Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда туризмнің тірлігі тіктелуде

0 954

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Аталған саланы өркендету арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселені шешуге болатыны да белгілі.

Ол үшін елімізде барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Тәуелсіздік алған соң, мәдени және тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған бұл саланы дамытуға алғышарттар жасалды.
Бүгінде Тараз қаласын да туризм орталығына айналдыру бағытында ілкімді істер қолға алынған. Айталық, шаһар бойынша қазір 106 қонақ үй, 8 туристік ұйым, 12 туристік нысан, 15 туристік маршрут жұмыс істеп тұр. Саланың негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ, 2024 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша, қалаға келген ішкі туристер саны – 49 431, шетелден келгендер – 849 адамды, орналастыру орындарындағы (қонақ үйлер) бөлме саны 2 779 төсек-орынды құрады. Сондай-ақ осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңіне нақты көлем индексі 405,7 пайызды еңсерді.
Таразда 2023 жылдың 1 шілдесінде құны 1,2 млрд теңгені құрайтын «Зербұлақ» демалыс-сауықтыру орталығы пайдалануға беріліп, онда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған еді. Ал биыл бұл жобаның 2-ші кезеңі жүзеге асырылып, өз жұмысын бастады.
Ағымдағы жылдың 27-28 қыркүйек аралығында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені алаңында «Тараз – қолөнершілер қаласы» III Халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылып, көне шаһар Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің аккредиттеуінен өтті. Осылайша Тараз «дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесін сақтап қалды.
Фестивальге алыс және жақын шет мемлекеттерден қолөнершілермен қатар, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтары, халықаралық сарапшылары, туризм саласына қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Көрмеге 110 шетелден және 70 Қазақстанның басқа өңірлерінен туристер келді.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың мамыр айында қала мектептерінің 1 000 үздік оқушысын тарихи-мәдени ескерткіштерге апару арқылы туристік маршруттар ұйымдастырылды. Экскурсия барысында барлық оқушыға арнайы кәдесыйлар берілді.
Бұдан бөлек, «Тараз – қолөнершілер қаласы» фестиваліне дайындық жұмыстары жүргізілуіне орай, қазақ халқының ұмытылып бара жатқан қолөнерін жаңғырту, ата-бабалардан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа аманат ету, дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз жасау өнері мен технологиясын жастар арасында насихаттау мақсатында «Үздік қолөнерші» байқауы өтті.
Мемлекеттік қолдаулар арқылы туризм саласын дамыту негізгі бүгінде 4 бағыт бойынша жүргізіледі. Оның екеуі Таразға тиесілі. Бұл қолдаулар облыстық кәсіпкерлік басқармасы арқылы жүзеге асырылуда.
Нақтырақ тоқталсақ, қазір туристік бизнес өкілдері туристік қызмет объектілерінің құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының 10 пайызы өтеледі. Аталған қолдау бойынша 2023 жылы Тараз қаласынан жалпы сомасы 178,9 миллион теңге болатын 8 нысан құжаттарын тапсырды. Бұған қоса туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25 пайызы қайтарылады. Жалпы сомасы 15 млн теңге болатын 2 нысан аталған қолдауға қол жеткізуге ниетті. Енді осы шығындарды өтеу бойынша облыстық комиссияда қаралып, хаттамасы шығып, облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан бюджеттік өтінім ұсынылған.

Жандос Рүстембаев,
Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.