Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татулық туын көтеріп

0 176

Еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше сән-салтанатпен аталып өтетін Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін жамбылдықтар жоғары деңгейде тойлады.

Толғанай АТАБАЙ Суреттерді түсірген Ю.Ким

Жыл сайын «Көне-Тараз» тарихи-мәдени орталығында тойланатын елеулі мереке биыл «Жастар» саябағында өткізілді. Мерекелік думанға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Бұл күні Ы.Сүлейменов көшесінің бойында этноауыл бой көтеріп, онда өңірімізді мекен ететін түрлі этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қазақ, орыс, украин, өзбек, ұйғыр, дүнген, түрік, корей ұлттарының өнерлі өкілдері өз салт-дәстүрлері мен болмыстарын айшықтайтын шағын сахналық көріністер көрсетіп, баршаны татулық пен бірлікке үндейтін ән-биден шашу шашты. Қала қонақтары түрлі ұлттың тағамдары қойылған берекелі дастарқаннан дәм татты.

Әсіресе, өзбек этномәдени орталығының әзірлеген «сүмәләк» деп аталатын ұлттық тағамының жасалу жолдары айтылып, қонақтардың қызығушылығын тудырды. Одан кейін сахнада бірнеше келіннің қатарласып тұруымен дойра аспабымен «келин салом», яғни беташар рәсімі өткізілді. Өзбек этносының дойра, дутор, карнай, сато, рубаб, зурна, нагарит, гиджак ұлттық аспаптары да ойналып, көпшілікті тәнті етті. Аспан көгіне самғаған әуендер бұл күнгі мерекелік көңіл-күйдің ерекшелігін айғақтай түсті. Өңір басшысы барлық этномәдени бірлестіктердің өнерін жоғары бағалап, жылы лебізін білдірді.

– Бұл мерекенің татулық пен келісім қағидасын ұстанған ел үшін орны ерекше. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың татулығына осы мереке куә. Біз тек бірлік мерекесінде ғана емес, елдің бірлігі мен тыныштығын әрдайым ту етіп келеміз. Күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-ші сессиясында Елбасы осы құндылықтардың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде еліміздің бір шаңырағының астында 130-дан астам ұлт пен ұлыс берекелі күн кешсе, Әулиеата өңірінде 80-нен аса этностың бейбіт күн кешіп жатқанына баршамыз куәміз. Қоғамдағы келісімнің арқасында Қазақстан үлкен жетістіктерге жетуде. Оны әлемдік аренадағы ұйымдар да мойындап отыр. Бұған жамбылдықтардың да қосқан үлесі қомақты. Ұлы даланың бабалары елдің бірлігі мен тыныштығы турасында талай өсиет қалдырды. Сондықтан баршамыз туған жердің төсінде, бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін! – деген аймақ басшысы ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға атсалысқан Қоғамдық кеңес төрағалары мен бірқатар этномәдени орталық басшыларын марапаттап, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Білім» алаңындағы «Ынтымағы жарасқан, туған өлке – Қазақстан» атты концерттік бағдарламасы мен театрландырылған көріністі көпшілікпен бірге тамашалап, ұлттық ойындардан өткен жарыстың куәсі болды. Мерекеге жиылғандар ләңгі, қазақша күрес, асық ату, қол күрес, тоғызқұмалақ сияқты басқа да жеті түрлі ойын түрінен күш сынасты.

– Татулық пен бірлік – біздің басты құндылығымыз. Басқа мемлекеттердегі жағдайды қайталамау үшін осы бірлігімізді сақтауымыз қажет. Бұл ұлттар мен ұлыстар теңдігінің үлгісіне айналған елде тұрамыз. Бүгінгі шеруде татулықтың туын желбіретіп 27 этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысып отыр. Осылайша, қаламыздың және жалпы Қазақстанның тұрғындарына ауызбірлігімізді көрсете білдік деп ойлаймын. Достығымыз ғасырлар бойы жалғаса берсін! – дейді ізгі тілегін арнаған М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы Мухаббат Тұрдыева.

Бірлік күніне орай ұйымдастырылған мұндай мерекелік шаралар облыстың барлық аудан орталықтарында да бір мезетте өтіп, өңір тұрғындарына ерекше әсер сыйлады. Татулық туын желбіреткен думанды кеште облыстық қазақ драма театрының ұжымы театрландырылған қойылымдарын сахналаса, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы мен қалалақ мәдениет үйінің өнерпаздары күмбір күй ойнатып, әсем әнді әуелетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.