Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздық жасөспірімдер жарады

0 260

Елорда күні мерекесіне орай футболдан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өз мәресіне жетті.

Облыс орталығында өткен аладоп аламанын қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Үш күнге ұласқан тартысты турнирге Алматы, Тараз, Шымкент қалаларынан 6 құрама қатысты. «Қазфосфат» стадионында өткен спорттық дода достықты дәріптеді. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Монтажник» футбол клубының негізін қалаушы Георгий Хутиди қатысып, Тараз төрінде шағын футболдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ал бұл жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың осы түріне деген қызығушылығы басым екенін аңғартады.
Жарыс төрешілерінің шешіміне сай, «Тараз» футбол клубының жас спортшыларынан құралған құрама жеңіске жетті. Ал жерлестерге есе жіберген алматылық «Іле-Сәулет» командасы күміспен күптелсе, Алматы шаһарынан келген «Трайсе» командасы қола жүлдені місе тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің медальдерімен, дипломдарымен, жалпыкомандалық кубоктарымен марапатталды.
Елорда күніне арналған турнир биыл бірінші рет ұйымдастырылды. Ол 3 күнге созылды. Алдағы уақытта дода дәстүрлі шараға айналмақ. Бұл өңір спортының дамуына жаңа леп беріп, жас спортшылардың жетілуіне септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.