Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз көшелеріне «ақылды» шамдар орнатылуда

0 210

Таусылмайтын тағылымға толы тарихи әрі шағын шаһарымыздың сәнін кіргізіп, сыртқы келбетін көрікті ету мақсатында бүгінгі күні ауқымды шаралар қабылданып жатыр. Мұндай шаралардың бірі ретінде қаланы жарықтандыру аясындағы жобаларды атауға болады.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастамасымен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде «Ақылды көше жарығы» жобасы аясында Тараз қаласының сыртқы жарықтандыру желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып, осы мақсатта жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Қалаға «ақылды» шамдарды орнататын мердігер де анықталып, өз кезегінде аталған серіктестік, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және Жамбыл облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының арасында үшжақты келісімшарт жасалды.

Қаланы жарықтандыру жүйесін жаңғырту қауіпсіздікті қамтамасыз ететіні анық. Сондай-ақ LED жарық шамдарына негізделген жаңа технология электр қуатына жұмсалатын қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сол себепті Тараз көшелері мен аулаларына «ақылды» шамдарды орналастырудың пайдасы ұшан-теңіз.
Сонымен, облыс орталығында барлығы 154 көшеге сыртқы жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, қала бойынша 14 мыңнан астам жарық шамы ауыстырылатын болады. Олардың ішінде басым бөлігі қуаты 120 W құрайтын 4,5 мың LED жарық шамы мен дәл осы қуаттылықтағы 1,7 мың ЖКУ шамы. Сонымен қатар 2 мыңнан астам декоративті жарық шамдары да қаланы жарқырата түспек.

Осы тұста айта кету керек, қала бойынша жарық шамдары жаңғыртылатын электр бағаналарының саны 12479 дананы құраса, оның ішінде темір бетонды – 9437 дана, ағаш бағана – 871 дана, металл бағана 2171 дананы құрап отыр. Алайда қызмет ету мерзімінің ұзақтығымен ерекшеленетін бұл шамдарды орнату бойынша кедергілер де жоқ. Мәселен, қала көшелерін сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстарына жер асты коммуникацияларының орналасуы кедергі алып келуде. Сол сияқты, сонымен қатар жүргізілген инженерлік желілердің орналасуы қолданыстағы нормативті құжаттамаларға сәйкес келмейді, қауіпсіздік қашықтықтары сақталмағандықтан, кей көшелер бойынша жарықтандыру жұмыстары тұралауда. Бұл қаладағы Абай мен Жамбыл даңғылдарына, Әйтиев, Қазыбек би, Әйтеке би, Қонаев көшелеріне қатысты. Қазіргі уақытта мұндай олқылықтың орнын толтырып, қаланың орталық көшелері саналатын осы аумақтардың «ақылды» шамдармен толықтыру бойынша барлық тетіктер қарастырылып жатыр.

Қазір қосалқы мердігер саналатын «Энерджи Тараз» ЖШС-нің қоймасына 6 600 дана шам жеткізіліп, оның 5 925-і құрастырылды және жалпы 2 889 шам қала көшелері мен аулаларына орнатылды. Сонымен қатар 20-25 қыркүйек аралығында 20 сыртқы жарықты басқарушы шкаф пен 5 мың жарықты бақылау құрылғылары жеткізіледі.

Айта кету керек, мұндай құрылғылардың арқасында бағана шамдарының жарығын басқару және оны қашықтықтан реттеу мүмкіндігі беріледі.
Қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары аясында қаладағы «Тастақ» тұрғын алқабының шет аумағында орналасқан Мәмбет батыр көшесінің де жарықтандырылатынын атап өткім келеді. Бұл мақсатта арнайы жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті шаралар қабылдануда.

Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.