Экономиканы дамыту үшін тікелей инвестицияға басымдық беру маңызды. Өйткені инвестиция – кез келген экономиканы алға жылжытушы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деген болатын.
Бүгінде шаһарымызда өз бизнесін дамытуға қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар көп. Осыған орай, күні кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Жиын барысында қаланың экономикалық мүмкіндіктері мен құрылыс саласындағы бірлескен жобалар сөз болды.
Кездесу барысында тараптар жергілікті инфрақұрылым, бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар және шетелдік капиталды тарту тетіктері жөнінде пікір алмасты.
Өз кезегінде қонақтар шаһардағы көпір құрылысы мен жаңа мектеп салу жобаларына ерекше қызығушылық танытып, алдағы уақытта нақты ұсыныстармен келіссөздер жүргізуге дайын екендерін жеткізді.
Сонымен қатар қала әкімі қоқысты қайта өңдеу және экологиялық жобаларға да қолдау бар екенін атап өтті.
Басқосу барысында Бақытжан Орынбеков инвестиция тарту – Таразды дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтып, қала ашық әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Жалпы, Тараз қаласында инвестициялық әлеуеті жоғары. Пысықталып жатқан жобалар да жетерлік. Ең бастысы – қала әкімдігі тарапынан бекітілген жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында іске асырылу сатысындағы, алдағы уақытта іске асырылатын жобаларға сүйемелдеу, бақылау орнату, туындаған мәселелерін шешу бағытындағы жүйелі жұмыстар ойдағыдай жүргізіліп жатыр.