Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз қаласының сәулеті мен сымбаты әлі де айшықтала түседі

0 237

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларына кеңінен тоқталуы, оның қаншалықты маңызды екенін айқындай түсетіндей. Жалпы Жолдаудан туындаған міндеттер мен бағдарламаларды басшылыққа ала отырып әкімдіктің негізгі жұмыс жоспары жасалды. Соның бірі – қаланың бас жоспарын жасау. Бұл бағыттағы жұмыстардың қолға алынғанына да біраз жылдың жүзі болды.

Қаланың бас жоспарына сәйкес шаһарымыз күн санап көркейіп, сәулеттік келбеті жаңа түрге еніп келеді. Бүгінгі таңда қаланың тазалығымен ғана шектелмей, көріктендіру мен абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Шаһардағы саябақтар, скверлер және аллеялар қайта жаңғыртудан өткізілуде. Сонымен қатар биыл бірқатар жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысын, атап айтар болсақ, Неке қию сарайын, Конгресс-холл, Оқушылар сарайын, шығармашылық орталығы, жеңіл атлетика манежі, гимнастикалық спорт кешені және «Шахристан» этно-тарихи кешенін соғу жоспарлануда. Сондай-ақ қаладағы «қызыл сызыққа» жаңа нысандардың шығып кетуіне жол бермеу, жарнамалар мен заңсыз сауда орындарын ретке келтіру сияқты басқа да сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Биыл қаладағы саябақтар, скверлер мен аллеялардың келбетін көркейту жұмыстары өзгеше бағыт алып отыр. Атап айтар болсақ, облыс әкімдігінің алдындағы сквер, «Достық» орталық алаңы, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы және қаланың магистралды көшелерінің бойындағы жасыл желектерді ұлттық нақышта отырғызу жұмыстары аяқталып, автоматтандырылған суғару құралдары орнатылды. Бұл жұмыстар бұдан әрі қарай да өз жалғасын табуда. Бұдан бөлек, «Мамыр», «Түрксиб» және Тұңғыш Президент пен Т.Рысқұлов атындағы саябақтарды қайта жаңғырту, «Тараз-Арена» спорт кешенінің қасынан «Даңқты спортшылар» аллеясын, Темір жол вокзалы жанындағы скверді және «Қарасу» алқабындағы «Жас түлектер» аллеясын абаттандыру жоспарлануда.
Қаланың сыртқы келбетін қалыптастыруда айтарлықтай маңызды мәселенің бірі – сыртқы жарнама мен заңсыз сауданы реттеуге аса көңіл бөлінуде. Бұл қаладағы шағын кәсіпкерліктің дамуына, оның көлеңкелі экономикадан шығуы ең алдымен салық түсімдерінің ұлғаюына оң ықпал ететін болады. Өңір басшысы заңды тіркеліп, кәсібін жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге өз бизнестерін дамытуға қолайлы жағдай туғызуды тапсырды. Осыған сәйкес бүгінде қаладағы заңсыз орналасқан және құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен 140-тан аса дүңгіршектер мен павильондар анықталып отыр. Қазіргі таңда олардың 109-ы алынып тасталды. Өзгелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл сауда нүктелерінің орнына типтік коммерциялық дүңгіршектерді «Тараз» ӘКК ҰК АҚ-ы арқылы конкурстық негізде орнату межеленген. Осы бойынша 5 аукцион өткізіліп, 26 жер телімі жеке тұлғаларға берілді. Ал 23 жер телімінің құжаттары дайындалу үстінде. Құжаттары әзірленген соң, ол жер телімдері аукцион арқылы жеке тұлғаларға берілетін болады. Мұнда қатысушыларға қойылатын басты талаптың бірі – сауда нүктелерінің эскиздері бірыңғай сәулеттік стильде болуы тиіс.
«Атшабар» аллеясы «Жастар» аллеясы болып өзгертіліп, онда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары, заманауи субұрқақтар орнатылған. Сондай-ақ аллеяның ортаңғы бөлігінен ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет-кафе бой көтерсе, батыс бөлігінде үлкен LED-экран қойылып, күнделікті концерттер мен кинолар көрсетілуде. Ал Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ» залының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Мұнымен абаттандыру жұмыстары тоқтамақ емес. Ендігі кезекте Төле би даңғылының бойы, Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, ондағы жаяу жүргіншілер жолы, аллеялар мен «Мамыр» саябағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Ал «Көне Тараз» кешенінде биіктігі 35 метрді құрайтын «Сағат» стеласы орнатылмақ. Бұдан бөлек, «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайын, «Ретро-фестиваль» амфитеатрын, көрме павильонын, көркем сурет галереясын, қолөнер шеберханалар орталығын, «Руханият» орталығын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жобалардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік экспертизаның оң қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Оның құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 3 миллиард 76,4 миллион теңге қаржы қарастырылған.
15-ші шағын аудандағы 40 гектарға орналастырылатын мәдени-әкімшілік орталығын абаттандыру, Оқушылар сарайы, жеңіл атлетика манежі, гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары бюджет есебінен, ал Неке қию сарайы мен Салтанат сарайының құрылыстары жеке инвесторлар есебінен жүргізілмек.
Бүгінде шаһардағы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 56,6 мың шаршы метрді құрады. Былтыр 55,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Есепті кезеңде қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 17473 адамға жетіп отыр.
Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта әрқайсысы 80 пәтерден тұратын 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол пәтерлер бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жалдамалы пәтер ретінде таратылатын болады. Бұл көпқабатты тұрғын үйлерді салуға республикалық бюджеттен 2 миллиард 239,6 миллион теңге бөлінген. Аталған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру көзделген.
15-ші шағын ауданда 80 пәтерлі 5 әлеуметтік көпқабатты тұрғын үйдің, несиеге берілетін әрқайсысы 80 пәтерден тұратын 9 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл алқапта жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен әрқайсысында 60 пәтерден тұратын 11 несиелік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоспар бойынша бұл тұрғын үйлердің құрылысы 2019-2020 жылдарға белгіленген. Бұл жұмыстар жүзеге асқан кезде 1380 пәтер өз иесін табады деген сенімдеміз.
Бүгінгі таңда 25 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, ол нысандардың құрылыс жұмыстары 2020-2021 жылдары жүргізілмек. Жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 555 жер телімі белгіленіп, онда жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлер салынатын болады. Бүгінде салынатын 255 үйге 4 мердігер анықталып, келісімшартқа отырды. Қазір 30 үйдің құрылыс жұмыстары басталып, 5 үй пайдалануға берілді. Бір типті үйлердің көлемдері 80 мен 125 шаршы метрдің аралығын құрайды.
Қаланың көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына да өз деңгейінде көңіл бөлінуде. Биыл бұл мақсатқа 1 миллиард 384,2 миллион теңге бөлінген. Екі айлық барысында 47 қураған тал-терек тамырымен, 11086 ағаш бұтақтары кесілді. Көше бойларындағы 11640 тал-терек түптері ақталып, 2004 электр бағаны, 170 гүл сауыты, 396 қоғамдық орындық, 290 қоқыс тастайтын жәшік, 200 мың шаршы метр аялдамалар, 4836 шаршы метр қоршаулар мен ойын құралдары сырланған. Арнайы жүк көліктерімен 5240 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар, 3040 текше метр кездейсоқ күл-қоқыстар шығарылды.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Қант зауыты» тұрғын алқабындағы Жауғаш батыр көшесінде кіші футбол, «Самұрық қазына трафт» корпорациялық қоры «Менің елім» әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы аясында «Аса» мөлтек ауданында кіші футбол алаңшасының құрылыстары жүргізілмек. Бұдан басқа төрт мөлтек ауданда балалар спорт алаңшаларының құрылысы демеушілер есебінен жүргізілуде. 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде «Талас» пен «Қаратау» шағын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында ашылды. Жыл соңына дейін осындай үш заманауи әмбебап спорт алаңшасы демеушілер есебінен ашылады деп жоспарлануда. Біздің басты мақсатымыз – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы жолда еңбек ете жүріп, халықтың сенімін ақтағаннан артық абырой жоқ.
Қайрат ДОСАЕВ,
қала әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.