Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарихи-өлкетану музейіне – 90 жыл

0 583

«Өзіңді-өзің тану тәрізді тарихты танып білу де қазіргі даму процесіне қажет», – дейді ақын Олжас Сүлейменов. Иә, ұланғайыр атыраптың тарихын терең танып, оны келер ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Бізге дейінгілер де сол қағиданы ұстанған. Тарихтың тұнған мекені Тараз шаһарында осы уақытқа дейін табылған жәдігерлерге назар аударсақ, тіпті тереңдей түсеміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін біз қазба жұмыстары кезінде өңірде табылған құнды қазынаның ортасы, яғни облыстық тарихи-өлкетану музейіне барған едік.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Бұрын қаланың орталық алаңында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі шығыс стиліндегі ғимараттың біріне ауысқанына да екі жылға жуықтапты. Қазір музейдің қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын кешенге ауысқаны ұтымды бастама болғанына көз жетті. Жалпы ғимараты 2 қабаттан тұрады. Оның аумағы 4015 шаршы метрді құрайды. Ал музей қорында 65 мыңнан астам бірегей және құнды жәдігерлер сақталған. Олардың негізгісі тарихи, археологиялық коллекциялар, нумизматика, тарихи-тұрмыстық заттар, қолжазбалар мен баспа құжаттары, бейнелеу және сәндік өнер туындылары екен. Музей экспозициясы Жамбыл облысының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтиды. Қор бөлімінде жәдігерлердің картотекасы сақталады. Жәдігер бірінші қорға түседі. Ондағы бұйымдар экспозицияға қарай ауысып отырады. Бірінші қабатта кітапхана бар. Онда ғылыми қызметкерлер зерттеумен айналысады. Бұдан бөлек, кейбір сынған бұйымдарды қалпына келтіретін реставратор мен экскурсия жүргізетін төрт маман бар.
Нысанда төрт зал болса, оның әрқайсысы өзінше құнды жәдігерге толы. Біз бірінші «Тарихқа дейінгі кезең» залына беттеп, облыстың тарихқа дейінгі кезеңін тамашаладық. Бұл зал адамның пайда болуы және қалыптасуы, олардың алғашқы еңбек, шаруашылық, тұрмыстық қажеттіліктері, табиғат және жануарлар әлемі, рулық қоғамның шығуы және дамуы, түркі мемлекеттерінің этносаяси және мәдени тарихына арналған екен. Бұйымдардың ең көнесі – біздің заманымызға дейінгі 2-3 мыңжылдықтарды қамтитын остеологиялық заттар. Бұған адамзат баласынан бұрын Оңтүстік Қазақстан территориясын су басқан кезеңге жататын қалдықтарды айтсақ болады. Мысалы, ірі жануарлардың сүйегі (мамонт), інжу-маржан, ұлудың қабыршағы сақталған. Одан әрі тас, темір, қола дәуірі деп жалғасады. Мысалы, тас дәуіріне тән Қаратау жоталарынан табылған еңбек құралдары бар. Қола дәуіріне жататын Мойынқұм ауданындағы Хантау деген жерден табылған әйел адамның қоладан жасалған әшекейлері және қыш құмыралары тізілген. Міне, осылайша барлық кезеңдер легімен хронология бойынша байланысып, тәуелсіздік жылдарына дейін жетеді.

Екінші зал «Тараз қаласының тарихы» деп аталады. Мұнда қала құрылған тұстан бастап, Ұлы Жібек жолы кезеңі, яғни шаһардың Шығыс пен Батысты байланыстырған ірі сауда орталығы болған уақытты елестету қиын емес. Тараз қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ортағасырлық бірегей жәдігерлерден бастап, ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржандары Қарахан баба, Айша бибі, Бабаджа хатун ескерткіштері, Тараз қаласынан шыққан ғұламалар туралы мәліметтер бар. Бұл залдың тағы бір ерекшелігі, голограмма арқылы Жамбыл облысының «Қазақстанның киелі географиясы» тізіміне енген архитектуралық ескерткіштер мен тарихи нысандарын 3D-форматта тамашалай аласыз.

Үшінші зал қазақ этнографиясына арналған. Көшпенді қазақ халқының тұрмысын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тіршілігін сипаттайтын ұлт өнерінің жиынтығы осында. Нақтырақ айтсақ, қазақ киіз үйі, ағаштан, теріден, жүннен, сүйек, мүйізден қарапайым әдіспен жасалған бұйымдар, ұлттық киім, зергерлік бұйымдармен қоса, батырларының қару-жарақтары да сақталған.

Төртінші зал «Әулиеата кезеңіне» арналыпты. Қазан төңкерісінен бастап Кеңес өкіметінің орнаған тұс, Кеңес Одағы кезіндегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, Қаратау тау-кен өңдеу өндірісі туралы деректер бар. Бұдан бөлек, халықтар достығы және тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне де орын табылыпты. Ал музей фойесінде «Құрметті азамат» атағын беру қағидасы мен дерекқорлары қойылған. Қазіргі уақытта музейдің құнды жәдігерлері туралы ақпаратты қызметкерлердің көмегінсіз алуға, мектеп аудиторияларына интеллектуалды сайыстар өткізуге мүмкіндік беретін QR-код орнатылған. Бұл жаңа технологиялардың көмегімен жұмыс сапасы артты деген сөз. Осы ретте музейге келген қонақтарға қазақ және орыс тілінен бөлек, ағылшын тілінде шолу жасап, тақырыптық экскурсиялар жүргізілетінін айта кеткеніміз жөн.

1931 жылы 25 тамызда негізі қаланған музейдің құрылғанына биыл 90 жыл толып отыр. Әрине, атаулы датаны жоғары деңгейде атап өтуге де болатын еді, дегенмен карантиндік шектеулерге байланысты сақтық шараларын ескермесе болмайды. Осы уақыт аралығында көненің көзіндей жәдігерлерді қызғыштай қорыған музей қызметкерлерінің жұмысына табыс тілеп, қор құнды экспонаттармен толыға берсін дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.