Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда енді электротаксилер қатынайды

0 338

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен электромобильді такси паркінің ашылуы рәсімі өтті. Экологиялық таза көлік түрлерін дамыту бағытындағы маңызды жобаны «ЮгайЮгТакси» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырып отыр. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында күні кеше облыс орталығына 20 электромобиль жеткізілді. Аладғы уақытта олардың санын 100-ге дейін арттыру көзделуде.

Шаһар басшысы өз сөзінде бұл бастаманың экономикаға оң әсер етіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да қосар үлесі зор екенін баса айтты.
– Электромобильді такси паркінің ашылуы – тек көлік саласындағы жаңалық қана емес, экономика мен экологияға тың серпін беретін озық қадам. Электромобильдер – заманауи технологияға негізделген, экологиялық жағынан таза, энергияны үнемдейтін көлік түрі. Бұл бастама ауа сапасын жақсартуға, көмірқышқыл газының таралуын азайтуға сеп болады. Сонымен қатар қалалық көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге де мүмкіндік туғызады. Экономикалық тұрғыдан алғанда бұл жоба – инвестиция тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың, сонымен қатар инновациялық технологияларды енгізудің нақты үлгісі. Жергілікті кадрларды даярлау, қызмет көрсету сапасын арттыру, сервистік инфрақұрылымды дамыту арқылы біз шаһардың әлеуметтік әлеуетін де арттырамыз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Аталмыш көліктер бір қуатталғанда шамамен 500 шақырымға дейін қатынай алады. Қазіргі таңда шаһар аумағында арнайы қуаттау станцияларын орнату үшін жер телімдері қарастырылып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген қолдау көрсетілген.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.