Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татулық пен келісім – басты байлық ел үшін

0 200

Бүгінде облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы өз деңгейінде орындалуда. Қазіргі таңда Тараз қаласында 24 этномәдени бірлестік ресми тіркеліп, олардың төрағаларымен қалалық ішкі саясат бөлімі тарапынан тығыз қарым-қатынас орнатылған. Этнос өкілдерінің ішінде беделді тұлғалардың да тізімі әзірленген.

Статистикаға сүйенсек, облыс орталығында этностар бөлінісі бойынша 364665 адам болса, оның ішінде қазақтар – 245549, орыстар – 58836, дүнгендер – 1380, түріктер – 5048, өзбектер – 23699, кәрістер – 6887, күрдтер – 170, әзірбайжандар – 989, татарлар – 5200, қырғыздар – 4963, немістер – 1976, украиндар – 1187, ұйғырлар – 825, шешендер – 542, гректер – 627, белорустар –147, тәжіктер – 559 және тағы басқа ұлт өкілдері – 2381-ді құрап отыр. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері түрлі қоғамдық-саяси, мәдени шараларға белсенді атсалысуда. Айталық, биыл 98 іс-шара ұйымдастырылып, оған 4 000-нан аса адам қамтылды. Сонымен қатар жастарды толерантты мінез-құлық, мәдениет пен діндерді құрметтеу негізіне үйрету, қазақстандық қоғамның полиэтникалық құрамының қалыптасу тарихы туралы жас буынның білімін арттыру бағытында ағымдағы жылы 15 кездесу ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Жамбыл оқулары», «Қазақ тілі–ғажап тіл» атты челлендждер өткізілді. 1-наурыз күні «Алғыс айту» күніне орай «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне, облыстық, қалалық зиялы қауым өкілдерінің, өңірлік Қазақстан халық Ассамблеясы мүшелерінің, этномәдени бірлестік белсенділерінің қатысуымен гүл шоқтары қойылды. Осы күні қала әкімдігінің ұйытқы болуымен қалалық мәслихаттың депутаттары, қала жастары әл-Фараби көшесінің бойында «30 жылдықа 30 мың ағаш» акциясы аясында талдар отырғызып, қала кәсіпкерлерінің демеушілік қолдауымен 342 аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеттерін таратты. Сондай-ақ 1-мамыр күні «Достық» үйінің алдында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлігі жарасқан тәуелсіз Қазақстан» атты мерекелік іс-шара аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Бұған қоса 31- мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне және «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне зиялы қауым, этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен гүл шоқтары қойылып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етілді.
Бүгінде коронавирус инфекциясының таралуына орай санитарлық талаптарды сақтай отыра Тараз қаласындағы этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған іс-шаралар жоспары да бекітілген. Соған сәйкес этномәдени бірлестіктердің паспорттары жаңартылып, шаһардағы өзекті мәселелер және оларды шешудің жолдары бойынша арнайы карта әзірленді. Сонымен қатар Тараз қаласында ұлтаралық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі мен қоғамдық келісімі үшін қала әкімінің сыйлығын тағайындау мақсатында арнайы комиссия да жасақталды. Соған орай шаһарда тіркелген және қоғамдық аккредиттеуден өткен этномәдени бірлестіктер арасында байқау өткізіліп, жүлдегерлер Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталатын болады.
Короновирус ауруының алдын-алу мақсатында вакцинация жұмыстарын жүргізуге этно мәдени бірлестіктер белсене атсалысты. Этно мәдени бірлестіктердің төрағалары қала тұрғындармен кездесіп, індеттің алдын-алудың бір жолы вакцина алу екендігін жеткізді. Кездесулер барысында «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Зайнутдинов, «Ахыска «түрік ұлттық орталығы» қоғамдық этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының орынбасары И.Зуфаров вакцина салдырды.

«Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу» жобасын ұйымдастыру бойынша да іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігі тиісті жұмыстарды жүргізуде. Осы мақсатта қазіргі таңға дейін қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде 22 мақала жарық көріп, шаһар көшелерінде тақырыпқа сәйкес 6 баннер орналастырылған.
Бүгінде өңірде этносаралық ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба бермек.

Ұлана Сламбекова,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.