін Л.И.Мирзоян институт директоры Алла Ильинична Фурмановаға қоңырау шалып: «Студент Асқар Тоқпанов тым жүдеу, бір жыл демалыс беріңіз, күш жинасын» деген екен.
Бір жылдан соң Асқар күзде оқуға келгенде режиссерлік факультетке ауысады. Ол РСФСР халық әртісі, сахна майталманы, Станиславскийдің шәкірті Василий Григорьевич Сахновскийдің жетекшілігімен институты ойдағыдай бітіреді. Бітірер алдында дипломдық жұмысы ретінде Шиллердың «Махаббат пен зұлымдық» атты спектаклін қоймақ ниетпен Алматыға драма театрына келеді. Бірақ бәрін жаңаша бастау қажет болады. Қазақстан Республикасының құрылғанына 20 жыл толуына орай Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболев бірігіп, «Абай» атты трагедиялық спектакльге дайындық жүргізіп жатқан екен. 24 жастағы жас режиссерге қиындық туғызған бір мәселе – ол кезде Абай өмірі мен шығармашылығы дәл қазіргідей толық зерттелмеген кезі еді. Абай ролінде Қалибек Қуанышбаев ойнайтын болды. Трагедиялық спектакльдегі Абай бейнесін сомдау оңайға соқпады.
Бірде Мұхтар Әуезов: «Сен бес жыл режиссерлыққа оқып келдің. Ал енді көрсет, біліміңді» депті. «Ерді намыс өлтіреді» демекші, Асқар Тоқпанов Абайға қатысты барлық әдебиетті оқып, Абай әндерін тыңдап, Абайдың үш мектебін зерттеуге кірісті. Бірінші – халық мектебі, екінші – Пушкин, Лермонтов, Крылов, Гете арқылы Европа әдебиеті мен мәдениетін игеру, үшінші мектеп – сезім пәлсапасы, Фирдауси бастаған шығыстың жеті жұлдызын білмей, сезінбей, түсінбей, тебіренбей кірісу қиын еді. Оның бұл ізденісін тірі жан білмеуі керек еді. Өйткені көп білетін адамнан «Мен халық артисімін» деген адамның өзі сескенетіні сөзсіз.
Пьесада үш жүйе тартысы бар. Біріншісі – Абай бастаған жаңаға, жарыққа ұмтылушы топ. Екіншісі – Жиренше, Оразбай бастаған феодалдық топ. Үшінші – кері тартқан діни көзқарастағы топ. Осы кикілжіңдер Ажар мен Айдар оқиғасында анық көрініс табады. Осылардың бәріне Абай қатысып, бітіспес күреске түседі. «Абай» пьесасы Асқар Тоқпановтың шығармашылығының бастауы әрі шыңы болды десек, артық айтпаған болар едік. Режиссер Тоқпанов аса қуатты шығармашылық көзін тап басып, үлкен бейнені сомдап, Қалибек арқылы Абайдай дара тұлғаны мойындатуға септігін тигізді, өз бағасын алды.
Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Атырау театрында қойылған «Абай» трагедиясы Асқардың Абай бейнесін бұрынғыдан да шебер сомдай түсуге септігін тигізді. Театр өмірінде Абайтану ғылымын бірден бір меңгерген осы Асқар Тоқпанов еді.
Асқар Тоқпановтың 60-жылдардағы шығармашылық өсу жолына зер салсақ, оның режиссерлық, педагогтық жұмыстары да, үшіншісі консерваториядағы кафедра басқарған кездері. Ол вокалмен қоса опералық режиссурадан да сабақ береді. Кейін өмір бойы жинақтаған тәжірибесін баспасөз беттері арқылы жариялауы оның тағы бір қыры болды. Режиссерлық еңбек, тіл мәдениеті, дәстүр мен жаңашылдық Асқар Тоқпановтың басты ұстанымы еді.
Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Шилікемер аулының түлегі, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпанов Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Сын сағаттары», «Қарагөз», Шахмет Құсайыновтың «Марабай», халықтың «Еңлік-Кебек», Сәбит Мұқановтың «Жеңіс жыры», Ғабиден Мұстафинның «Миллионер», Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты», А.Штейнның «Намыс оты», А.Юссоның «Терең тамырлар», Гогольдің «Ревизор» секілді көптеген спектакльге режиссерлық етті. Сонымен қатар Қарағанды, Атырау облыстық театрларының көркемдік жағын басқарып, жақсы спектакльдер қойды әрі режиссеры болды.
Көзі тірісінде «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен қоса бірнеше медальдармен марапатталған тау тұлға өнер зерттеушісі ретінде «Сахна сазы», «Кешеден бүгінге дейін», «Іңкәр дүние» атты жинақтардың авторы. Сонымен қатар өнер иесі дүниеден өткен соң «Асқар Тоқпанов» атты көзкөргендердің естелік жинақтары жарық көрді.
Өмірін өнермен өрнектеген өз ісінің хас шебері, Қазақстанның халық артисі, арқалы режиссер Асқар Тоқпанов жалған дүниеге келгендегі адами міндетін мінсіз атқарып, сахна өнеріне өзінің күш-жігері мен білімін сарқа жұмсап, нәтиже шығара білген қазақ халқының бағына жаралған жан еді. Әр адам қайталанбас тұлға десек, Асқар ағамыздың ісін жалғастырып, өздері де шәкірт тәрбиелеп, өнер шоғын қыздырған халық артистері Асекең жаққан өнер шырағын өшіріп алмай, келешек ұрпаққа жеткізе білді. Өнер жалғастығы деген осы да.
Жұматай КӨКСУБАЙ