Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарихи жәдігерлер сыр шертті

0 332

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі Халықаралық музей күніне орай онлайн форматта «Музей түні» акциясын өткізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бұл дәстүрлі шара коронавирус індетіне байланысты «Facebook» әлеуметтік желісіндегі https://www.facebook.com/konetaraz парақшасында онлайн форматта жалғасын тапты. Өткен ғасырларға онлайн саяхаттау мақсатында ұйымдастырылған шараны «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев сөз сөйлеп ашты.
– Тарихымызды болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізу – мәдениет саласы қызметкерлерінің міндеті. Мерекелік көркем-мәдени акциясының негізгі мақсаты – өнерді дәріптеп, халыққа жеткізу. Сонымен қатар көңіл көкжиегін кеңейтіп, төл мәдениетіміздің нәрінен сусындауға арналған көне жәдігерге толы орынды онлайн форматта тамашалауға шақырамын, – деді Нұрлан Дүйсенәліұлы.
Музей түні аясында 2000 жылдық тарихы бар Тараз қалашығынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құнды жәдігерлердің тарихымен кеңінен таныстыру мақсатында арнайы көрме жасақталған болатын. Осы орайда ең алдымен музейде «Тарихи жәдігерлер сыр шертеді» атты онлайн экскурсия жасалды.
Қазба жұмыстары барысында табылған бірегей жәдігерлердің тарихымен музей қызметкерлері таныстырды. Көрмеде түркеш, қараханид дәуіріндегі тиындар мен қытай тиындары, түрлі әшекейлер, шырағдан, араб әріптерімен әдіптелген табақтар, дәнді дақылдарды сақтау үшін арнайы қыштан жасалған құмыралар, су құбырлары, торсық, өрнектелген кірпіштер көрсетілді. Сондай-ақ жұмыр тастардың сан алуан түрлері де ұсынылды. Мамандардың айтуынша, жұмыр тастар көне заманда иіссу сақтауға және сұйық дәрі құюға арналған құты есебінде пайдаланылған екен.
Бағдарлама барысында зерттеу кезінде табылған қыш ыдыстарды тазалап, желімдеп және тағы басқа да көне жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстары бойынша реставратор, музейдің кәсіби маманы, суретші Күмісбек Ауғанбаевтың арнайы шеберлік сағаты да ұсынылды. Ол өз шеберлік сағатында сынық қыш табақшаны сүртіп, желімдеп, қалпына келтірді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында жазбалары дайындалған бұрыш таныстырылды. Онда Абайдың сан жылдар тізбегінде жазылған өлеңдері мен қара сөздері жазылған екен.
Одан кейін онлайн форматтағы іс-шара ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мерейтойларына арналған театрландырылған көрініске ұласып, қорық-музейіне қарасты нысандар туралы дайындалған деректі фильмдер топтамасымен жалғасты. Онда «Ұлы тұлғалар – ұлт болмысы» айдарымен Әбу Насыр әл-Фараби – 1150 жыл, Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл, Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына арналған қойылым көрсетілді. Сонымен қатар шара «Жібек жолының жауһарлары» атты деректі фильмдер айдарына ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.