Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татулық пен тазалықтың айнасы

0 159

Әдемілік қашанда жүрекке жылылық ұялатады. Жол жиегіне қондырылған аққулар, ағаш діңдерінен жасалған түрлі мүсіншелер мен қоян, аю, кірпі сынды ойыншық жан-жануарлар үй ауласына ерекше көркемдік сыйлап тұр. Бала тұрмақ, үлкеннің көңілін жаулаған көрініске көз тоймайды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Тараз қаласы бойынша «Үздік аула» номинациясын Әйтеке би көшесіндегі №30 үй мен «Үздік көше» номинациясы бойынша Демьян Бедный көшесінің бұрылысы жеңімпаз атанған. Осы еңбектерінің, әсемдікке құмарлығының арқасында тұрғындар құрметке бөленіп, тазалығы мен көркемдігі астасқан үздіктер қатарында.
– «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Үздік аула», «Үздік көше» атты байқау өткізуге қала әкімдігіне ұсыныс білдіргенде, шаһар басшылығы бірден қабылдап, үздік аула мен көшелердің сайысы шілде айында әлеуметтік желіге жарияланды. Сөйтіп, Қала күні мерекесінде үздіктер марапатталған болатын. Енді міне, тазалығы мен көркемдігі астасқан әсем көріністің куәсі болып тұрмыз. Расында, үздіктер ауласы мен көшелері осындай ауыз толтырып айтарлықтай, – деді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жұбандықова.

Сұрғылт тартқан күз мезгілінде, ағаш жапырақтары жерге түсіп, көктем мен жаздағы жасыл реңін жоғалтқанымен, сыны кете қоймаған. Жаз шығысымен-ақ жайнап шыға келетіні көрініп тұр. Оны құмыралар мен жапырағы түскен гүл сабақтарынан байқауға болады. Ауладан тазалық пен ұқыптылықтың лебі еседі. Мұнда көрік беріп тұрған бақшадан өзге, көзің еріксіз ерекше ретпен орналастырылған ағаш көшеттеріне түседі. Тіпті керексіз тұрмыстық заттарды пайдаланып, түрлі идеямен әшекейлеп, тұрғындар өз қолдарымен ақ тастармен оюлап, өрнектеп, сырлап қойған.

Ал үздік көшені анықтау барысында Демьян Бедный көшесінде басты көзге түскені – ең алдымен тазалық болыпты. Сондай-ақ абаттандыру деңгейі, халқының ұйымшылдығы мен қоғамдық шараларға белсене атсалысуы да кісі қызығарлықтай екен.

– Көшеміз таза әрі көршілерімізбен түгел тату болғандықтан, біздің көшені таңдады. Әкімдіктегілер келіп, көшені бақылап кететін. Содан міне, биыл үздік көше атандық. Рақмет, ризамыз! – деді осы көшенің тұрғыны Инаят Сұлтанходжаева.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.