Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз тарихының темірқазығы

0 220

Бүгінде елімізде ежелден бүгінгі күнге дейін сақталып келген мәдени мұраларымыз баршылық. Кейбірі өткен ғасырда елімізге төнген қауіп салдарынан жойылып, қайта бой көтерді. Тәуелсіз ел болғалы, тарих бетінен жоғалып кетуге шақ қалған төл мәдениетіміздің кейбір туындылары қайта жаңғыртылды.

Думан САХИ

Мұндай тарихи бетбұрыстарға әлбетте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қазақстандықтарға ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы сеп. Жаңғыру жолында атқарылған шаралардың ең бірегейі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында әзірленген карта. Картаға Жамбыл өңірінен енген нысандарға бүгінде туристер көптеп ағылып, шаһарға көрік берген орындардың тарихына деген қызығушылық артып отыр. Соның бір айғағы – Тараз төрінде орналасқан «Тектұрмас» сәулет кешені. Кешен – X-XIV ғасырларда Тараз қаласының оңтүстік-шығысында, Талас өзінің бойында салынған ежелгі қасиетті орындардың бірі. Мазар қасиетті Сұлтан-Махмұт хан бейітіне арнап салынған және осы жерде хан жерленген деп саналады. Сол кездегі мазардың сыртқы көрінісіне келер болсақ, астыңғы бөлігі төртбұрышты, үстіңгі бөлігі күмбезді, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, есігі батыс Тараз шаһарына қаратылып салынған. Бұл сипаттамалар бізге ХІХ ғасырдың 80-жылдарында түсірілген фотосуреттен белгілі болып отыр. Тектұрмас күмбезін алғаш рет ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында зерттеген, кесененің орнын ашқан – шығыстанушы ғалым Василий Каллаур. Кейінде күмбезге зерттеу жұмыстары жүргізілген. Айнала қорғаныс дуалмен қоршалып, сыртынан ор қазылған. Қаланың іші мен сыртында құрылыс қалдықтары табылған. Қазба барысында табылған қыш ыдыстардың сынықтары мен қалашықтың жобасының сипаты оның VII-XIII ғасырлар аралығында өмір сүргенін білдіреді. Күмбездің құрылысы VIII-XI ғасырда, ислам діні енгенге дейін қалана бастаған. 1864 жылы көктемде орыс отрядының зеңбіректері осы кесене маңына қойылып, қоқандықтардың қамалына бағытталған қарсыластарының оқтары осындағы оларға жетіп, кесенеге көп залал келтірілген.
Кесене XX ғасырдың 20-жылдарының аяқ кезінде, большевиктердің дінге қарсы күрес науқаны кезінде толық қиратылған. Кірпіштері осы маңда 30-жылдардың басында салына бастаған қант зауытының құрылыс нысандарына пайдаланылған. Алайда мәдени мұрамызды қайта жаңғырту аясында кесене 2002 жылы ортағасырлық стильге тән жаңа үлгіде салынып, қайта қалпына келтірілді.
Жалпы тарих беттеріне көз жүгіртіп «Тектұрмас» деген атаудың қайдан шыққанын бағамдап көрсек. Бұл сұраққа филология ғылымының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаев былай деп түсіндірме береді. Тектұрмас атаның әу бастағы қасиет тұтып қойған аты Сұлтан-Махмұт екен. Әулиеата оны бек болып қызмет атқаруға сарайына шақырады. Бірақ ол бек болудан бас тартып, жеке, дара әулиелік жолға түседі. Бектіктен бас тартқандықтан, ел оны Тектұрмас ата деп атап кетеді. Жұрт Тектұрмас атаның мазарын қасиет тұтып, оның басына шырақ жағып, құрбандық берген. Бала көтермеген әйелдер бала сұрап жалбарынатын болған («Егемен Қазақстан», 2002, 27 шілде). Бұл – Тектұрмас жайындағы айтылған аңыздардың бірі.
Тағы бір аңызда Тектұрмас жайлы ол Қарахан тұсында әскербасы, жасауылбасы болып қызмет атқарған. «Ол өз қызметін атқаруға шыққанда, қара жолдың үстіндегі жолаушы, керуен біткен түгел тексеруден өтеді екен. Көңіліне жақпаған жүргіншілерді өз бетінше жазалап, оларға өз бетінше шара қолданыпты. Жолаушы жұртты да, тұрғылықты елді де үнемі тексеріп, халыққа да тыныштық бермей, өзі де тыным алмай жүретіндіктен, көпшілік оны Тектұрмас деп атап кеткен», – деп айтылады («Егемен Қазақстан», 2002, 27 шілде).
Бүгінде қайта бой көтерген кесененің биіктігі – 14,54 метр, ал көлемі – 7,5х7,5 метр. Бастапқыда, негізі бұл жерде шырақшылар үйі бой көтерген. Шырақшылар үйі мен әулие кесененің арасы – 300 метр. Осы екі аралыққа плиталар төселіп, арнайы жол салынып, оның жан-жағы таудың қатпарлы тастарымен қоршалған. Бұл қатпарлы тастар табиғи күйінде орналастырған. Тастарды өру кезінде ешқандай нәрселер қолданылмаған. Талас өзінің бойына қолдан ағаштар отырғызып, арнайы мал сойып, құран оқитын жерлер де дайындалған. Мал соятын жердің айналасына киіз үйлердің порымымен әулиенің басына түнейтіндер үшін түнемеліктерге түсетін жол да жасалынып, баспалдақтардың айналасы тағы да таудың тастарымен өрілген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.