Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздағы бүлік кезінде Ресей азаматы қайтыс болған

0 113

Тараз қаласында 6 қаңтарда болған бүлік кезінде қарақшылар қолынан Ресей азаматы қайтыс болған, – деп хабарлайды “Jambul-Taraz” ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығына Ресей азаматы, үш баланың анасы, 1995 жылы туған М.В. Кимнің қайтыс болғаны туралы ақпарат келіп түскен. Шабуыл М.В. Ким жұмыс орнынан кетіп бара жатқанда жасалған.

«Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы марқұмның анасымен, туыстарымен, жақындарымен байланысқа шықты. Облыс басшылығына жағдайды бақылауға алу және марқұмның отбасына көмек көрсету туралы өтініш жолданды. Бас консулдық М.В. Кимнің отбасына материалдық көмек көрсету мәселесін пысықтап жатыр», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына осы қылмысты мұқият әрі жан-жақты тергеу туралы сұрау жібергені айтылды.

«Қылмыскерлердің жеке тұлғалары анықталады деп үміттенеміз. Заң бойынша жазаланады деп сенеміз», – делінген хабарламада.

Қазақстандағы Ресей елшілігі марқұмның туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтып, оларға осы қиын уақытта күш-жігер тілеп, сабырға шақырды.

Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққанболатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.