Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тау ұлымын, тау – менің дәу бесігім

0 376

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Баласағұн» орталық концерт залында поэтикалық-сазды кеш ұйымдастырылды. Еркіндікке ұмтылған ақынның жүрегі әлемге, табиғатқа ғашық болғанын «Тау ұлымын, тау – менің дәу бесігім» деген өлең жолынан-ақ байқауға болады. Қазақты сүйген шалқар шабыттың иесін халқы да жүрегінде мәңгілік сақтайтыны даусыз.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бұл күні поэзияның шыңында өзіндік асуын қалдырған ақынның кешіне ағылған жұртшылық аз болмады. Десе де, карантин ережелері қатаң сақталды. Концерт залының кіреберісіне Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Қарасаз ауылында орналасқан М.Мақатаев әдеби-мемориалды музейінің қорынан жасақталған «Алаш жырының ақиығы – мұзбалақ Мұқағали» атты жылжымалы көрмесі орналасыпты. Онда ақынның жазу үстелінен бастап, тұтынған заттары, сондай-ақ тарихи суреттер тізілген. Кеш қонақтары алдымен көрмені бір мезгіл тамашалап, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Кеште Рамазан Стамғазиев, «Қоңыр» тобы сынды қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары және К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері, сондай-ақ Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актерлері өнер көрсетті. Жалпы поэтикалық-сазды кештің құрылымы көрермен көңілінен шықты. Алдымен экраннан асқар шыңдардың зау биігі көрініп, «Мен таулықпын» өлеңі оқылды. Артынша ақынның «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді», «Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар» деген монологына кезек берілді. Осы сәт Мұқағалидің образын сомдаған шебер актер Әсет Иманғалиевтің бұлқынған дауысы, ышқынған жүрегі ақынның көпшілік пайымдаған сұлбасын алып келгендей болды. Маңызы бөлек шығармашылық кеште «Құмған алған», «Атамекен», «Иіскейін», «Аңса, жаным», «Аңғал досым-ай», «Әке» және басқа да әндер орындалып, «Мен жолымды берейін, өт, қарағым» және махаббат туралы бірнеше өлеңдер оқылды. Мұқағали туралы қойылымдар да көрермен жүрегінен бірден орын алды. Соңында ақынның «Есіңе мені алғайсың» әнін әншілер тобы орындап, әдемі нотада өткен поэтикалық-сазды кештің шымылдығы жабылды. Ерекше қойылымның арасындағы байланыс, шығармалар мен қойылымның дәлдігінен болар, өлеңге сусаған жұртшылық актерлер мен әншілерге ерекше қол соғып, құрмет көрсетті.

Жоғары деңгейде өткен кешке ақынның тұңғышы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова да келіп, мәнді де мағыналы дүниенің куәсі болғанын айтып, ерекше үлгідегі кешке оң бағасын берді.

– «Мұзбалақ ақын» деп атаған Мұқағалиға халықтың ықыласы ерекше. Оны бәріміз білеміз. Бүгінгі кеште ақынның туған жері Қарасаздан көрме келгені де сәтті қадам болыпты. Ал жалпы поэтикалық-сазды кештің композициясына қарап, мәнді-мағыналы, тұжырымды дүние шыққан деп айтуға болады. Кешті ұйымдастыруға мәдениет саласында жүрген бірқатар азаматтардың еңбегі сіңді. Әсіресе, кештің басы-қасында жүрген мәдениет басқармасына алғыс айтамын, – деді Жұлдыз Мұқағалиұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.